Ежелден ат үстінде өскен қазақ үшін атқа мініп серуендеу таңсық емес. Бірақ жылқыны емдік мақсатта қолданатынын көпшілік біле бермейді. Айта кетсек, әлемдік медицинада жылқымен емдеу туралы тұжырымдама Гиппократ еңбектерінде кездеседі. XVIII ғасырдың ортасында ғалым Дени Дидро «Атпен жүрудің денсаулықты сақтаудағы маңызы» атты трактатында атқа мініп жүрудің көптеген ауруларға ем болатынын жазып кеткен еді.

Ал иппотерапияның денсаулыққа пайдасы ХІХ ғасырдың соңында ғана кеңінен зерттеле бастады. 1960 жылдарға дейін Германия, Австрия, Щвейцария секілді Еуропа мемлекеттерінде атқа міну қосымша физикалық ем ретінде ғана қолданылса, алғашқы стандартталған бағдарламасын 1980-жылдардың соңында канадалық және американдық терапевттер жасап шығарған. Германияда осы ілімді үйреніп, Солтүстік Америка қоғамына енгізеді. Нәтижесінде 1992 жылы АҚШ-та алғашқы «иппотерапевтер қауымдастығы» құрылды. Кейін бұл ем түрі өзге мемлекеттерге де таралды.. Қазақстанда 2000 жылдардан кейін ғана ұшса – қанат, жесе – ет, мінсе – тұлпар саналатын жылқы емдік мақсатта қолға алына бастады.
Атпен жүрудің артықшылығы неде? Аталған спорт түрі денені шынықтырудың ең тиімді емдік тәсілі десек, артық емес. Ғылымда ол иппотерапия деп аталады. Иппотерапия арқылы адамның жүрек-қан айналымын жақсартып, жүйке жүйесі ауруларын емдеуге болады. Сондай-ақ ат үстінде жүру адамға эмоциялық жағынан да жағымды әсер етеді.
Ғалымдардың айтуынша, аттың бірқалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен. Яғни, барлық буын қозғалысқа түседі деген сөз. Сол себепті атқа міну – адамға биохимиялық тұрғыда оң ықпал етіп, ағзаны нығайта түседі. Жылқы бұлшықеттерінің қозғалысы – массаж жасауға қабілетті көптеген элементтен тұрады және ағзаның одан әрі күшеюіне алып келеді.Өйткені жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары болады. Атқа отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қанның жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады екен.
Иппотерапия, әсіресе, жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек-ми жарақатын алғанда, психологиялық мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл-күй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, шорбуынға және тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда, бір сөзбен айтқанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуге қолданылады. Тіпті, есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да өз пайдасын тигізеді екен. Риат Шони: «Осыдан тура 6 мың жыл бұрын Ботай қонысын мекен еткен көшпенділер алғаш рет асауға ауыздық салып, төрт түліктің төресі – жылқыны қолға үйретті. Содан бастап адамзат тарихында өркениеттің жаңа дамуы басталды» деген болатын. Иә, жылқыға қазақтың бүкіл көшпенді өмірі, бір ұлттың тағдыры байланысты. Дертке дауа, көңілге күй, жүрекке тыныштық сыйлайтын жылқыны бағалауымыз керек сынды…

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!