Бүгінде технология жетістігі көпті таңқалдыруда. Енді киім кешектер де ақылды болуы мүмкін. Осы бастан «ақылды киім» сөзіне құлақ үйрете беру қажет. Жақында адамның күш-қуатын арттыратын киім үлгісі жасалды.
Мәселен, британдық Impulse стартапы велошабандозға арналған ақылды киім ұсынды. Ол қозғалыс кезінде бұлшық етке демеу болады. Электронды импульс пен жасанды интеллект қолданылады. Демек ақылды киімнің көмегімен спорттық жетістіктер де артады.
Жаңашылдық биыл онлайн ұйымдастырылған Consumer Electronics Show көрмесінде таныстырылды. Велокиім үлгісін Саутгемптон университетінің нейробиологы, доктор Девон Льюис жасаған. Киімнің ішкі бөлігінде датчик пен сымдар бар. Солардың көмегімен электронды импульс түзіледі. Велошабандоздың бұлшық етіне сөйтіп демеу болады. Ал жасанды интеллект нақты қай бөлігіне керегін анықтайды. «Осындай ынталандыру тәсілі қимылды барынша тиімді етеді» дейді мамандар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!