Жақында әлеуметтік желіде бүлдіршіндерге халық биін үйретіп жатқан қарияның видеосы тарады. Желі қолданушылары карт кісінің қимылына сүйсініп, бірашама пікір қалдырды. Ерекше ықыласпен биді үйреткен жанның кім екені бізді де қызықтырды.
76 жастағы хореограф Ерсін Жүсіпов – мың бұралған биімен де, темірдей тәртібімен де шәкірттерін тәнті етіп жүрген бірегей ұстаз. Жарты ғасырға жуық уақытын ұлттық биді дәріптеуге арнаған ол бүгінге дейін жүздеген биші тәрбиелеген. Қазірдің өзінде 65 оқушысы бар қария тоқтауды ойламайды.
Ол – Қостанай облысының тумасы. Мектепте химия мен биология пәнінен сабақ берген мұғалім Ерсін ағайдың биге бет бұруы да кездейсоқ болған. Сол жылдары партия жолдамасымен қалалық мәдениет үйіне жіберілгеннен кейін, өмірлік махаббаты – би өнері басталған екен. Бүгінде «Болашақ» өнер-білім спорт мектебінде екі ансамбльді жаттықтырып жүр.

– Балалармен жұмыс істеу маған ерекше қуаныш сыйлайды. Шаршап тұрсам да, дайындық кезінде бәрі ұмытылып кетеді. Би өнерінің құдіреті сол шығар… Биге кеш келсем де, жүрекпен келдім. Ұлттық бидің әр қимылы – тарих. Әр ырғақта халықтың мінезі жатыр, – дейді Ерсін Жүсіпов.
Ұстаздың ерекше әдісі әр жастағы баланы еліктіріп әкетеді. Сабақтары тәртіп пен махаббатқа негізделген. Шәкірттері де «Ерсін ағай әр қимылды жеке түсіндіреді» дейді.
Иә, кейіпкеріміздің хореограф болуы кездейсоқ болғанымен, биге икемі бұрыннан болған екен.
– Институтта жүргенде бимен де айналысатынмын. Мектепке химия пәні мұғалімі ретінде келгенде де биді ұмытпадым. Алғашқы шәкіртім – қызым. Екінші сыныбынан бастап әке мен қызы болып бірге билейтінбіз. Түрлі байқауға қатысып, Түркияға дейін бардық. Ал бесінші сыныбынан бастап би үйірмесіне қатысты, – дейді ол.
Ерсін Жүсіпов – «Болашақ» орталығындағы ең үлкен қызметкер. Ондағы қызметкерлердің айтуынша, хореографтың талғамы бөлек, жауапкершілігі жоғары.
Сұхбаттарының бірінде ол дайындықтан қайтқанда аяғын баса алмайтын кездері болатынын жасырмады.
Иә, мұндай жасқа келіп, баламен жұмыс істеу нағыз ерлік. Жасы емес, жігері алда жүрген хореографтың өмір жолы жас мамандарға да, оқушыларға да шынайы шабыт болары сөзсіз.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!