Тәуелсіз  елдің  жасампаздығы  жолында оның тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтау мақса­тында қызмет  атқарып  жүрген жандардың  еңбегі ерен. Соның ішінде аса жауапкершілікті, төзімділік пен шыдамдылықты талап ететін қылмыстық-ат­қару жүйесі саласы қызметкерлерінің азаматтық тұлғасы көпке үлгі. Қызылорда облысы қылмыс­тық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/1 тергеу мекемесінің кадр саясаты тобының кә­сі­би қызметтік және дене шынықтыру даярлық жө­нін­дегі аға инспекторы әділет аға лейтенанты Нұр­жан Дүйсенұлы антына адал, сертіне берік, Отан алдындағы парызын риясыз атқарып жүрген қыз­меткер.

Шоқтығы биік мамандықты таңдап, құқық саласында абы­ройлы қызмет ету – оның бала күнгі арманы. Мектепте әскери дайындық сабағынан дәріс беретін әкесінің қатал тәрбиесін көріп өскен Нұржан оқушы кезінде-ақ балалық қиялында құқық саласының маманы болуды мақсат еткен. Әсіресе, сырт көз бірден назар аударатын нысанды киім үлгісін киіп жүру, оның әскери қызметкер болуға деген талпынысын арттыра түсті. Қорқыт ата  атындағы ҚМУ-да  Алғашқы әскери дайындық мамандығында  оқыды. Жалындаған жас, облыстық жастар саясаты ұйымының беделді мүшесі болды. 2013 жылғы Қызылордағы ең үздік жастар қатарынан табылып, топты жарып, көшбасшы деген атаққа ие болды. Қазақ гуманитарлық-заң және техникалық колледжінде оқы­тушы болып жұмыс істеп, студенттерге дәріс берді.

Расында, Қызылорда облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/1 тергеу мекемесіне  2017 жылы келіп, Режим және күзет бөліміне бақылаушы болып жұмысқа қабылданған Н.Кушеров, осы уақытқа дейін бұл саланың  қиындығына төтеп беріп, мекеме басшылығы тап­сыр­ған қызметтік міндетін мүлтіксіз атқарып келеді. Бү­гінгі таңдағы басты міндеті – кадр саясат тобының  кәсіби қыз­меттік және дене шынықтыру даярлығы жөніндегі аға инс­пекторы ретінде, жеке құрам қызметкерлерінің кәсіби даярлығын көтеру. Жалпы алғанда, саптық байқау, мекеме қызметкерлерінің сыртқы түрін тексеру, саптық машықтың деңгейін, үйлесімділігін, жеке құрамның функционалдық мін­деттерін қамтамасыз етуге дайындығын тексеру жатады. Тағы да бір атқаратын міндетінің бірі, арнайы континент тара­пынан қылмыстар мен өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттің уа­қы­тылы алдын алу, жолын кесу мақсатында іс-шараларды ұйымдастыру мен қызметкерлердің табельдік қаруды, арнайы құралдар мен дене күшін қолдану, пайдалану ережелерін білуі бойынша аптасына екі рет дене жаттығу жұмыстарын да жүргізеді. Сол дене жаттығуларының нәтежиесінде жеке құрам жігіттері арасынан спорт шеберлері мен чемпиондар шығуда. Олардың дені қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері ара­сын­да өтілетін қоян-қолтық спорт түрі бойынша жарысқа қа­ты­сып, жүлделі орын алуда. Нұржанның өзі де, осы спорт түрі­нен  республикалық жарыстарда жүлделі орын­дарға ие болған. Көптеген мақтау қағаздары мен  кеудесіне  жарқыратып  таққан медальдары да бар. Спорт шеберлігіне үміткер. Қызметінің  қиындығына тө­теп беріп жүргендігі жеке отбасылық өмірінің беріктігінен де болар. Нұржанның  тағы бір ерекше  қыры, ақындардың өлеңін нақышына келтіріп, мәнерлеп оқиды. 2019 жылы мемлекеттік қызметкерлер арасында өткізілген Абай атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің облыстық байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Бұл жетістігі оның тек өзінің ғана емес, халық алдындағы қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерінің абырой, беделінің артуына да игі ықпалын тигізгені анық. Сонымен қатар Нұржан мекемеде өткізілетін кез-келген мәдени іс-шараға белсене қатысып, ұйымдастырып отырады. Көпшілік алдында көшбасшылық танытып, көсіле, шешіле көркем сөйлейтін қабілеті де зор. Ол 3К-169/1 тергеу мекемесіндегі мемлекеттік тілдің  қолдану аясының мәртебесін көтеруге  барынша атсалысып журген ардақты азамат.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!