Адамның бет-бейнесін көрген бойда жазбай танитын бағдарламаны ойлап тапқан Айбек Қалданұлы қазір №144 орта мектепте IT саласы бойынша қызмет етеді. Оқушыларға жаңа сала бойынша білім беріп жүрген кейіпкеріміз қоғамға қажетті тың идеялардың да авторы. Техника тілін жетік білген маман жуырда мектептің веб-сайтын жаңа нұсқада өзгертіпті.
Қазір адамның бет-бейнесін тани алатын роботтар қолданысқа енгізілуде. Ал Айбектің жаңа бағдарламасы құлтемір емес, бірақ кез келген жүйеге орнатуға болады. Айталық, белгілі бір мекемедегі бейнебақылау жүйесіне осы бағдарлама орнатылса, жұмысқа келген қызметкерді бөгде адамнан бірден ажырата алады және ішке кіру-кірмеуіне рұқсат береді. Бағдарлама opencv кітапханасын пайдалана отырып, python тілінде жазылған. Адам бейнесі нейрондық жүйе арқылы компьютерге орналасқан соң бағдарлама еш қиындықсыз жұмыс істейді.
‒ ІТ жаңалықтары өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Қазір қандай да бір технология жарыққа шықса, осы саланың жетістігі деп есептеуге болады. Әдетте ІТ жобалар адамдардың өмірін жеңілдетіп, қызмет бабын жақсартуға айтарлықтай әсер етеді. Содан болар күнделікті пайдаланып жүрген бағдарлама немесе техникалардың құрылымы мені ерекше қызықтырды. Сол үшін осы бағытты таңдап, зерттей бастадым, соңында бұл салаға қалай кіргенімді де білмей қалдым. Менің ойымша IT саласын меңгеру үшін логикалық ойлау қабілеті болса жеткілікті, қалғаны еңбек пен ізденісті қажет етеді. Осы орайда маған бағыт-бағдар берген экономика ғылымдарының кандидаты, “Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” кафедрасының аға оқытушысы Нұрлан Серікұлына айтар алғысым шексіз, ‒ дейді А.Оразбақов.
Бүгінде жас маман балаларды оқытудың жаңа үлгісі ретінде ойындар мен тапсырмалар біріктірілген білім беру бағдарламасын жасауды қолға алды. Айбектің айтуынша, бағдарламада белгілі бір сюжет құрастырылады және сол арқылы оқушылар тапсырма орындайды. Түрлі қиындықта берілген тапсырманы соңына дейін үздік орындаған оқушыға арнайы сертификат беріледі. Бір қызығы, бағдарламаны жасауға №144 орта мектеп мұғалімдері түгел атсалысып жатыр екен.
‒ Мектепте IT саласын оқытуға қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Бастысы, интернет қолжетімді. Оқушылардың да бұл салаға қызығушылығы жоғары. Ал оқу бөлімінде IT тек информатика сабағында ғана емес, барлық пәнмен сабақтаса өтілуде. Қарап отырсаңыз, денсаулық саласы, білім немесе басқару ісі болсын, барлығына IT саласының қатысы бар. Алдағы уақыттта осы саланың дамуына үлес қосып, шәкірттер тәрбиелегім келеді, ‒ дейді жас маман.
Осы уақытқа дейін «StartupBolashak: менің арманым» стартап-жобалар ұлттық байқауында ерекше көзге түсіп, ақпараттық технологиялар бағытында ұйымдастырылған “JASTAR & IT” байқауының “Web сайт” секциясының жеңімпазы атанған Айбек аймақтың тарихи орындарына арналған аудио-гид мобильді қосымшасын құрастырды.
‒ Мобильді қосымша кәсіпкерлік және туризм басқармасының тапсырысы бойынша жасалды. Ең алдымен өңірдегі тарихи ескерткіштер жайлы нұсқаулық дайындалды, оған қажетті ақпаратты жоба авторларының бірі Ағжан Кәрібозова жинақтады. Ал мен сол мәліметтер көмегімен үш тілде аудионұсқасын даярлап, мобильді қосымшаны жасап шықтым, ‒ дейді ІТ маманы.
Жаңа білімді тәжірибемен ұштастырған Айбек қоғамдық шаралардан да тыс қалған емес. Айталық, «Smart Qyzylorda» бағдарламасы аясында жеңімпаз болған кейіпкеріміз «Help today» қайырымдылық ұйымының www.help-today.kz сайтын тегін құрастырып, «Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы білім беру үдерісін жаңарту» облыстық әдістемелік семинарында дарынды балалармен жұмыс дайындағаны үшін көптің алғысына кенелді.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!