Ақпанның суығында велосипедпен балаларын сабаққа апара жатқан тұрғынның бейнежазбасы әлеуметтік желіде желдей есті. Ең бастысы, жерлесіме көмектессем деген сырбойылық ағайынның көңілі көптің жүрегін елжіреткен болатын. Асылхан Дүкенбай атты асаба, әлеуметтік желі белсендісі игі істің бастауынан табылып, санаулы күнде бейнежазба кейіпкеріне су жаңа тұлпар мінгізді.

– Бейнежазбаға пікір білдіргендердің қарасы қалың болды. Олардың көбі әкенің балаға деген махаббатына, сүйіспеншілігіне, жауапкершілігіне ризалық танытып жатты. Бастапқыда бейнежазбаны Іnstagram әлеуметтік  желісіне салдым, 5 минут өтпестен бір кісі  хабарласып, 100 мың теңге қаржы аударатынын айтты. Осылайша, қомақты сома жиналды. Халықтың арқасында су жаңа көлікті көлік сату орталығынан сатып алдық. Бұл – халық қолдаған бастама. Қанат аға қалыпты өмір сүруі үшін бәрі бар екенін айтып, сыйлықтан бас тартқанына қарамастан, оған жаңа көліктің кілтін беруді ұйғардық. 3 күнде 8 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды, – дейді Асылхан.

Халықтың қашанда қолдау білдіретіні белгілі. Осы уақытқа дейін қаншама отбасы баспаналы болды. Жүздеген жанға азық-түлік таратылды. Өз еркімен киім-кешек сыйлайтындар тағы бар. «Өзгеге жапқан шапаны арқылы өзін жылытуды» ойлайтын жандардың бұл ісі құптарлық.

– Өзгелер қаржы жинап, елге қолғабыс етіп жатқанда қызығатынмын. Өзім бастап көргеннен кейін менің де аудиториямның кең екенін аңғардым. Достарым қаржы жағынан көмектесе алмаса да, моральдық қолдау білдірді, бейнежазбаның таралуына септесті. Бастаманы бірлесе жүзеге асырдық. Қазақстанды шарламай-ақ, өз қаламызда  тұрмысы төмен отбасылар, науқас балалар бар. Соларға қолдау көрсетуді жөн деп шештім. Алдағы уақытта осындай игі істердің басы-қасынан табылсам, мен үшін бақыт сол, – дейді ол.

Айта кетейік, Қанат Отаровты бейнежазбаға түсіріп алған жігіт те сыйлық алды. Оған 100 мың теңге бұйырды. Осылайша блогердің алғашқы бастамасы сәтті шықты. Оған ел куә, жұртшылық риза.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!