Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте істеген Ақмарал Мақсұтқызы – бүгінде қаладағы ірі кәсіпкерлердің бірі. Алғаш салық саласы бойынша кеңес беру орталығын ашқан ол, қазір мейрамхана қожайыны. Жауапкершілік жүгі ауыр қоғамдық тамақтану саласында жақсы жетістіктерге жетті. Еңбекқор кәсіпкер қиындық шыңдай түсетінін айтты.
− Маған мүлде таныс емес қоғамдық тамақтану саласында кәсіп бастадым. Жер алып, кеңес беруден жинаған қаржыма ғимарат салдым. Әрине қорқынышты болды. Дегенмен тәуекел еттім. Үлкен екі залмен жұмысты бастап кеттім. Қоғамдық тамақтандыру туралы мүлде хабарым жоқ еді. Іздендім, білетіндерден сұрадым. Оқыдым. Бұл қызметте ең қиыны − адамдармен жұмыс. Тамағымыздың сапалы әрі дәмді болуы маңызды. Қызмет көрсету, жайлы орта қалыптастыру маңызды. Екі жылдан соң ғана қолымнан келетінін түсініп, әрі қарай дамытуға бел будым.
Қиындықтар кездессе қайтпек керек? Кедергіге қалай тойтарыс бердіңіз?, − деген сауалымызға,
− Пандемия өте ауыр соққы болды. Адамдар келуін азайтты. Жұмысымызға шектеу қойылды. Әлі күнге дейін жұмыс уақытында шектеулер бар. Азық-түлік бағасы күрт өсті. Үлкен ғимаратты бос ұстап тұру шығындарымызды еселеді. Ал біздің мәселемізге ешкім бас қатырғысы келмеді. Бізді ешкім түсінбеді. Бір жағынан, бұл қиындықтар бізді біріктірді. Қоғамдық тамақтану саласындағы бірнеше кәсіпкер өз арыз-шағымымызды айтып құзырлы органдарға хат жаздық. Бұрын әркім өзімен өзі жеке жұмыс істесе, қазір біз біріктік. Қызылорда облысының қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы қауымдастығын құрдық. Қандай да бір мәселе болса, бәріміз бірігіп шешеміз. Қаладағы барлық кафе, мейрамханалар «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деп ауызбіршілік танытудамыз. Тығырықтан шығуға осылай жол таптық.
Қазір кәсіпкер боламын деген жасқа қажетті ақпарат көп. Ұсақ заттарды арзан бағада алып, жоғары бағамен сатудан бастап үйрену керек. Бүгінде жастар жалынды, білімді, ізденгіш. Жұмыс істеуге құлшынып тұрады. Идея да, асқақ арман да соларда. Тіпті кейде қызығасың. Қазір жастарға барлық жол ашық. Түрлі мемлекеттік гранттарда жаңа жобаларға беріледі. Қоғамның да жаңашылдыққа көзқарасы бөлек. Жас буын тек ерінбей тәуекел етіп ойлаған ісін қолға алу керек. Іске көшпей, қиындық та кездеспейді, тәжірибе де жинақталмайды. Жұмыс барысында бәрін үйренесің. «Ақырын жүріп, анық бас» демекші, әрбір қадамын ойланып әрекет етуі керек. Мемлекеттік қызметте жиырма жыл уақытым өткеніне өкінемін. Әрине онда білім алдым, тәжірибе жинадым. Дегенмен адам өзінің жан дүниесімен қалап істейтін жұмысын тапқанда ғана өзін табады. Кеңестік уақытта бізді белгілі бір мамандық алмасаң болмайды деп оқытты. Ал қазір ата-аналар баланың өз жүрек қалауын, талпынысын идеясын жүзеге асыруға жәрдемдессе екен. Өзі қаламаған мамандықты игерген адам түбі басқа салаға кетіп қалады. Шаштараз ісі, азпаз, дәнекерлеуші мамандықтарын меңгеруге ұялмау керек. Қазір ең қажетті мамандықтарға айналды. Қызметіне қомақты қаржы төлейді. Сондықтан жастарға ештеңеден қорықпай, тек алға қадам басу қажет.
Гүлбану МАҚАЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!