Бақберген Әбілқасым, жас мемлекеттік қызметші:

Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны ерекше. Өңірде бұл салада қызмет атқаратындардың дені – жастар. Әділдіктің, қарапайымдылықтың имиджін қалыптастыруға бекінген жас қызметкердің бірі – Бақберген Әбілқасым. Қалалық білім бөлімінде жұмыс істейтін жас маманнан кәсіби мереке күні мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі жайында сұрадық.

– 2019 жылы Қызылорда  қалалық білім бөліміне  «мен таңдаған мемлекеттік қызмет – адал еңбек» ұстанымымен әдіскер болып қабылдандым. Мемлекеттік қызметке деген ұмтылысыммен ішкі сенімімнің арқасында білім саласындағы жаңа әдістерді зерделеп үйрендім, әдептілік пен мәдениеттілік талаптарын сақтай отырып қызмет атқару қажеттігін түсіндім. Бүгінгі таңда өзіме жүктелген функцияларды адал атқарып, тәжірибе жинақтап келемін.

Соңғы жылдары аймақта мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру және олардың тиімді аппаратын қалыптастыру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. Осы бағытта мемлекеттік қызметшілерді ақпараттық технологияларды қолдана отырып қашықтан оқыту, шетел мамандарымен тәжірибе алмасу мүмкіндіктері қарастырылса деген өз ойымды білдіргім келеді. Яғни, бүкіл әлем бір ақпараттық технологияларға сыйып кететін факторлардан мемлекеттік қызмет бағыты да қалыс қалмау керек деп санаймын.

Әділдіктің туын көтерген, белсенділік позициясында екенімді аса сеніммен айта аламын. Яғни, кез келген қызметте немесе лауазымда, қандай жағдайда болсын, мемлекеттік қызмет жолында сеніммен жұмыс атқару қажеттігін әсте естен шығарған жоқпын. Жеткен жетістіктеріммен тоқтап қалмай, армандар мен мақсаттарымды сабақтастырып алға қарай жылжудамын.

Абайша айтсақ, «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі жас буын» деп жастарға жауапкершілік жүктеліп отыр. Бәсекеге қабілетті болу және ұлтқа адал қызмет ету деген сенім әрдайым жігерлендіреді.  Президентіміздің жастардың бүгіні мен болашағына алаңдаушылық білдіріп, қолдау көрсетуі мен үшін өте маңызды. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін ортамен араласу керек. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды. Сөзімді қорыта келе, мемлекеттік қызметтегі әріптестерімді халықтың игілігі үшін адал еңбек етуге шақырамын. Шындығында, адал еңбек – мемлекет өркендеуінің кепілі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!