Дәстүрден танбай, қолөнердің қадірін арттырып, оны заманауи технология тілімен үндестіргендер аз емес. Ұлттық брендті қалыптастыру жолында аянбай тер төгіп жүргендердің қатарында елге танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынза да табылады. Осы санда ата-бабадан қалған асыл мұраны сақтап қалу, ұлттық дүниеге көзқарас, ізбасар тәрбиелеу жөнінде қолөнершінің пікірін қамтыған едік.

Ине мен жiптi серiк еткен кейiпкерiмiз қөлөнерге бала кезден құштар. Анасының тiгiн машинасын ерте иемденіпті. Осылайша ескi сандықты сәндеп, құрақ көрпе тiгуге әуестенген. Этнодизайнер әуелде басқа кәсіппен айналысқанмен, соныңда ісмерлік өнерге деген ынтасы мен ықыласы ақыры жеңгенін айтады. Негізгі мамандығы – биология пәнінің мұғалімі болса да, оны тастап, «Алтын орда» авторлық дизайн үйін құрған. Алғашқы топтамасы алты құрақ көрпе мен жастықтан ғана тұрған екен. Ал қазір Ырза Тұрсынзада бастаған шеберлер тобы толықтай қазақы нақышта үй сәндеп, қыз жасауын, кестелі ұлттық киімдер тігумен айналысады. Өз iсiне аса ыждаһаттықпен қарайтын дизайнер әр бұйымды тiгерден бұрын оның тарихына ерекше мән береді.

«Әу баста ісмерлікті еріккеннің ермегі деп санағандар болғаны рас. Олар бұл кәсіптің пайда әкелетініне де күмәнмен қарады. Бірақ қолөнер – мен үшін табыс табудың көзі емес, көңіл қалауым, ұлттық дүниелерге деген құштарлығым. Сондықтан болар, бұл кәсіпке көп күш пен қаржы салдым. Уақыт өте халықтың ұлттық бұйымға деген қызығушылығы бас қаламызда осы кәсiптi жандандыруға себеп болды. Ермек қылып жасаған алғашқы затым – алтын көрпелер. Сондықтан мекеме аты да осымен байланыстырылды. Бүгінде «Deluxe» санатындағы көз жауын алатын дүниелерге сұраныс жоғары. «Шалқардағы суреттер» атты вернисаж көрпе, «Оюлы әуендер» деген көрпелер топтамасы, «Жібектің жасауы», «Баянның жасауы» деп аталатын туындылар да көптің игілігіне жарауда. Сонымен қатар тапсырыс алғаннан кейін сол отбасының тарихын зерттейтінім бар. Ұлттық бұйымдар тек әдемі ғана болмауы тиіс, отбасының тарихынан сыр шерткені дұрыс. Оның түп негізі, тарихи тамыры сақталу қажет. Сондықтан арнайы қалаларға, мұражайларға барамын», – дейді шебер.

Қолөнершіден өз ісіне қандай отандық тауарларды қолданатынын да сұрадық. Жастықтардың iшiне салатын мамық көбіне  Қарағанды зауытынан, ал киiздер Талғар зауытынан тапсырыспен алынатын көрінеді. Әсем дүниелердің бағасы нарық талабымен байланыстырылған. Эконом, бизнес және элит кластағы бұйымдар болып бөлінеді. Бағасы 55 мың теңгеден басталады. Ең қымбат көрпенің бағасы – 2000 АҚШ доллары. Қолөнер шеберінің айтуынша, бұл тек көрпе матасының емес, оған жұмсалған қаншама күндік көз майы және соңғы технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып тіккен тігістің құны. Дизайнер брендтің құнын түсіруге болмайтынын алға тартады. Қазақ бренді де әлемге танылған  «Kenzo», «Gucci», «VL» төсек-жаймаларынан кем емес деген пікірде. Сондай-ақ Ырза ханым қолөнерге қанықсам деушілерге бар білгенін үйретуге даяр. Қазір оның Инстаграм желісіндегі парақшасында 2 млн оқырман бар. Ал «Yrza Tursynzada live» Youtube арнасында 30 мыңнан астам жазылушы тіркелген және осы арнада әлемнің 70 елінен қыз-келіншектер шеберлік сабақтарын тамашалайды.

«Жоғары эксклюзивті туындылар жасау үшін дайындығы жоғары шебер қашанда қажет. Бұл мәселе бойынша қиындықтарға тап келген едік. Әсіресе, бізде кесте тігетін, көрпе құрақтайтын қыз-келіншек тапшы. Шебер іздеп, табанымнан таусылған кездерім аз болған жоқ. Содан кейін шеберлерді елден іздемей, өзім үйретіп, дайындауым қажет екенін түсіндім. Сөйтіп ақылы түрде шеберлік сабақтарын ұйыдастырдым. Бұдан нәтиже шықпады. Ақылы сабаққа қарапайым халық келмеді. Келушілердің дені тек бизнестік көзқараста, яғни ұлт өнерін дамытсам деп емес, үйреніп алып, пайда тапсам деген ниетте болды. Ақыры шеберлік сабағын тегін үйрететін болдым. Облыстарды аралап тегін шеберлік сабақтарын өткіздім. Келушілердің қатары қалың болды. Қыз-келіншектер көп нәрсеге үйренуге тырысты. Мәселен, «Асыл ана» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған «Көрпе Fest» мега-фестивалінен шыққан нәтиженің өзі жаман емес. Қолөнердің бар құдіреті, титтей нәрсені көрсетсең, қолына ине алмаған қыздардың өзі тігуді бастап кетеді. Қазір әлеуметтік желіде де, Youtube каналда да бейнесабақтар өткізуді қолға алып отырмын. Бастысы, жастар төл тарихымызбен сусындаса, қолөнерімізден қол үзбесе деген ниетім бар. Үйде отырған қыз-келіншектер де бос отырмай, табыс тапса деймін» , – дейді кейіпкеріміз.

Ырза ханым iсмерлiгiмен аз уақытта шетелдiктердi де тәнтi еткен. Мәскеу, Франция, Италия, Германия секілді сырт елдерге шыққанда шебер қазақ мәдениетінен сыр шертетін бұйымдарды насихаттап, нағыз өнер кеніші елдің ішінде екенін айта жүреді. Ырзығын қолөнерден тапқан Ырза Тұрсынзаданың бұл еңбегі де лайықты деңгейде бағаланып отыр. «Алтын орда» дизайн үйі Президент тағайындаған «Алтын сапа» сыйлығына ие болған. Ал Қазақстанның кәсіпорындары үшін «Алтын сапа» «Оскар» сыйлығымен тең. Мекеме «Қазақстанның ең үздік өнімі» байқауынан бес мәрте  жеңімпаз атанған.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!