Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасы және облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ұйымдастыруымен жастар форумы өтті. Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» өткен форумды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова ашып, жастардың игі істеріне тоқталды.

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақала­сында «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес» деген болатын. Расында, Қазақстанның табысы жер қойнауындағы пайдалы қазбаларда емес, жүрегі оттай лаулаған жастардың еншісінде. Отанына адал, сертіне берік, өз міндетінен ел міндетін биік қоя алатын кәсіби жоғары шыңдалған жастар мемлекетіміздің потенциялдық қоры болып есептеледі. «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деп Абай атамыз өсиет еткендей, жастардың бойында адалдық, әділдік, адамгершілік сынды қасиеттері берік орнағанда ғана біз жарқын болашақтың бақытын баянды етеміз, – деді Мира Қазбекова.

Форум барысында БАҚ өкілдері арасында өткен «Азаматтар­дың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін көтеру» тақы­рыбындағы байқау қорытындыланды. Нәтижесінде әріптесіміз «Halyqline.kz» сайтының редакторы Рыскелді Жахман І орын, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ержан Қожасов ІІ орын, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ақпаратты-тал­да­малық сүйемелдеу бөлімінің маманы, журналист Нұрбике Құдайбергенова ІІІ орынды иеленді. Ал «Талдамалы ақпарат» номинациясымен аудандық «Өскен өңір» газеті бас редак­торының орынбасары Гүлнар Дүйсебаева, «Әділет тынысы» номи­нациясымен облыстық «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Дәулет Сағит, «Рухани тағы­лым» номинациясымен «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев марапатталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!