Жастар саясатын жүргізу тұрақты бақылау мен жүйелі сараптауды қажет етеді. Әсіресе жас буын арасындағы діни ахуал мемлекеттің жіті қадағалауына мұқтаж. Осы орайда білімді теологтар мен тәжірибелі әлеуметтанушылардың маңызы жоғары екенін айқын сезінеміз. Аймақ жастарының діни ахуалын зерттеуде жемісті еңбек етіп жүрген Бақберген Сарсенбайұлы да облыстағы білікті маманның қатарында.

– Бүгінде діни білімді сенімді орта, қауіпсіз мекеннен алу маңызға айналды. Алғашқы сауалды шетелде діни білім алып жатқан Сыр жастарынан бастасақ. Тәуелсіздік жылдарынан бері қанша азамат шетелде діни білім алды? Бүгінде мемлекет тарапынан арнайы белгіленген шетелдік ЖОО тізімі бар ма?
– Шетелде діни білім алуға барлық жағдай жасалғаны белгілі. Мемлекет тарапынан түрлі білім гранты, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және демеушілердің қаражат есебінен шетелде діни білім алып жатқан азамат жетерлік. Оның ішінде өзіміздің Сыр өңірінің жастары да бар. Шетелде діни білім алудың жақсы жақтарымен қатар, жағымсыз тұстарын да көз көріп, құлақ естіп жүр. Осы орайда, олар шетелдің діни білімімен қоса, ол жақтың мәдениетін, тұрмыс-салтын меңгеріп келетінін айта кетуіміз керек.
Тәуелсіздік алғаннан бері шетелде теріс діни білім алған кейбір ұлан ел аумағына түрлі жат ағым мен көптеген діни топтың енуіне себеп болды. Соның сал­дарымен дін мамандары мен имамдар әлі күнге дейін күресуде. Сол үшін бүгінгі таңда ҚМДБ шетелде діни білім алсам деп ниеттенген жастарға бірнеше елдің ЖОО-дарымен келісімшартқа отырған. Ол елдердің қатарында Түркия («Хасики»), Мысыр («Әл-Азһар»), Иордания сынды мемлекеттер бар.
Жастарды радикалды діни ағымнан алыс ұстау бағытында қандай жұмыс жүргізілуде?
– Жастарды радикалды діни ағымдардан аулақ ұстау үшін ата-бабаларымыз ұстанған сара жолды, яғни, имам ағзам Абу Ханифа мазһабын насихаттайтын медреселер мен мектептер көптеп бой көтеруде. Иә, жастардың арасында басқа елдермен салыстырғанда дінге қызығушылық өте жоғары. Сондықтан да мұндай оқу орындарының көбеюі біз үшін өте маңызды болып тұр. Оған қоса теолог мамандардың жер-жерде профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізуі халықтың көзі ашып, деструктивті діни ағым ұстанушыға қарсы иммунитет қалыптастыруда.
– Дін мен дәстүр сабақтастығын қалай түсінесіз?
– Қазақ халқының дәстүрі ислам дінімен біте қайнасып жатқаны ақиқат. Меніңше, бұл пікірге тек қазақтың салт-дәстүрінің байыбына бармай байбалам салатын надан адамдар ғана қарсы болар. Өйткені, оқыған-тоқыған адам мұндай жаңсақ ойға бармасы анық. Кезіндегі Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолы, Тәукенің «Жеті жарғысындағы» исламның сарындары бұл мәселеге анық дәлел болады. Ислам діні де ешқашан дәстүрге қарсы шықпаған. Тіпті, кейде ғалымдар әр елдің дәстүріне сүйеніп пәтуа шығарған, өзекті мәселе­лерге дәстүр­ден дәлел алған. Сондықтан ислам діні мен қазақ халқының дәстүрі егіз ұғым іспетті.
Әлеуметтік желі ақпарат таратудың негізгі нысанына айналды. Желілерде діни контенттерді таразылап отырасыздар ма?
– Әлеуметтік желіде сақ болу керегі айтылып та, жазылып та жүр. Біздің Дін мәселелерін зерттеу орталығында арнайы БАҚ бөлімі жұмыс істейді. Сол жерде мамандар мониторинг жасау арқылы ҚР бойынша тыйым салынған сайттар мен уағызын тыңдауға болмайтын уағызшылардың діни материалдарын таратқан, жүктеген не лүпіл басқан аккаунттарды қадағалап отырады. Әрине, бұл әдіс өз кезегінде жемісін беріп жатыр. Алайда ата-аналар тарапынан да үйде смартфон қарап отырған баласына, жақындарына, іні-қарындастарына қадағалау болса, олқылықпен күресу анағұрлым жеңіл болар еді. Себебі, ақыл таразысы ғана адастырмас өлшем бола алады.
– Дәстүрлі емес діни ағым жетегіндегі жастарды қайта әлеуметтендірудің басты жолы қандай деп ойлайсыз?
– Жат ағым жетегінде кеткен жастарды қайта әлеуметтендіріп, қоғамға бейімдеу үшін оларға ең алдымен мемлекет тарапынан қолдау керек деп ойлаймын. Яғни, олардың мемлекетке деген сенімін қайтару қажет. Сондай-ақ оларды оқшаулап, шеттетуден аса сақ болу керек. Керісінше, ортаға тартып, қандай да бір көмек керек болған жағдайда қол созатын болсақ, олардың да ойының, ұстанымының өзгерері анық.
Мешіт пен медресе құрылысына қаржы жинайтын қоғамдық қор саны артты. Бұл орайда бақылау бар ма, заңбұзушылықтар кездесе ме?
– Мешіт пен медресе жайына келер болсақ, елімізде мешіт саны өте аз. Сонымен қатар, еліміз зайырлы болғандықтан, мемлекет тарапынан мешіт пен медреселердің құрылысына қаражат бөлінбейтіні белгілі. Осы себепті халық қаражат жинап, мешіт пен медресе салу көбейді. Бұл ретте, салынып жатқан ғимарат ҚМДБ-ға қарайтын болса, мүфтияттың қажеттілігіне жарайтын болса, құптарлық іс деп ойлаймын. Өйткені, жат ағыммен күресу үшін біздің рухани бай және білімді болуымыз өте маңызды.
Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!