Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан  «Жастар жырлайды» жазба ақындар айтысының ширек финалының екінші жұбында жолыққан аралдық Алтынбек Қыстаубаев пен қызылордалық ақын Динар Рахманның айтысын назарларыңызға ұсынамыз.

Алтынбек Қыстаубаев:

Жаратқан, жаңылтпа деп тіл мен жақты!

Ағаң да арқаланып бірден шапты.

Аман ба, Сыр елінің жарқын жұрты?!

Басына қондырған ел құт пен бақты!

Ой-шұқырың бұрыннан таныс маған,

Ұстаздай, қараңғыда шам ұстаған.

Айдынды Аралыңнан сәлем айттым,

Қасиетті қарт мекен, Қамысқалам!

Ұлдарың рух қонып жыр ұстаған,

Қыздарың қылықты боп ән ұстаған.

Динар інім, хал-қалай, аманбысың?

Ағамен білсең жақсы ол алыспаған.

Өнер өзі ақ көрсетер алдаспанын,

Қаныңа тарт, көрмегін қарға ұшқанын.

Алдыңғы айтыс жұп болып інімменен,

Көрмедік жағамызға жармасқанын.

Ақыл керек қашанда талапты ерге,

Ақын жазса аққу,қаз қонад(ы) көлге.

Жақсының тұқымымен жұп етіпті,

Отырмын жақсылыққа балап мен де.

Сары дала куә көңіл кеңдігіне,

Бабалардың арманы келді, міне,

ОТЫЗ жас “Орда бұзар” шағымызда,

Е, Алла еркіндік бер елдігіме…

Елдігіңді айт, өзгені жаратпассың!

Ақылды ер әр қадамын санап бассын.

Тұлпардан құла туған құлын болсаң,

Ағаңды артына көп қаратпассың…

Динар Рахман:

Кетпесін сөзімізден мән тайғанап,

Ортаға түскен кезде ортайма бақ.

Бұл өзі ұзақ өткен айтыс болды,

Айтып ек азаттыққа жарты ай мадақ.

Өзіңдей думанды елді қайдан табам,

Алты әлемді айналсам алты ай қарап.

Ассалаумағалейкум, ағайындар,

Ақындар алма-кезек ой толғамақ.

30 жыл азаттыққа, міне, биыл,

Ақындар тақырыпқа сай толғамақ.

Ассалаумағалейкум, Алтынбегім,

Өзіңе бұрылайын ал тайғанап.

Жағама жармаспа деп айтып жатсың,

Інінің алаңдатпай болашағын.

Інілік ізетімді білдірсем мен,

Жақсы аға жас буынға жол ашады.

Айтысуға шыққан үлкен ағаларым,

Білмеймін қайтарып ед(і) қолды қашан.

Іні де біртүрлі боп қалады екен,

Аға болып алдымен жол сұрасаң:)

Халықтың көкейінде жатқан шері,

Жыр болып өлеңімдей аққан селі.

Шешімі жеребенің осылай боп,

Алтеке жолықтырдым топтан сені.

Өзіңе дайындықта ақын біткен,

Алтынбек мықты ғой деп мақтаушы еді.

Мен де бірақ қарсылық таныта алам,

Сондықтан салғырт болмай сақтан сері.

Салмаққа келген кезде оңайлықпен,

Құлата алмаймын-ау аттан сені:)

Қара құрт жеген қойдай семіріпсің,

Жеңешеміз не беріп баққан сені:)

Түскенде тұлпарлардың топқа бәрі,

Жарамас жүйріктердің  тоқтағаны.

Қарсылас Алтынбектей  ағам екен,

Өлеңге тұнып тұрған от жанары.

Онлайнда ақынға келеді екен,

Көмекке домбыра емес соткалары.

Мүшәйра емес айтысқа шығып тұрған,

Ағамның белгілі ғой мақтанары.

Тербеліп таразыдай кезектесіп,

Айтыссақ өзімізге сеп болады.

Ватсаппенен айтысқан ақындардың,

Сия-сия болмайды ақ парағы.

Көрейін олай болса кезек беріп,

Бар екен әжептәуір жаттағаны.

Жол беру мен жол ашу не боп жатыр,

Алтекең әрбір сөзді дөп табады.

Алтынбек Қыстаубаев:

Айтыстың болмасам да ақтабаны,

Бар еді бір-екі ақын мақтағаны.

Мен оны әр қазақты жалғызым дер

Бауырлар сыны дер ем, сақтағаны.

Біріккен бармақтай боп бақ табады,

Тұлпарға қарсы тұрған  тапталады.

Сен інім, тайғанама, тұрақты бол!

Деймісің ағамның көп жаттағаны…

Жастар деп сенгенде елдің болашағы,

Елімнің бағымен кім таласады?!

“Азаттыққа жарты ай мадақ айттым деме”

МӘҢГІЛІК мадақ айтсақ жарасады.

Себебі қанмен атаң қорғап қалған,

Жырмен тербеп отырмыз қарашаны.

Тұлпардан құла туған құлын деп ем

Білетін биік пенен аласаны.

“Қара құрт жеген қойдай семіріпсің,”

Дегенің қаралы етті тамашаны.

Тұлпардан құла туған, ала туып.

Заманның болып шықпа “пал ашары” !

Жаппар ием,

Тағы бір келеді ақ таң!

Торайғыров секілді кере батпан,

Жол сұрап жазғаным жоқ, жөндеп оқы,

Ағаң ем сенен бұрын келе жатқан.

Көп екен інім әлі сыналарың,

Жақсы ойыңды деп едім құп аламын.

Жұрт алдында бірақ та ұят болды,

Жеңгеңнің не бергенін сұрағаның.

Білмеппін заман бұлай құбыларын,

Бұзбай жүр ғой шіркіндер тұнық әнін.

Сәл семірсе қойға теңеп шыға келер,

Жеңгең білмей қалған ғой іні барын…

Көз жасындай ардақты аналардың,

Тар жолда,тайғақ кешіп жараландың,

Отыз жыл егемен ел, еңсең түзу!

Арманы болған сонау, БАБАЛАРДЫҢ.

Азаттық қарызсың сен көз жасына,

Жесірдің, жетім қалған балалардың.

Төрт ұлын соғыс жалмап қанға бөккен,

Қарғысына қайран біздің аналардың.

Ал, інім кезегіңді мен берейін,

Ойлы сөз айт, өрімді төкпеле де.

Жараланып қаласың жалтақтасаң

Қиып түссем қылыштай өкпелеме.

Динар Рахман:

Дәл қазір тарқатқандай уайымымды,

Кешкейсің болса егер айыбымды.

Өзіңдей ағаларым аман болсын,

Ініге көрсететін лайық үлгі.

Табан асты ортада өлең өрдім,

Өлеңмен жанды жазға бөлегенмін.

Бала кезден жақсыдан тәлім алдым,

Қазақтай ұлы болып көрегеннің.

Мен де аға артық кетсем айып етпе,

Шартына адал болсам төл өнердің.

Сұм соғыс ұмытпайды атыңды әркім

Талай боздақ талай қыршын атылған күн

Қазақ үшін қан кешкен талайлардың

Есімі еске түссе лапылдармын

Хақың жоқ ерліктерін ұмытуға

Кешегі Бауыржан мен Рахымжанның.

Ұлт жолында атылып бәрі кетті.

Әлихан Міржақыптай ақындардың.

Шәймерденов, Шахановтар шындықты

айтып.

Москваның төріне жақын бардың.

Ахмет, Мағжандарым ел жолында

Көзін ашты қанша оқырманның.

Желтоқсанда Әзірбайжан Мәмбетовтер

Көшті бастап Кольбиннен ақыңды алдың

91-де дәл осы желтоқсанда

Тәуелсіз Қазақ деген атыңды алдың

Өткенін ұмытпауға тиістіміз,

Жүрегі ел жұртына жақындардың.

Желтоқсан айы келсе қазір жастар

Деп қуанад(ы) жаңа жыл жақын қалдың.

Сайқымазақ мейрамына асығады,

Кеше күн көрсетпеген пақырлардың.

Орталық алаңдарға шырша құрып,

Қисынсыз қарекетке батыл бардың.

Атылған арыстарың емес қазір,

Қызық боп тұр салюттер атылған күн.

Елдігін ұлықтайық қазағымның,

Ермегіне ермейік шоқынғанның.

Ерлігін ұмытпайық егемен қып,

Бодандықтан босатқан батырлардың.

Төкпелеп сөз сөйлейін төгіліп мен,

Мұндайда сөйлемейін не қылып мен.

Кімменен жұп қылады  деп жүргенде,

Алтеке жоқ едім ғой сені күткен.

Шығайын деп отыр ем “Еңлікпен”

Жұп қылып қойыпсыңдар географпен.

Географ ағам әрі  ақын екен,

Інісінен не күтіп отыр екен.

Географтың жұмысы карта деуші ед,

Бұл ағам қай картаға жақын екен.

Жұмбағымның жауабы жолыңда тұр,

Жер тоғыздық картаңыз қолыңда тұр.

Жер көлемі жағынан Қазақстан,

Айтыңызшы нешінші орында тұр.

Алтынбек Қыстаубаев:

Дәл бүгін Көкенов пен Шахановтың,

Ұлдары “иесіне” қайтқан екен.

Қазалы ерлерді естіп ой құбылып,

Ағалар көңілқосын айтқан екен.

Бес күн жалған өмірде айтыс-тартыс

Ағаға артық сөзді айтпа, көкем!

Берік ағам айтатын арда ұлдардың,

“Жақсы сөз жандарын тек байытқан

екен”

Қазақтан ізеттікті көрген елдер,

Ауыздарын ашумен қайтқан екен.

Міне, біз сондай елдің ұрпағымыз,

Қаласаң, ал өзің біл бұлтарыңыз.

Кешегі ерлер қорғап кеткен жердің

Бүгінде ұлтаны біз, сұлтаны біз. 

Тауды, тасты, шөл, дала ала түкті

Жаратқан, алты-ақ күнде жаратыпты.

Табиғи заңдылықты есептеуді.

Ақын мен географқа санатыпты.

Ақын айтты:

сезімнің үндесуін.

Махаббаттың, тірлікте күн кешуін.

Құстардың бақта қалай сайрағанын,

Жанының құспен қалай тілдесуін.

Географ айтты:

Алты құрлық сыры көп ғалам екен,

Төрт мұхит, теңіз көлге тамады екен,

Арбалған сұлулыққа әлем осы,

Бақытын әр нәрседен табады екен.

Ақынша шамырқанып шыңға өрлейсің,

Географ таңғажайып маман екен.

Жұлдызға да сырыңды айта аласың,

Қаласаң Айыңды да алаң етем,

Себебі, Амстроног деген пенде,

Айға алғаш аяқ басқан адам екен,

Әлемді есуас боп кешер едім,

Географ, ақын болған жаман екен.

Бір-ақ карта менің тек ойнайтыным.

Шетінен іздеп табар тақырыпты

Тоғыздыққа дәл тиіп жер көлемі,

Жер тоғыз осылайша қатырыпты.

Бір карта адасқанға жол көрсетіп, (географиялық)

Бір карта құрдымға ерді батырыпты.

Өзің ойлан, ал, інім, ұстаз үшін,

Діни жолда қайсысың хақы мықты.

Талайдан азамат ең, сый көргенім,

План сызып, жоспарын үйге ілгенім.

Физикалық, саяси деген карта

Бар шығар есіңізде үйренгенің…

Іні сыйлап, ағаға тамаша қып,

Бұл айтыс жасап жатыр жаңашалық.

“Ақмешіт жастарының” ұжымына,

Тілеймін бар жақсылық, жаңа шабыт.

Динар Рахман:

Ортақтасып жүретін қызығына,

Жақсылыққа салынған ізі мына.

Мың алғыс айтыс жасап бір қуантқан

“Ақмешіт жастары” ұжымына.

Санай берсең шығады әркімде мін,

Дәл осы аласармас қалпың дедім.

Алтынбектей ағаммен айтыстым ғой,

Ендеше сол уақытты алтын дедім.

Айып етпе, ағажан, өкпелеме,

Әзілімді түсінбесең бәлкім менің.

Амандықта жолыққанша, Алтын аға,

Сайлансаң көп сайыста сан түрлі

едің.

Ағайын осыменен қош аман бол,

Бұл айтыс азаттыққа тарту дедім.

Аты жаман індеттен Құдай сақтап,

Аман-есен болса екен халқым менің.

Алтынбек Қыстаубаев:

Құлагердей шабар деп ойлап едім,

Емес ем бірақ сенің “Батырашың”

Әзіліңді түсіндім, еш өкпем жоқ,

Ағаңа да болсын жылы қатынасың.

 Айтыстың бір шарты бар және тағы

Жұмбақ етіп арыстардан жасырасың.

Қарсыласың айтқаныңды тауып жатса,

Мерейін үстем етіп асырасың

Таппаса да, жаңылмас жақ жоқ қой деп.

Қалайша берекесін қашырасың.

“Қаладан келген қызы” бір заманда,

“Қызығына” айналды ескі әулеттің.

Нәзігім деп жарына жыр жазса да,

Досы болған Ұлықбек Есдәулеттің.

Көңілін бағып сөйлер жақынының,

Қазақтың қара өлеңде батыры кім?

Баласы режиссер елге мәлім,

Аралдың Алаш таныр ақыны кім?

Ашық болсын әрқашан аспанымыз

Мешіттей таза болсын басқанымыз

Арыстандай айбатты,елін сүйген.

Мағжан сенген қазақтың жастары біз.

Алты қырдан аспандап әрі асыңыз.

Мұқаңа,болмайды әсте таласыңыз

Мақатаев айтқандай ақындар біз,

“Барлық ақын бір ананың баласымыз!”

Динар Рахман:

Ауылынан шыққанда Жалағаштың,

Келе салып қадамды дара бастым.

Жұмбағыңа жауапты мен айтайын,

Шешімін тапқанды қаламас кім?

Баласы режиссер елге мәлім,

Оны әрине бақытқа баламас кім?

Тек қана Аралдікі емес бірақ,

Ол деген Жарасханы бар Алаштың.

Алтеке сөздеріңді сұрыптадың,

Дұрыс қой ұлыларды ұлықтауың,

Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ болмас,

Адам деген тумайды біліп бәрін.

Бір жұмбақ қойып едім мен алдында,

Дәл солай қарқынымды суытпадым.

Мықты болсаң, бауырым, өзің айтшы,

Айтысуда Жамбылды кім ұтқанын?

Алтынбек Қыстаубаев:

Бірде жаз, бірде тағдыр өктем екен,

Жамбылдан да түрлі сын өткен екен.

Құлмамбетпен болатын айтысында,

Бар жайды естіп отқан Құдайберген.

Ортадағы жүлдені қолына алып,

“Жамбыл жеңді” дей салып кеткен екен.

Болысқа қол созуға кеш болады,

Рулық айтыс-тартыс сес болады.

С.Бегалин жөн сұрай барғанында

Жамбыл көкем қынжылып  еске алады.

Ақиқат өтіріктен өктем шығар,

Оңалмайды ішінен кеткен Шынар.

“Ақымақтан мен күнде жеңілем” деп

Абайдай, Жамбыл да айтып кеткен

шығар.

Күндерден өзің көрген бек түсіппіз,

Жырменен барлық жәйтті жеткізіппіз.

“Бес күн жалған ғұмырдың” қарашы

өзің,

Бір күнін айтысумен өткізіппіз.

Динар Рахман:

Мекендеп тұрмасақ та жыр алаңын,

Дәл бүгін еселенді сірә бағым.

Өйткені Алтынбектей аға таптым,

Алдымнан табылыпты сұрағаным.

Айтысып,тартыссақ та еш өкпем жоқ,

Жақсы айтыс жасағанға қуанамын.

Көрермен қошеметін үйіп төгіп,

Айтыста айтқан сөзің хит болып,

Жүре бер Бас жүлдені иемденіп,

Абыройың бойыңнан биік болып.

Алтынбек Қыстаубаев:

Ай жүрсең де, аман жүр Динар інім!

Жанына жақсыларды жиған інім.

Атағың Алатаудай биік болып,

Сол таудың өзің қалап жина

“Гүлін”.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!