Жақсы сценарий – жарты кино. Бір ғана диалог немесе оқиғаның шешімі арқылы адамды басқа әлемге әкетіп, санасын селт еткізетін картиналарда сценаристің ұйқысыз түндері, үздіксіз ізденісі мен көпке елеусіз еңбегі жатыр. Қазақ көрерменіне тың тақырыптарды әкелген сценарист, редактор, продюсер Перизат Мырзахметпен сценаристика, кино жайлы сұқбаттасқан едік.

– Кино әлеміне, сценаристикаға қашан келдіңіз? Осы саладағы өз тарихыңызбен бөліссеңіз…

– Жалпы телевизия саласына 2010 жылы келдім. Онда 8 жыл бойы телешоулар түсіріп, республикалық, халықаралық деңгейдегі шоу бағдарламаларын дайындайтынбыз. Бірақ сол кезде сериал не үлкен көлемдегі дүниелерді түсіргім келетін еді. Тіпті, компания идеямды құптап, «Тергеушілер» деген сериал түсірдік. Алайда бұл басшылыққа ұнамады. Бұдан гөрі шоу түсірген қызығырақ екенін айтты. Сонымен 2018 жылы бұл жұмыстан кеттім.

Фрилансер болып жүргенімде «Оралман из Питера» деген фильмнің атқарушы продюсері болып жұмыс істедім. Сол кезде маған кино әлемі қызық, ауқымды әрі мазмұнды көрінді. 2019 жылы мені «Salem social» компаниясы продюсер ретінде жұмысқа шақырды. Алғашқыда бағдарлама түсіріп жүрдік те, қайтадан бұрынғы жұмысқа келдім бе деп көңілім толмай жүргені рас. Аз уақыттан соң веб-сериалдар түсіретін болдық. Сол сәтте қатты қуандым. Осылайша нағыз өзім қалаған, жаным сүйетін әлем 2019 жылдан басталды.

– «Salem social» арқылы қазақ киносы түрлі жанрда эксперимент жасап көруде. Бізде неге детектив, драма, боевик пен шытырман оқиғалы фильмдер жоқ немесе аз?

– Иә, біздің компания барлық бағытта тәжірибе жасап көріп жатыр. Қуанышқа орай кино ұсынатын аудиторияны, нарықты зерттеудің арқасында барлық эксперимент жақсы нәтиже көрсетуде. Мысалы, бізде фантастика жанры жоқ. Неге десеңіз, біріншіден, қазақ аудиториясы әлі қазақ тіліндегі фантастиканы қабылдай алмайды. Екіншіден, ол үлкен қаржыны қажет етеді. Ал басқа жанрлар қамтылып жүр. Әрине, олардың сапасына сұрақ қоюға болады. Дегенмен шорт кесіп, бізде мына жанр жоқ деп қара аспанды төндіру қате. Нарық енді дамып жатқандықтан болашақта барлық жанрда фильм түсіріледі.

Өкінішке қарай «Қазақфильм» сияқты тарихи киностудиямыз болғанмен қанша жыл бойы жан-жағымызға жалтақтап келдік. Ал қазір кино саласында еркіндік бар, өзімізге өзіміз жұмыс істейміз. Әрі шетелдерде біздің кинодағы жетістіктерімізді мойындауда. Демек, болашағымыз әлі алда.

– Хичкоктың бір сөзі бар еді ғой. «Ұлы фильм түсіру үшін үш-ақ нәрсе қажет: сценарий, сценарий және сценарий». Сіздіңше жақсы кино тудыру үшін не керек?

– Жақсы фильмге нақты мыналар ғана керек деп айту қателік. Ол үй сияқты, үйдің тек кірпіші, іргетасы немесе шатыры ғана маңызды дей алмаймыз. Жақсы оқиға болмаса, жақсы сценарий болмайды. Жақсы актер болмаса, жақсы режиссердің қолынан түк те келмейді.

–«Жайна +» сериалын рахаттанып көрдім. Тақырыптық жағынан біздің қоғамда туғаннан бастап санаға сіңіретін «қыз мұраты – кету» деген ұстанымның жай ғана стереотип екенін дәлелдеп, әсіресе, үлкен буынның санасын сілкіп тастайтындай-ақ дүние. Сонымен қыз мұраты қайда кету?

Қазақ киносының жаназасын шыға­ру­дың қа­жеті жоқ

– «Жайна +» аз аудиторияны қамтыды. Өйткені уақыт тығыздығы болды: бір айда шешім қабылданып, бір айда сценарий жазылып, 8 күннің ішінде түсіріліп, аз уақытта монтаждалып бітті. Сондықтан аз-кем олқылықтың бары рас. Дегенмен айтар ойын көрсетті, аша алды. Меніңше, қыз мұраты – ешқайда кету емес, өзін, өзінің мақсатын табу. Қыз көрінгеннің жетегінде кете беретін басында ноқтасы бар бұзау емес. Бірақ біздің қоғамда әйел адамға жалғыз жүру қиын деген стереотип бар. Дегенмен сериал арқылы қазіргі қазақ қызына «ең бастысы өзіңді таңда» деген ой сала алдық.

– Сіз үшін топ-3 фильм және сценарист-режиссер?

– Топ-3 деп тізгім келмейді. Себебі критерийге қарай керемет туындылар көп. Үздік деп қайталап көрген фильмдерімді айтсам болатын шығар. «Малышка на миллион» деген фильмді бірнеше рет көрдім. «Мулен руж» – мен үшін махаббат туралы әдемі туынды. «Список Шиндлера» фильмі де әлемді қабылдауды өзгертетін кино секілді. Ал режиссерлардан стилі жағынан қатты ұнайтыны – Квентин Тарантино. Ешкімге, ештеңеге қарамай, цензура деп жалтақтамай түсірген фильмдері ерекше. Кристофер Ноланның фильмдері де ұнайды.

– Қазақ киносы той мен ауыл тақырыбынан әрі аса алмай жүр. Бұл режиссер өресінің тарлығы ма әлде көрермен сұранысы ма?

– Өкінішке қарай көрерменнің сұранысы сондай. Әйтпесе, шетелге фестивальға шығып жүрген, айтары бар, көпке мойындалған фильмдер жеткілікті. Бірақ оларға өзіміздің қазақтың сұранысы жоқ. Бәрі кинотеатрда ұсынылған киноларды ғана көреді.

Біржағынан фестивальден жүлделі болып жүрген режиссерлар өз туындысын ұсынып, насихаттамайды. Жүлдемен оралған соң, олар туралы екі-үш жерде жазады. Әрі қарай өздері жарнамалап, ұсынуға әрекет етпейді. Фильмге обал. Оны халыққа көрсету керек. Сондықтан бұл мәселеде екі жақтан да қателік бар.

Қазақ киносының жаназасын шыға­ру­дың қа­жеті жоқ

– Ким Ки Дук, Вонг Кар Вай, Раджкумар Хиранидің фильм­дері ерек­ше әсер сыйлай­ды. Неге біз осы «Көктем, жаз, күз, қыс және тағы да көктем», «Пикей», «Любовное настроение» сынды кино түсіре алмаймыз?

– Сіз айтып отырған режиссерлар бұл фильмдерді неше жасында түсіргенін ескеру керек. Бізде ондай режиссерлар жоқ, енді қалыптасып келеді. Себебі фильм түсіру өмірді көрген, шекері мен тұзын татқан адамның ғана қолынан келеді. Жастық шақта ондай терең, сұлу фильмдерді түсіру – өте сирек кездесетін құбылыс. Әрине, әлі уақыт көрсе­теді. Қазақ киносының жаназасын шыға­ру­дың қа­жеті жоқ.

– Жиырма бірінші ғасырдың қазағы ретінде қандай мәселе толғантып жүр? Кинода қандай тақырыптарды қозғап жүрсіз?

– Гуманист ретінде адам құқығын бірінші орынға қоямын. Адамның өмірімен ойнауға болмайды. Ол әйел ме, бала ма, ер азамат па, кезбе ме, депутат па бәрібір, кез келген адамның өмір сүруге, өз ойын айтуға құқығы бар. Бақыты үшін күресуге құқылы. Өзім жазған сценарийлерде соны айтқым келеді. Барлығын бір таптаурынға салып тастап, осылай ғана өмір сүру керек деген ойды жойғым келеді. Мен жалғыз емеспін. Таптаурындардан таяқ жеген адамдардың әрқайсысы сонымен күрескісі келеді. Мені осы мәселе толғандырады.

– Біраз уақыттан бері «ойжеткен» деген хэштегпен кітап оқу байқауын ұйымдастырып жүрсіз. Тіпті, жеңген адамға ақшалай жүлде беруді қолға алдыңыз. Бұл идея қайдан туды?

– Бұл 5-6 жылдан бері ойымда жүрген дүние еді. Біраз уақыт бұрын неге кітап оқу байқауын ұйымдастырмасқа деген ой келді. Орыс клубтарына қарап, қатты таңғалушы едім. Олар өзара клуб құрып, буктрейлер жасайды, әртүрлі кітап оқу жарыстарын өткізеді. Қашан біз осындай дүние жасаймыз? Қашан өзіміздің туындыларды насихаттай аламыз? Санамда осы сұрақтар туындайтын.

Өйткені біздің жастар кітап оқығанмен, барлығы қазақ әдебиетінің шығармалары емес. Әлеуметтік желіден көргенім де, қолына ұстағандары да – шетелдік авторлар. Қазақ ешқашан кітап жазбағандай, әдебиет болмағандай әсер қалдырады. Бізде қазақша туындылар жайлы тек үлкен ғалымдар ғана пікір айта алатындай. Мысалы,ешкімге Мұхтар Әуезовтың романына сын айтуға болмайтын сияқты. Оған ешкімнің рецензия жазуға құқығы жоқтай көрінеді. Сонымен қазақ оқырманын қазақша кітаптармен табыстырудың әдісі осы болды. Шынымды айтсам, аяқ астынан басталып кетті. Біртіндеп шарттарын ретке келтірдім. Қазір тұрақты түрде өткізіп жүрмін.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет, Перизат!

Әңгімелескен

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!