Кез келген қыз-келіншек әшекей бұйымға құмар. Сырға болсын, алқа болсын ұнатып, тастамай тағы жүреді. Ал сол бұйымдар ісмерлердің күн-түнгі көз майының нәтижесі. Шыдамдылықты, төзімділікті, сабырлықты қажет ететін бұл саладан Аружан Жалынқызы алыс емес. Алғашқы тапсырысын инстаграм әлеуметтік желісі арқылы қабылдаған кейіпкеріміздің қазір тұтынушылары көбейген. Ол сырға, білезік, алқа, шашбау, балаларға арналған түйреуіштің түр-түрін жасайды.
Кейіпкеріміз небәрі 19 жаста. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде педагог-психолог мамандығы бойынша білім алады. Инені бала кезінен серік еткен. Қолөнермен 16 жастан бері айналысып келеді. Қажет құралдарын Алматы қаласынан тапсырыс бойынша алдырады. Заман талабына сай, жастардың сұранысы бойынша жасап жүрген өнімдері көздің жауын алатыны да рас.
– Қолөнермен айналысуыма себепкер – әжем мен әпкем. Ешқандай қосымша курстарға қатыспадым. Біздің бойымызға сіңген тәрбие, қыз баласының ісмерліктен алыс болмауы маған көмектесті. Ғаламтордан бір-екі үлгісіне қарап, қолымды үйреттім. Уақыт өте машықтандым. Өз идеямды қосып, өзгешеліктер енгізе бастадым. Қызығушылығым күннен-күнге артып келеді. Осылайша бірте-бірте тапсырыс қабылдай бастадым, – дейді Аружан.
Аружан білезіктен бөлек, қалыңдық гүлі, қыздар қауымына қажетті әшекейдің барлығын жасап жүр. Оның айтуынша, бұл бүгінгі күні сұраныстағы дүниелер. «Мектеп оқушыларынан бастап, студенттерге дейін қызығушылық танытады. Наурыз мейрамына да тапсырыс көптеп түсіп жатыр. Барлығы әпке-қарындастарын қуантуға асық», – дейді ол.
Былтыр қалада қолөнер бұйымдарының жарысы өтті. Сол байқауда Аружанның үздік танылғаны есімізде. Сөзге шебер, іске ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтың бірі – қолөнерді дамытып жүрген жас үлкен үміт сыйлайды. Осыған қарап, бүгінге мирас болып жеткен өнердің ізі жоғалмасына сенім мол.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!