Жасын ғұмырында жарқын істің жетекшісі болған Темірбек Жүргенов Жалағаштың тумасы. Өнер саласына өлшеусіз үлес қосып, ұлттың ұйысуына ықпал етті. Жала мен жазаның қыл көпірінде де мақсат-мұратынан бас тартпаған өр тұлға. Қысқасы, қайраткердің қайсарлығы қалың қазақты сүйсінткені рас. Елім деген ердің еткен еңбегін тізбектесек те таусылмас. Биыл Темірбек Жүргеновтің туғанына – 125 жыл. Осы ретте қайраткердің кіндік қаны тамған қасиетті мекенде саябақ ашылды. Алаш ардақтысына халық құрметінің шексіз екендігін жолсапарда тағы бір мәрте байқадық.
Саябақтың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы қатысып, ұлы тұлғаны ұрпаққа үлгі ету жолында айтулы шараның өтуіне атсалысқан азаматтарды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
– Темірбек Жүргенов бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Жүрегі елім деп соққан, жазықсыз жаланың құрбаны болып өткен ердің аты өшпейді, жер бетінде қазақ халқы тұрғанда оның ісі жалғаса береді. Мүмкіндікті пайдаланып, Темірбек Жүргенов есімін ұлықтауға өзіндік үлес қосып келе жатқан «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсаттың, Жүргеновтанушы ғалым Бауыржан Иманғалиевтің және басқа да азаматтардың еңбегін атап өткім келеді. Бүгінгі салтанатты жиынға келген қонақтарға қадамдарыңыз құтты болсын дей отырып, салтанатты шараға сәттілік тілеймін, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Жиылған жұрттың аузында Т.Жүргеновтің есімі. Артына өшпес із, мол мұра қалдырған жанның ерлігі мен еңбегін жарыса айтуда. Ауқымды шараның аясы кең. «Тәуелсіздік жалаугері – Жүргенов» атты республикалық мүшәйра да өткізілді. Ақындар айбынды азаматтың бүтін болмысын сүбелі сөзбен безбендеп, жырға қосты. Қазылар алқасының құрамында жазушы, публицист Бейбіт Қойшыбаев, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қаршыға Есімсейітова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуат Ахетов болды.
Темірбек Қараұлының өмір жолын өлеңге түсірген таланттылар тартысында қызылордалық Мақсат Дауылбай, Ұлытау облысынан келген Дәуренбек Бұланбаев, Алматы облысынан келген Нұрлыбек Саматұлы жыр бәйгесінен жүлделі ІІІ орын иеленді. Жалағаш ауданының жас ақыны Жасұлан Серік жүлделі ІІ орынға лайық деп танылды. Павлодар облысынан келген Нарқұлан Райханұлы І орынды еншілесе, Сыр өңірінің азулы ақыны Дүйсенбек Аяшұлына бас жүлде бұйырды. Елена Әбдіхалық Темірбек Жүргенов атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Қатысушыларға арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.
Сонымен қатар қазақ күресінен түйе палуандар арасында турнир өтті. Тартысты белдесу мен қызу бәсекеде Сыр өңірінен бөлек Түркістан, Жамбыл облысы және Шымкент, Тараз қаласынан барлығы 20 спортшы қатысты. Шын жүйріктің жығылмайтыны, мықтының осал болмайтыны белгілі. Белі бүгілмеген палуандар білек күшінің барын дәлелдеді. Нәтижесінде Жамбыл облысынан келген Ерсұлтан Мұзаппаров жүлделі ІІІ орынды қанжығысына байлады. Дүбірлі додада түркістандық Марат Байкамуров ІІ орынға тұрақтаса, Қызылорда облысының намысын қорғаған Еламан Ерғали І орынды иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген палуандарға сыйақы берілді.
Бірлік пен бейбіт өмірдің бастауында тұрған асыл азаматтарды ел ардақтайды. Теперіш көрсе де алған бетінен қайтпаған Темірбек Жүргеновтың есімі әркез халық жадында. Тек танымы терең тұлғаларды ұлықтау ұмыт болмай, рухани шаралар жалғасын таба берсін!
Нәзік АХМЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!