Осыдан біраз жыл бұрын ЮНЕСКО жариялаған әлемдегі ең көп аударылатын кітаптар тізімінде махаббат пен мейірімге толы бір туынды бар. Кішкентайлардың сүйікті кітабы «Ұзыншұлықты Пиппиді» білетін боларсыз?! Міне, осы кітап әлемдегі жүзге жуық тілге аударылып, аталған тізімде бесінші орынға жайғасқан. Еңбектің авторы Астрид Линдгрен өз балаларына ғана емес, әлемдегі әрбір бүлдіршінге қайталанбас шығармаларды тарту етті.

Астрид – Швецияның аңыз адамына айналған балалар жазушысы. Оның қиялға бай, ғажап туындыларының дүниеге келуіне кішкентай қызы Карин әсер еткен. Баласы ауырып қалған әр кеште ойын аулағысы келген ананың ойдан құрастырған ертегілері мен әңгімелері уақыт өте келе дүниежүзінің әр баласы оқитын туындыға айналды. Арқасында ұшатын қанаты бар шатырдағы Карлсон мен Балақай сізге де таныс болар. Бұл да бүлдіршінін тәтті ұйқыға бөлеген Астридтің кезекті туындысы болатын. Оқиға барысында сан түрлі жағдайды бастан өткеретін жирен шашты Пиппи туралы әңгіме біраз жылдан соң қарапайым анаға жазушы атағын сыйлады. Астрид қызы он жасқа толғанда «Пиппи туралы хикая» деп аталатын алғашқы кітабын сыйлыққа береді. Балалардың сүйікті кітабына айналған бұл туынды 1945 жылы жазылып, 1950 жылдары жарыққа шыққан. Кішкентайлардың көңіліне қуаныш сыйлаған жазбаның бәрі Астридті балалар әлеміне жетелей түсті. 1944 жылы «Робен және Шёгрен» баспасының байқауына қатысқан ол «Бритт Мари жаныңды қыспақтайды» повесімен жүлделі орынға ие болды. Әрі балалар әдебиетінің редакторы болуға шақырған баспаның ұсынысын қабылдап, зейнетке дейін осы жерде қызмет жасайды.
Мағынасы да, мәтіні де балаларды жылулыққа бөлейтін «Ұзыншұлық Пиппидің» қазақша «сөйлегеніне» де көп бола қойған жоқ. Барлық баланың күшті, еркін болуды армандайтыны рас. Ал Пиппи − әлемдегі әрбір баланың арманын жинақтаған кейіпкер. Айналасындағылардың бәрі Пеппиді тәрбиелегісі келсе де, оның балалықпен қоштасқысы келмейтін тілегін ұғынуға тырыспайтыны қазіргі қоғамды да суреттегендей болады. Осындай қызықты сюжеттен құралған туындыны Мира Сембайқызы үш ай уақыт ішінде қазақ тіліне толық аударып шыққан екен.
“Көп балалалы ана болғандықтан өзім де балаларыма арналған қазақша кітаптар іздеп интернет-дүкендерді ақтарып отыратынмын. Әйгілі швед жазушысы Астрид Линдгреннің “Пиппи Ұзыншұлық” шығармасын аудару мен үшін үлкен тәжірибе, қызықты жұмыс болды. Қазақ тіліндегі балалар шығармасына тағы бір кітаптың қосылатыны және оған себепкер болғаным мен үшін үлкен жетістік.Өзім де балаларға арнап шығармалар жазып жүргендіктен, әрі Пиппидің оқиғалары жеңіл, ойнақы болғандықтан аударма барысында айтарлықтай қиындықтар болмады. Редактормен “Pippi есімін Пеппи, әлде Пиппи деп аламыз ба?” деп біраз талқыға салып, ақыры дұрыс оқылуына сүйеніп, Пиппи деп алдық. Басқа тілдерге аударылғанда да Pippi деп алған”, – дейді аудармашы отандық басылымға берген сұхбатында.
Астрид − қаламы мен қиялы арқылы балаларға арнап «ғажайып ертегі» әлемін қалып­тастырған тұлға. Оның «Калле Блюм­квист», «Мио, менің Миом» атты ертегі, сурет кітаптары, әндер жинағы да бүлдіршіндерге деген сүйіспеншілікпен жазылған. Ал 1955-1973 жылдар аралығында шыққан «Шатырда тұратын Карлсон» трилогиясы балалар үшін тамаша туындыға айналды. Әлемнің кішкентай тұрғындарына осылай қуаныш сыйлауды көздеген Астридтің еңбегі қоғам тарапынан елеусіз қалған емес. Ол 1958 жылы балалар әдебиетіндегі Нобель сыйлығы ретінде ұсынылатын Кристиан Ханс Андерсен медалімен марапатталған.
Ғаламдағы ең ғажайып махаббат − ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік екені рас. Ал Астридтің жазбалары соны өзгелерге мейіріммен жеткізген керемет үлгі.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!