Бір ауыз сөздің жан тетігін табатыны кейде мың әуреге салатыны рас. Музыканың құдіреті де одан кем емес. Ал ән мен сөздің үйлесімінен жүректерді қозғай алатын жанды дүние туындайды. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, айналасы теп-тегіс, жұмыр келген» туындылар қазір аз. Кейде әдемі әуен жүректің қылын қозғай алмай жатады. Осындайда ұлы Абайдың әнге қатысты сөзін «әншінің де естісі бар, есері бар» деп өзгертсек жарасатындай. Әншілігі де, сазгерлігі де, ақындығы да бір бойынан табылатын Мархаба Сәби шығармашылығы – жаңа көзқарас пен тың талғамның қосындысы, сезімдердің жинағы. Жақында Қызылорда қаласына келген әншімен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Мархаба, өнерге қалай келдіңіз?

– Бала үшін алғашқы ұстаз, жол сілтеуші ата-анасы ғой. Мені де әке-шешем кішкентайымнан өнерге баулыды. Анам ерінбей вокалдан үйірмелерге қатыстырып, бос уақытымды, қызығушылығымды үнемі қадағалап жүретін. Ал үй ішінде әкем кешке қарай үнемі домбырамен ән айтып отыратын. Кей әндердің тарихын талдап түсіндіруші еді, сол кезден құлағыма сіңе берген болу керек. Жалпы өнер қанымда, жанымда болғандықтан есімді білгелі ән айтуға, жалпы музыка өнеріне ғашықпын.

– Көрерменге құпия жеке өміріңіз жайлы сөз етсек…

–Табиғатының өзі адамды бейжай қалдырмайтын жастықтың, махаббаттың қаласы Алматыда өмірге келдім. Отбасымда төртеуміз: әке-шешем мен туған інім бар. Ата-анам негізі Шығыс Қазақстан өңірі, Өскемен қаласының тумалары. Ал өзімнің отбасылық өмірге жауапкершілік алып, тұрмысқа шыққаныма 7 жылдай уақыт болды. Жолдасым Сәкен Мұсағалиев екеуміздің қызымыз бар. Ол да өнер адамы. Шығармашылықта да, өмірде де барлық мәселені бірге талқылап, ақылдасамыз.

– Музыка – жанның тілі. Өзгелерді сіздің жаныңызбен, сізбен таныстыратын әніңіз қайсысы?

– Саз­гер ретінде жауап бер­сем, әр әнім әртүрлі көңіл-күйдегі толғаныс­тан туын­дай­ды. Жанымды маза­лайтын сұрақ­тардан туын­дайды. Дәл сол сәтті фото­ға тү­сір­ген сияқты сақтап қалғым ке­леді. Демек әннің бәрі – менің өмірім мен сәттерімнің көрінісі. Нақты осы ән Марха­бамен таныс­тырады деп бөліп-жарып айту қиын, әр әнімде мен бармын.

– «Жүйе» сынды әніңіз өнер­дің «қылдан нәзік, қы­лыштан өткір» екенін көрсе­тетіндей. Бірде сыршыл, бірде құпия, бірде нәзіксіз. Сіз үшін ән дегеніміз не?

– Ән шынайы болса, өтірік ойдан құрасты­рылған, жалған болмаса ғана тірі. Ғұмыры да ұзақ, әсері де тереңірек болады. Мен үшін ән – рухани коммуникация құралы. Ол арқылы көзге көрінбейтін, көпке айтыла бермейтін жан-дүниенің қалтарыстарын жырлауға, шарлауға болады. Немесе бәрі көрген бел­гі­лі бір жайтты өзіңе ғана тән көзқа­расыңмен әсерлі жеткізуге мүмкіндік бар. Осының бәрі мен үшін ән.

– Тапсырыспен ән немесе сөз жазасыз ба? Өз әндеріңізде бірінші ән келе ме, әлде сөзі ме?

– Әдетте ең жақсы әндерімнің қайырмасы ұйқыға кетіп бара жатқан сәтте, өң мен түстің ортасында жартылай қалғып бара жатқанда келеді. Әні мен сөзі үнемі бірге туындайды. Ал негізі әнді бас-аяғы бар, идеясы толыққан дүниеге айналдыру үшін ақыл-ойдың жұмысы керек, әрине. Бұрын тапсырыспен ән немесе сөзді көбірек жазатынмын. Қазір сиреттім. Шығармашы­лығыма көбірек күш салғанды жөн көремін.

– «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дейді Абай. Жаңа бағытта ізденушілер көп. Ал тыңдаушы­ның талғамы өзгерген бе?

– Соңғы уақытта қазақ тілді экспери­менталды, тәуелсіз музыка жақсы дамып жатыр. Осыған байланысты тыңдарманның да талғамы біршама жақсарған сияқты. Өзгеріс бірден бола қалмасы анық, дегенмен жаңаша ойлай алатын, түрлі эксперимент­терден қорықпайтын жас автор, орындаушылар баршылық. Андеграундта жүрген ондай жастар тоқтамай еңбектенсе, уақыт өте майнстримге айналатынына сенімдімін.

– Бір әніңіздің тарихынан сыр шертсеңіз…

– Жақсы әндерімнің күші шығу тарихында емес, туындының өзінде деп ойлаймын. Үңілген адамға әндерім түсінікті тілмен сөйлейді, менің қатысуымсыз-ақ дос та, сырлас та бола алады.

– Жиырма жылдан кейінгі Мархаба кім?

– Жауап беру қиын, 20 жылдан кейін хабарласыңыз. Аман болсақ айтамын.

– Әдемі әңгімеңіз үшін, рақмет! 20 жылдан кейін хабарласамын.

Сұқбаттасқан:

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!