«Қайраты бар кісінің, берекеті бар ісінің…» дейді. Ақсу ауылындағы «Ақбостай» фермер қожалығының төрағасы Абай Боранқұловтың күріш егумен айналысып келе жатқанына не бары екі жыл. Осындай аз уақыттың ішінде өзінің іскерлігін көрсетіп, Ә дегеннен ауылдың еңсесін тіктеуге шама-шарқынша талпынып келеді. Бүгінде ол 250 гектар жерге күріш егіп, қырық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жаздың ми қайнатқан ыстығында ақ маржанды алқапты аралап жүрген Абайды көргенде жап-жас Жақаевты көргендей сүйсінесің. Даңқ та, бақ та, абырой да, атақ та – еңбекте екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Абай егіс даласындағы жұмысты кеңсесіндегі желдеткіштің астында немесе көлігінің ішін көлеңкелеп отырып басқармайды. Жұмысшыларымен бірге жүріп, бірге қимылдайды.Адамдардың барлығы компьютердің алдына байланып қалған мына заманда жерге бір еңкейгеніңнің өзі еңбек. Бір сабақ күріштің басында бір қамба дән бар. Сондықтан дала еңбеккері – дихандарда ысырап деген түсінік болмайды.
Соқа-сайманың сай болмаса, егістен өнім алмайсың. Екі жыл көлемінде қожалық төрағасы Абай Боранқұлов техникаларды да жаңартып алған. Бүгінде заманауи үлгідегі жаңа комбайндар жұмыс өнімділігін арттырып, дәнді ысырапсыз жиып алуға мол мүмкіндік беріп отыр. «Егіс көлемі ұлғайса, егін шаруашылығына қажетті техникалар да көбейе береді», – дейді іскер азамат.
Тынымсыз еңбектің арқасында биыл да «Ақбостайлықтар» қамбаны қызылға толтырды. Жаңа жыл қарсаңында Абай Боранқұов қожалықтың бригадир-күрішшісі Сайлау Аманжолов, дәнекерлеуші Қабылан Бишеев және комбайншы Бекзат Ағисаевқа су жаңа автокөліктің кілтінтабыстап, сый-құрмет көрсетті. Салтанатты шарада сөз алған Ақсу ауылдық округі әкімі Қанат Ниетқұлов барша еңбеккерлерді құттықтап, алдағы уақытта Абай басшылық жасап отырған фермер қожалығы осы қарқынынан танбаса, ақ күріштен тау тұрғызып, ауыл шаруашылығы бойынша үздік атанатынына сенім білдірді.
Автосалоннан шыққан су жаңа көліктерді тізгіндеген еңбек озаттарының жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. «Біз жерге бердік, жер елге берді. Құдай Абайға берді, Абай бізге берді», – дейді Сайлау ағамыз әзілдеп. Иә, ердің даңқы – еңбекте. Еңбек – бейбіт күндегі майдан. Кім қорықпай қимылдайды – сол жеңімпаз, батыр атанады.
«Айналайын, Абай, жас болсаң да, еңбектің үлгісін көрсеттің. Алдағы уақытта «ақбастыойлық» еңбек майданындағы майталмандардың қатары көбейе береді. Біз соған сенеміз». Бұл – бүгінгі шараға куә болған халықтың ризашылық сөзі.
Айта кеткен жөн Абай қазір Қармақшы ауданы, «Иіркөл» шаруашылығына да инвестор ретінде 150 млн теңге қаржы салып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта Ақсуға 100 орындық балабақша, балалар ойын алаңын, мешіт жанынан асхана құрылысын салуды және атшабарды (ипподром) күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге кент орталығынан Сәрке батыр ескерткішін орнату да жоспарында бар екен. Келешегін ойлаған жігіт өткенін де еске алып жүреді. Кәсіпкер азамат батыр бабамыздың рухын осылай биіктетіп, Сәркенің ерліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі етпекші. Қазірдің өзінде Ақсу ауылындағы көркемөнерпаздарға, жас спортшыларға ұдайы қаржылай демеушілік жасап келе жатқан Абайдың алдағы жоспарларын
жүзеге асыратынына бек сенімдіміз. Өйткені талабы мен талпынысы, іскерлігі мен еңбексүйгіштігі көпке үлгі болып, игілікті ісі елді сүйсінтіп отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!