Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан  «Жастар жырлайды» жазба ақындар айтысының алғашқы айналымы қорытындыланды. Қазылар алқасының шешімімен 8 ақын келесі кезеңге жолдама алды. Олар Бексұлтан Орынбасаров, Алтынбек Қыстаубаев, Динар Рахман, Шыңғыс Құдайберген, Серікхан Жүзеев, Айдар Сайлауов, Бақтөре Айтбаев және Айбану Қалиева.  Іріктелген 8 ақын жеребеге сәйкес жұпталып, жартылай финалдың жолдамасы үшін сөз таластырмақ. Сонымен жеребе рәсімі төмендегідей.

Бексұлтан Орынбасаров пен Бақтөре Айтбаев, Айдар Сайлауов пен Серікхан Жүзеев, Динар Рахман мен Алтынбек Қыстаубаев, Шыңғыс Құдайберген мен Айбану Қалиева жұпталды. Ендеше оқырман назарына алғашқы жұп Бексұлтан Орынбасаров пен Бақтөре Айтбаевтың айтысын назарларыңызға ұсынамыз.

"Жастар жырлайды"  жазба ақындар айтысы

Бақтөре Айтбаев:

Самғайтын көңілімде ән құсым бар,

Бәрің де жырға құмар

жанбысыңдар.

Жазба ақындар айтысын жасап

жатқан,

Жасампаз жастарыма алғысым бар.

Ал ендеше көрейін бір көсіліп,

Көтеріліп кетпесе қан қысымдар.

Ассалаумағалейкум баршаңызға,

Айтыс сүйер, ағайын, армысыңдар!

Жайқалдырып өлеңнің гүл көктемін,

Өнердің айдынына шын беттедің.

Айналайын, Бексұлтан, аманбысың?

Бүгін қайрап келдің бе тіл кетпенін?

Әрі жырау, һам бақсы дегендейін,

Оқыған жігіт едің жыр мектебін.

Жарқыраған алтын басты ағаң едім.

Ағаңды үлгі тұтып құрметтегін.

Ағасы бар адамның жағасы бар.

Жан бауырым жағаңды кірлетпегін!

"Жастар жырлайды"  жазба ақындар айтысы

Бексұлтан Орынбасар:

Бұзбайтын жорға болсаң жүрісіңді,

Көрсетші мынау елге дұрыс үлгі.

Ассалаумалейкум Бақтөре ақын!

Қандырар сөз айтайын құрышыңды.

Жарқыраған алтын басты ағаңмын

деп,

Сен осылай шығардың дыбысыңды.

Жылтырақтың барлығы алтын

болмас,

Қолда барда қадірле күмісіңді.

Жырау дейсің біресе бақсы дейсің,

Дұрыстап жеткізбедің жұмысымды.

Бақсы болып қағайын келші бері,

Мекен етіп алған-ау жын ішіңді.

Жағаңды кірлетпе деп ақыл айттың,

Жаға болсаң жөндеші тігісіңді.

Інісі бар адамның тынысы бар,

Бұл Бексұлтан өзіңе іні сынды.

Ініңнің абыройын аласартып,

Тарылтып алып жүрме тынысыңды.

Біссімілла шабыт келсе хақтан

лезде

Сөйлейін қызыл тіл мен жақ бар

кезде.

Өлеңқұмар, әлеумет аманбысың?!

Қолдап отыр ақының шапқан кезде.

Ақмешіттің жастары жазба айтыс

деп,

Жазған еді жаз болып жатқан кезде.

Біраз айтыс кейінге шегерілді,

Қаланы карантинге жапқан кезде.

Міне, бүгін финалы болып жатыр

Сары күз есігімді қаққан кезде.

Айтысуды сағынып жүрген едік,

Хабар келді дәл бүгін чаттан лезде.

Сары алтындай саф өнер қайта

келді,

Сағыныштан сарғайып отқан кезде.

Ау, Бәке, ойланамын сені көріп,

Барады күннен-күнге өңің өңіп.

Ақынмын, ағамын деп мақтанасың,

Көп жерде тіліңменен егін орып.

Отызда орда бұзбай әлі жүрсің,

Бойыңда бойдақтықтың желі болып.

Соқа басың сопайып өтесің бе?

Жапанда жалғыз жортқан бөрі

болып.

Бір сұлудың көңілін таба алмасаң,

Несіне жетісесің сері болып.

Бақтөре Айтбаев:

Қанықпын сенің әрлі өлеңіңе,

Бойлашы айтар сөздің тереңіне.

Бауырымның бірі едің жақын

тартар,

Емші сөз таба білер ел еміне.

Басқа салған тағдырым осы болса,

Жаратқанның көнемін мен ебіне.

Отызда орда бұзбады деп айтады.

Сүйенсек Бексұлтанның дерегіне,

Жасым анық жиырма сегізде еді,

Отызда орда бұзам әне-міне.

Білімге бетбұрысты жасап жүрмін,

Кесте сөзді келтіріп кемеліне.

Пенделер тек әрекет етушілер,

Келін сыйлар күн туар кең еліме.

Құдай өзі жазбаса таразилден.

Сұрап алған бақыттың керегі не?

Өмірде біз шұбырып көппіз көшкен,

Оңтайлы өмір орайын өткізбестен,

Ақын болсаң алдыңа сала айтайын,

Татымсыз тармақтарды көп

тізбестен.

Өмірде үш аяқты бір тұлпар бар.

Барады ешбір жанды жеткізбестен.

Шегендеп дөп жауабын

қайтарарсың.

Отыз екі қатарлы шепті үзбестен.

Бексұлтан Орынбасаров:

Бақтөре адамсыз ғой сіз білімді,

Сөз айтсаң жарар еді ізгі құнды.

Тұлпарда төрт аяқ болмайды ма?

Бірақ та біртүрлі екен сіздің үлгі.

Үш аяқты тұлпар деп жұмбақ еттің,

Ал ендеше табайық біз мұныңды.

Тұлпардың бір аяғы бақыт болар,

Қуанышқа толтырған жүз жылыңды,

Ал екінші аяғы байлық болар,

Келтірген дәміңменен тұздығыңды.

Үшінші аяғы бар атақ деген,

Танытқан шартарапқа сіздігіңді.

Тақымыңнан таймайды осы тұлпар,

Тартып ұста иман деген тізгініңді.

Талабыңа жақпайтын май іштің бе?

Осылай әлсіз жерден майыстым де.

Сұрап алған бақыттың керегі не?

Деп, Бәке, әлі жүрсің ой үстінде.

Ниет етіп алдыға қадам бассаң,

Тәтті күндер басталар той үстінде.

Егеменді еркін ел боламыз деп,

Арыстар атқа қонды айсыз түнде.

Солардың арқасында заман келді,

Бозторғай жұмыртқалар қой үстінде.

Сондықтанда, ағажан, айтатыным,

Деген сөз жарамайды қойшы мүлде.

Әрекетін бастасаң Алла өзі,

Берекетін береді қай істің де.

Мен-дағы інің болсам, сенсің  −

ағам,

Жұмбаққа жауап бердім сен

сұраған.

Мен де саған бір сұрақ қояйыншы,

Өнерден өзіме тән еншіні алам.

Егеменді елімнің көк Туында,

Астарлы суреттер бар, болсын

аман.

Мықты болсаң солардың

мағынасын,

Біртіндеп түсіндіріп берші маған.

Бақтөре Айтбаев:

Көгімде жарқыраған күн күледі,

Соқса да асау дауыл түрлі лебі.

Көк аспанды қара бұлт басса егер

Жер-жаһан үрке қарап дүрлігеді.

Байрақтағы көк түсті негізге алсақ,

Ашықтық, тазалықты білдіреді.

Күн шапағы нұрлы сыр айбынымыз,

Оңынан туа берер ай-күніміз.

Көк аспандай қуатты ағаң барда,

Төл өнерді дамуға сай қылыңыз.

Шуақты күн мызғымас ынтымақтық,

Сарқылмас дәулет пенен

байлығымыз.

Тіршілікке нұр төккен жарық ғалам,

Өлеңменен өрелі із салып барам.

Қырандай биік шыңды бағындырар.

Талабына нұр жауған даңқты адам.

Алтын бүркіт қазақтың өр бейнесі,

Әлемдік өркениетке қалықтаған.

Байрағымыз биіктен құламасын,

Әнұраным шырқалып шарықтаған.

Көк бөрінің ұрпағы біздерміз нық,

Бір-бірін батыр деуден жалықпаған.

Асыл сөзді қастерлеп ардақтайын,

Жеңіл сөзді жолатпай қаңбақтайын.

Тілге тиек еткенбіз төре сөзді,

Түбіріне зер салып барлап жайын.

Таудай талап тізгіндеп, асау

жырмен.

Бақ кетпесін басыңнан

бармақтайын.

Батасын алсаң текті елдің.

Мәйекті сөзді шектер кім?

Болар балаға жол салып,

Белін бусам ба деп келдім.

Тәңірім жазса ханшаммен,

Шаңырақ құрып  көктермін.

Сүйінбайдан қалған мақаммен,

Көмейден жырды төккенмін.

Болашаққа құрдым жоспарды,

Өкінішін айтпай өткеннің.

Дүние деген терең су,

Түбіне оның жеткен кім?

Бір жеңін саған ұстатам,

Сыйластық деген шекпеннің.

Өзіңе айтар сол тілек −

Қазығындай бол өтпелдің

Тектілік ізін жалғашы,

Сұлтандар менен бектердің!

Бексұлтан Орынбасаров:

Ағасы айтпадың-ау әнді күткен,

Жырлағаның жөн еді заңдылықпен.

Баяндап байрақтағы бейнелерді,

Суырылып сөйледің бар білікпен.

Бірақ ою-өрнекті неге айтпадың,

Қазақтың тамырына қан жүгірткен.

Түгел айтып береді Ту жайында,

Сұрасаң біздің елде әр жігіттен.

Сен әлде жасың аздап ұлғайғасын,

Байқаусызда ұмытып қалдырыппең.

Қазақы болмасымды сақтайықшы,

Кеудеден шыққанынша мәңгілік

дем.

Айтуға бір ауыз сөз қолайладым,

Өткенге сәл үңіліп қарайладым.

Қызыл-жасыл түрленген дүниенің,

Біз көрдік қызыл, жасыл, сары

аймағын.

Іргемдегі індеттің ілмегіне,

Ілініп кете барды талай дарын.

Отыз екі қатардан ассадағы,

Олардың айтпай кетем қалай бәрін?

Жақсылық Үшкемпіров атам өтті,

Қазағымның көрсетіп мол айбарын.

Қабдеш пен Есенғали Раушановтар,

Ұрпаққа мұра қылды сан ойларын.

Сырда туған Қаракөз апайым бар,

Сазгер Кеңес Дүйсекеев ағайларым.

Елімнің шын тілеуі Нұртілеу ед(і),

Келтірген қайратты сөз орайларын.

Әбдіғаппар Сманов біртуар жан,

Ұйыған уағызына талайларың.

Ескен желдей Ескендір ағам өтті,

Ән бастасам елжіреп соны

ойладым.

Бәрі де ел сыйлаған адамдар ғой,

Ақ басқан асылдарым самайларын

Осындай тұлғаларға Жаратқаным,

Нәсіп етсін жәннәттің сарай бағын.

Алла деген ағайын аман болып,

Қуаныш нұрға толсын маңайларың.

Бақ-береке жайласын деп тілеймін,

Қасиетті қазақтың әр аймағын

Беліңді келдім дедің буып мұнда,

Сен өзі түніменен тынықтың ба?

Сүйінбай мақамына салам дейсің,

Жазба айтыста отырсың,

ұмыттың ба?

Өзің де аяқтауға беттедің-ау,

Біраз өлең жазыпсың кіріп мұнда.

Ендеше қош аман бол, айналайын,

Көп сөйлеп көркем сөзді

былықтырма.

Көп ұзамай жеңгеме жолыққайсың,

Жалғыз жүріп шықпайды жігіт қырға.

Құдайдан соң жастардың қолында

тұр,

Ертеңі ұрпақтың да, ұлттың да.

Бақтөре Айтбаев:

Айтыс қалай болар деп ойда

жүрдім,

Абыройы биікте аймағымның.

Отыз екі қатарға шақтап жаздым,

Орамын отты сөзбен ойдағымның.

Ойлы ұйқас келтірсем қиыстырып,

Өрнегін сөз қыласың байрағымның.

Қайманамның қадірін білер

жанмын.

Қажеті жоқ дәл бұлай қайрауыңның.

Ақынның елге азық тәтті өлеңі,

Қазақтың арта түссің бақ беделі.

Арда туған ұлдармыз бір атадан,

Өрнек деп төрден тартпа Бақтөрені.

Алла қалап карантин аяқталып.

Тойды ашық жасайтын сәт келеді.

Арнамнан Сыр суындай тасып

барам,

Жай отындай қалай тез жасып

қалам.

Көп жұмыс офлайнға көшкенімен.

Беруде зер салынып “ашық”-қа мән.

Арбаменен қоянды алар деуші еді,

Жандардың бірі менмін асықпаған.

Вакцина мен құтылып бақылаудан.

Уақыт келсін үрейден қашықтаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!