Тез арада артық салмақтан арылып, сымбатты дене пішініне қол жеткізгіңіз келе ме? Онда Облыстық жастар ресурстық орталығының фитнес тренері, бокстан Қазақстан чемпионы Ернар Әбсаматтың жастарға арналған екі апталық онлайн арықтау марафонынан қалыс қалмаңыз. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен марафонға кімдер қатыса алады және қандай талап қоятыны жайында Ернармен тілдескен едік.
– Марафонға қызығушылық танытушылардың саны күн санап артуда. Марафонға кімдер қатыса алады?
– Жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Марафонға қатысуға қызығушылық таныт­қан кез келген жас қатыса алады. Марафон – 18-31 қаңтар аралығында өте­ді және қатысу тегін.Әрбір қатысушы ең бірінші 87007697025 нөміріне ха­бар­ласып тіркеледі. Бастапқыда барлық қатысушының салмағын арнайы тір­кеп аламыз. Марафон соңында кімнің қанша салмақ тастағанын осылай анықтаймыз.
– Қатысушыларға қандай талап қойылады? Толық болуы міндетті ме?
– Марафонда арықтауға қажетті кеңестер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйл­айтын позитивті әңгімелер айтылады. Сонымен қатар Жастар ресурстық ор­талығының youtube каналындағы «Онлайн спорт» бағдар­ламасындағы жаттығулар беріледі. Одан бөлек қосымша жаттығу қажет болса,, оны да қамту жоспарланған. Мұнда қатысушылардың ұсыныс-пікірі ескеріледі.
– Онлайн марафон арықтауға қаншалықты әсер етеді? Көзбояу­шылық болмай ма?
– Жалпы марафонға қатысуға өтініш білдіргендердің басым бөлігі нәзік жандылар. Марафонды онлайн форматты ұйымдастыру бір жағынан жұмыс бастылар үшін тиімді. Екіншіден, пандемия уақытында арықтаймын деп талай табалдырықты тоздырғандар енді үйде отырып-ақ кеңес алуына мүмкіндік туады. Одан қалды қазірде арықтаймын деп, түрлі ауруға шалдыққандардың саны артуда. Сол себепті арықтауда ескеретін бірнеше ережелер бар. Мысалы, дұрыс тамақтанумен бірге жаттығу жасамасаңыз, арықтағаныңызбен теріңіз салбырап қалуы мүмкін. Осы сияқты құнды кеңестер марафонда қамтылады. Шараны ұйымдастырудың алдында сала мамандарымен кеңесіп, зерттеу жүргіздік. Артық салмақтан арылып, осы жылы жаңа қалыпқа енгіңіз келсе, онлайн марафонға қатысуға шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!