Биыл Қазақстан Республикасы Шекара қызметінің құрылғанына − 30 жыл. Осы уақыт аралығында шекарашылар жауапкершілікпен жүктелген міндетке сын келтірмей, ел аумағын қорғап келеді. Халықтың тыныштығын күзеткен сала мамандарының еңбегі қашанда маңызды, әрдайым құрметке лайық.
Әскери қызмет − өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала. Таңмен таласып тұратын шекарашылар жаңа күнді жаттығумен бастап, сергек күйде сақтықты талап ететін қызметіне кірісуді әдетке айналдырған. Тек спорт қана емес, күнделікті білім алу да бұлжымас дағды екені рас. Шекарашылардың бір күндік өмірін білу үшін «Қосмаман» шекара бөлімшесінде барлаушы қызметін атқарып жүрген Бекзат Қуанышұлымен тілдескенімізде абыройлы міндеттің қыр-сырын жіті түсінгендей болдық.
− Сыр елінің шекара шебін қорғап жүрген шекарашылар өз қызметін тұрақты жүргізіп, міндетін адал атқаруда. Әр адам өз ісінің кәсіби маманы болуға тиіс, оның ішінде әскери қызметкерлерден үлкен жауапкершілік талап етіліп, ел шекарасын күндіз-түні қорғау тапсырылады. Басшылық сенім артып тапсырған лауазымды атқаруда білігіңді көрсетіп, адал қызмет етуге міндеттісің, − дейді ол.
Әскери қызметке келмес бұрын Қызылорда политехникалық колледжінде автослесарь мамандығы бойынша білім алған Бекзаттың бұл салаға бет бұруы кездейсоқ емес. Бала күннен шекарашы болуды армандаған ол 2016 жылы тәуекелге бел буып, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ұлан» әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарады. Саламатты өмір салтын ұстануды өмірлік дағдыға айналдырған оның мамандығына деген қызығушылығы жоғары.
− Шекарашы болу үшін әрбір азаматтың ынтасы мен жігері болу керек. 18 жасқа толған әрбір ҚР азаматы білімді әрі физикалық тұрғыдан мығым, темірдей тәртіпке төзімді болғаны жөн. Шекарашы болғаннан кейін қызмет барысында, контрабандалық деректердің жолын кесуде көптеген қиын әрі тосын жағдайлар болып тұрады. Шекарашылар әркез өздерінің физикалық дайындықтарын жоғары деңгейде ұстайды, үнемі қоян-қолтық ұрыс кезінде қаруды қолдану жаттығуларын жасап, білігін шыңдап отырады. Сол себепті әріптестер тосын жағдайға дайын жүреді, − дейді Бекзат.
Жас барлаушының айтуынша, әскери өмірдегі тағы бір жоғары бағаланатын құндылық − шекарашылардың бірлігі мен айнымас достығы. Содан болар, бұл ортада «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағида ең жақсы ұстанымға айналған.
Айта кетейік, қазіргі таңда әскери қызметерлер үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тіпті, қызмет барысында заманауи технологиялар көмегі пайдаланылады.
− Шекара қызметінде заман талабына сай ауқымды реформа, қайта құру жұмыстары жүргізілді. Қызмет барысынан бөлек, күнделікті әскери сабақтар өткізіледі. Қазіргі таңда барлаушылар шекара қызметінде сақшы, радиобайланыс кезекшісі бола алады. Сондай-ақ мемлекеттік шекараны мүлтіксіз күзету мақсатында кадрлық құрамды нығайту, заманауи арнайы техникалық құралдармен жабдықтау, шекара бөлімшелеріндегі жеке құрамның қолайлы тұрмыстық жағдайын жасау мен жақсарту сияқты кешенді шаралар сатылай жүзеге асуда. Бүгінде дрондар көмегімен шекараны бақылауға да болады, − дейді Бекзат Қуанышұлы.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!