Ел асып, еңбектеніп жүрген жастар көп. Бірі ғылым арқылы, бірі техника арқылы адамзатқа пайдасын тигізіп жатса, енді бірі кәсібімен кеңге қанат жаюда. Маңдай терді кәсіппен байланыстырған Жасұлан Серіков – АҚШ-қа көшкен қызылордалықтың бірі.

Жасұлан аға, АҚШ-қа қашан көштіңіз? Америка қандай мүмкіндіктер сыйлады?
– Өткен жылдың маусым айында отбасымызбен түгел осында көшіп келдік.Тура бір жыл болыпты. Отбасымызбен грин карта ұтып алған едік. Ал грин карта Америкаға заңды түрде кіріп шығуға, сонда өмір сүруге, кәсіп бастауға мүмкіндік береді. Осындай мүмкіндікті неге пайдаланып көрмеске деген ниетпен көшкен едік. Бізге тек екі түрлі шектеу бар. Біріншіден, мемлекеттік қызметке орналаса алмаймыз. Екіншісі, сайлауға қатысып, дауыс бере алмаймыз. Әрине, екеуінің де бізге ешқандай қажеттілігі жоқ. Одан бөлек американдықтарға берілетін барлық мүмкіндік пен құқықтық артықшылықтар бізге де ортақ.
Американың берген мүмкіндіктеріне тоқталсақ. Алдымен мен үшін кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік берді. Жақында 7 %-пен автокредит алдым. Қазақстанда автокредит жағы қиындау. Бастысы, осы кішкентай бизнес жобам арқылы отбасымды мате­риалдық жағынан қамта­масыз етіп, ай сайынғы жал­дамалы пәтердің ақысын төлеп отырмын. Төрт баламның үшеуі ең үздік мектепте білім алады. Медицина жағынан тегін, сапалы қызметтер бар. Мұның бәрі – мен үшін де, отбасым үшін де үлкен мүмкіндік.
– Жақында Абай облысында орын алған өрт кезінде қаншама қарапайым қызметкерлер, қазақтың азаматтары жалын құшты. АҚШ-та адам өмірін былай қойғанда, табиғаттың қауіпсіздігіне қатаң қарайтын секілді…
– Өрт – тілсіз жау. Мұндай төтенше жағдай, өкінішке қарай, барлық елде орын алып жатады. Америкада қай салада болмасын, адам өміріне, өмір қауіпсіздігіне баса назар аударады. Абай облы­сын­дағы жағдай барысында өрт сөндірушілердің қауіпсіздігіне қатысты қорқынышты ақпараттарды естіп отырмыз. Тіпті, дұрыс аяқ киімі де болмаған екен. Соған қарамастан өрт сөндіруге аттанған. Америкалықтар адам өмірі түгіл бір түйір талдың хал-жағдайына бейжай қарамайды. Яғни, заң барлығына ортақ. Басқа елдермен салыстырғанда өрт кезінде адам шығыны аз.
«Жан аямай кәсіп қыл» дейді Абай атамыз. Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
– Қызылордада жүрген кезімде де жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Әрине, ірі кәсіпкер болдым деп айта алмаймын. Алайда кәсіп арқылы қажетті шығындарды жауып, отбасымды қамтамасыз етіп жүрдім.«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жұмыс істедім. Жалпы тәжірибе бар. Дегенмен кәсіп бастау, оны дөңгелетіп әкету оңай емес.
Америкада кәсіпкерлердің жобаларына үкімет араласпайды, тиіспейді. Тек заңмен жүрсеңіз болды. Америкалықтардың жауапкершілігі шектеулі формасы LLC деп аталады. Жақында сәуір айында кәсіпкер ретінде сонда тіркелдім. Жүк көлігін алып, кәсібімізді бастап кеттік. Әрине, алғашқы ай қиынға соқты, тапсырыс болмады. Алайда біртіндеп тапсырыстар, қызығушылық танытушылар артып келеді. Бұйырса, долларлық миллионер атансақ деген мақсатымыз бар. Бір жылдаң соң нәтижемізді көреміз. Бізде, Қазақстанда қара жұмыс деп бөліп қараймыз. Бәрі жұмсақ креслода, таза орында жұмыс істегісі келеді. Ал Америкада жұмысты қиын, оңай, жақсы, жаман деп бөлмейді. Жүк тасушының өзі жақсы жұмыс. Адал еңбекпен келсе болды.
Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар? Туған жерге тың идеялармен оралу ойда жоқ па?
– Шынымды айтсам, өзім де Америкаға сондай мақсатпен келдім. Осында жұмыс істеп, кәсіп жүргізіп, осы елдің артықшылығы мен жақсы жақтарын бойыма сіңіріп, қажетсіз тұсын қалдырып, тәжірибе жинақтағым келеді. Содан кейін араға 3-4 жыл салып, керегімді алған соң елге оралып, жиған білімімді іске асыру ойымда бар. Балаларым тіл үйреніп, үлкен ұлым 11 сыныпты бітірген соң ЖОО-ға түссе, бірінші арманым сол. Одан кейін кәсібімді дөңгелетіп, миллионер атану мақсаты тұр. Осы екеуі орындалған соң Қызылордаға оралып, ата-анамның, достарымның қасында болсам деймін. Әрине, бірнеше жылдан соң қандай ойда болатынымды білмеймін. Бірақ қазіргі мақсатым тәжірибелі кәсіпкер ретінде елге оралу боп тұр.
Ойда тың идея, іске асырылар жобалар көп. Іске асырам деген адам, нәтиже шығарамыз деген ұжым болса, еститін құлақ болса, уақыт жоғалтпай, ештеңені күтпей, қазірден-ақ іске асыруға болады.
Әдемі әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан
Дина Бөкебай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!