Қазақ балаларын ептілік пен жылдамдыққа үйреткен асық ату ойынының «жаңа дәурені» келді. Енді балақайлар бір-бірімен емес, роботпен жарысып асық ойнайды. Жуырда Қызылорда қаласындағы №3 IT мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Дидар Көбенов асық ойнайтын робот ойлап тапты.

Робот қалай асық ойнамақ дерсіз?! Дидардың айтуынша, арнайы талаптарды орындайтын роботтың жобасын дайындауға көп уақыт кетпеген.
– Жаңа роботты «асық ату» деп атадым. Өз жобам арқылы ұлттық ойынды насихаттағым келеді. Бұл роботтың мақсаты – асықтарды атып, шеңберден шығару. Жолақшаның бойымен асық сырғанап келеді де, резеңкенің күшімен атылады. Алда болатын ІТ жарыста осы роботты таныстырмақпын, – дейді жас өнертапқыш.
Әрине, техниканың біздің балалардай асықпен түрлі ойын ойнай алмасы анық. Дегенмен, көнеден жеткен ұлттық спорт түрінің қазіргі технологиямен ұштасқаны қуантады. Ес білгеннен ІТ игілігін көрген буын робот қарсыласын көргенде таңырқай қоймас.
Осы мектептің 3 сынып оқушысы Аруна Даниярова да 3D қалам арқылы түрлі бұйымды жасаумен айналысады. Ол – білім ордасындағы 3D модельдеу үйірмесінің қатысушы. Балақай бос уақытымды осы үйірмедегі жұмыстарға арнаймын дейді.
– Үйірмеде 3D қаламмен түрлі бейнелер жасадық. Біз жасап шығарған заттарды үйді әсемдеу үшін қолдануға болады. Тіпті, достарыңа да тарту етуге болатын тамаша сыйлық, – деді Аруна Даниярова.
Айта кету керек, былтыр қолға алынған «бағдар­ламалау мектебі» жобасы № 3 IT мектеп-лицейінде 3 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, жоба аясында мектепті басқару жұмыстарын автомат­тандыру, оқушыларға арналған 13 үйірме, сондай-ақ телестудия кабинеті жұмыс істейді. Қазір балалар осы арқылы IT әлемінің мүмкіндіктерін ашып, тәжірибе жинауда.
– Біздің мақсатымыз – оқушылардың шығармашылығын дамыту, яғни оқушылардың интеллектісін ояту. Сондай-ақ, оқушының бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету. Шәкірттеріміз бос уақытында мектепке келіп, мұғалімдермен жұмыс істеп, өздерінің қабілетін дамытады, – дейді №3 IT мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Гүлжазира Әбдіразақова.
Білім ұясының басшылығы алдағы уақытта техникалық базаны жетілдіру үшін жұмыстар атқарылатынын айтты. Қуантарлығы, қазірдің өзінде ұлттық мәдениетімізді дамытуға арналған жобалар жасалуда. Бұл нәтижелі жұмыстың басы деп білеміз.

Е.Ертайқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!