22 шілде 2023 ж. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Қазақстандағы туризм, медиа, PR, синтетикалық медиа тақырыбында І Халықаралық медиа және туризм форумы басталды. Шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Солтүстік Кипр Түркия республикасы, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден 200-ден астам адам қатысып жатыр. Форумның мақсаты — медиа және туризм саласындағы жаңа үдерістерді ескере отырып, тәжірибе алмасу, ақпарат алмасу кеңістігін кеңейту, өзара тиімді ортақ жобаларды жүзеге асыру, Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, журналистер арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысты нығайту.Форумның ашылу салтанатында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев алып, туризмді дамытуда БАҚ-ның маңызы зор екенінайтты: “Екі күн өңірімізге деген назар ерекше болып тұр. Қонаев қаласында қос бірдей халықаралық деңгейдегі шара – Медиа және туризмнің халықаралық форумы және әуе шарларының фестивалі өтіп жатыр. Әлемнің 15-ке жуық мемлекетінің және еліміздің көптеген өңірлерінің БАҚ-ның өкілдері қатысып отырған медиа форумның маңызы зор. Бұл ірі екі шара өңіріміз туралы ақпараттық кеңістікте оң пікір қалыптастырады деген сенімдеміз. Себебі, Алматы облысы үшін туризмді дамыту – бұл маңызды экономикалық фактор”, — деді өңір басшысы.Облыс әкімінің сөзінше, туризм индустриясы БАҚ-мен, ал қазіргі заманда жаңа медиалар – әлеуметтік желілермен тығыз байланысты.“Желіге туристік нысан туралы көп ақпарат тараса, сонша көп адам көріп, туристік орындарға келеді деген сөз. Сондықтан да туризмді дамытуға сеп болатын медиа құралдарды дамыту маңызды”, — деді Марат Сұлтанғазиев.Сонымен қатар ол туризмдегі инфрақұрылым, қызмет сапасын көтеру сынды мәселелерге де тоқталып өтті. Бұл мәселелерді шешу бағытында Үкіметтің қолдауы да жоқ емес.“Алматы облысында кәсіпкерлер туристік нысандарды салса, шығындарының 10%-ын, жол бойындағы сервистік нысандарды салса 10%-ын, туристік автобустар алса 25%-ын қайтару механизмі қарастырылған. Аталған және басқа да көптеген мәселелерді шешу қазіргі күні әзірленіп жатқан өңірімізде туризмді дамытудың Мастер-жоспарының аясында қарастырылмақ. Бүгінгі шара жемісті болсын”, — деді облыс әкімі.Халықаралық медиа форумның ашылу салтанатына арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі форум қатысушыларын құттықтады.«Баршаңызды Жетісу жерінде Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырып отырған форумның ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысы екіге бөлініп, жаңа облыс орталығы Қапшағай қаласына Д.Қонаевтың есімін беру — тарихи әділеттілік болды. Облысқа алғаш рет келіп отырғандықтан, өңір басшылығын осы тарихи шешіммен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, ел арасында «тарих Шумерден басталады» — деген сөз бар, ал біздің тарихымыз Іле өзенінен басталады. Тіпті, көне түрік күнтізбелік мүшел жыл санауы Іле өзенімен байланысты. Қонаев құрылғалы бері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Облыс әкімі айтып кеткендей, туризмді дамыту үшін БАҚ-ның ақпараттық насихаты маңызы ерекше. Бүгінгі медиа мен туризмді бір жерге тоғыстырған форум Алматы облысының туризмі дамуына септігін тигізеді», — деді министр.Шараның ұйымдастырушысы, Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы әлемдік туризмнің пандемиядан кейін дамығанын тілге тиек етіп, былтырғы кіріс 1 трлн АҚШ долларға жеткенін атап өтті.«Алматы облысы – қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, тарихы, салт-дәстүрінің ең басты даму мекені. Сол себепті форум биыл осы жерде ұйымдастырылып отыр. Тамызда Анталиядан журналистер келіп, өңір басшысының қолдауымен бұл жерде тағы да ауқымды шара өтеді. Онда туризмді дамыту, инвестиция тарту секілді мәселелер қарастырылатын болады. Шетелге шығу жақсы,бірақ, Қазақстанның да көрікті жерлері көп, соларды әлеуметтік желіде насихаттап, ішкі туризмді дамытуға шақырамын», — деді қор президенті.Бұдан кейін журналистер өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, министрмен, облыс әкімімен пікір алмасты.Медиа форумның бірінші отырысы “Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндігі” тақырыбында өтіп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!