«Жүзуді білмеген суда жанынан айырылады, бағуды білмеген далада малынан айырылады» деген қазақ халқы суға жүзіп шынығуды, сондай-ақ малтудың, жүзудің қыр-сырын жастай игеруді пайдалы деп таныған. Суға жүзуді үйренудің бала денінің сау болып, түрлі қауіп-қатерден тайсалмайтын батыл, ержүрек азамат болып қалыптасуында маңызы зор. Ал қазіргі таңда су денені шынықтырудың бір тәсілі ғана емес түрлі дертке дәру боп отыр. Мамандар тарапынан терапия ретінде ұсынылуда. Бүлдіршіндер суға жүзуді не үшін үйрену керек? Су терапиясының тиімділігі мен артықшылығы неде?
Дәрігерлердің айтуынша, суда жүзу жас мөлшері жағынан да, денсаулық жағдайы бойынша да қарсы көрсетілімі мен шектеулері жоқ спорт түрі. Жүзу тірек-қимыл аппаратының созылмалы аурулары бар адамдарға да пайдалы. Соңғы жылдары ғылым мен медицина аутист балаларға да судың әсері мол екендігін жиі айтып жүр. Тіпті, серфинг арқылы ерекше балаларды «өз» әлемінен суырып алуға жасалған әрекеттердің тиімділігі ашық ресурстарда жариялануда. Интернетте су терапиясының сырын түсіндіруге тырысқан зерттеулер де баршылық. Олардың айтуынша, су баланың визуалды қабылдауын күшейте түседі. Сол арқылы баланың бойында оған қажетті нақтылықты арттырады. Шетелдік ғалымдардың мәлімдемелерінде су балаларға қауіпсіз және оларды қолдайтын орта ретінде сипатталады. Су қысымы балаларды құшақтап алғандай әсер етеді екен. Яғни, түсінікті тілмен айтқанда махаббат пен көңіл бөлуді қажет ететін бүлдіршіндерді құшағына алып, жан баласына жапа шектірмейтіндей күй сыйлайды
Иллинойс университеті жанындағы Бекман институтының ғалымы Уильям Гриноудың пікіріне қарағанда, жүзу, серфинг, падлбординг секілді негізгі қозғалыс дағдыларын меңгеру адамның жүйке жүйесіне ықпал етеді. Мысалы, мидағы маңызды нейрондар орналасқан бөліктерге қанның келуін арттырады. Ол мидың алдыңғы бөлігіндегі аномальдық құрылымдардың қайта құрылуына ықпал етеді.
Балаларды бассейнмен достастырудың маңызы мен мәні түсінікті. Қызылордада да балаларға арналған бірнеше бассейн бар. Орталықта орналасқан «Жан-Ай» кішкентайларды ғана емес, ересектерді де жеке, топтық, тренермен, тренерсіз жүзуге қабылдайды. Ал «Аквадети» – тек балаларға арналған жалғыз бассейн. 2017 жылдан бері үздіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан бассейнде бапкерлер мен интструкторлар 40 күндік сәбиден 7 жасқа дейінгі балаларды жүзуге үйретеді. Тіпті, жүзуден жарыстар да ұйымдастырылып тұрады. Баланың судан қорықпауына, еркін жүзе алуына, толқынға қарсы тұрып, тірек-қимыл, жүйке жүйесінің, ми қыртыстарының дамуына жағдай жасау арқылы бала физикалық тұрғыдан ғана емес, ментальді тұрғыдан дені сау, жаңа дүниелерді үйренуге икемді боп өседі. «Аквадети» бассейнінің тұрақты келушісі, жүзуге талпынған кішкентай Ханшайымның анасы Назгүл Жағыпарова жүзу мен баласының өміріне әсері туралы: «Қызым Ханшайым 2 жасынан бері аталған бассейнге келіп, жүзудің қыр-сырын меңгерді. Су астында қалай демалуды, түрлі тәсілдерін шыдамдылықпен үйрете білген, қызымның қызығушылығын оята білген тренер Бағдатқа, бассейн ұжымына алғыс айтамын. Мұнда барлық жағдай жасалған. Суы таза, бапкерлер баламен жақсы жұмыс істейді, бағасы да қолжетімді. Жай ғана күнделікті жүзуді үйренуден бөлек тірек-қимылында мәселесі бар балалар да жиі келеді. Остеопат-дәрігерлер де ондай жағдайда баланы бассейнмен достастыру керегін алға тартады. Бассейнге барғалы қызымның зейіні, жаңа ақпаратты қабылдауы жақсарды. Иммундық жүйесі де жақсарғандай. Себебі сәл нәрсеге тұмауратып, ауырып қалмайтын болды. Мұның барлығы судың сиқыры», – дейді.
Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!