Қадым замандар­дан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан қасиетті ырымның бірі – ақ құю, ақ алып шығу. Қазақ ұғымында қымыз, шұбат, айран сынды жалпы сүт тағамдары «ақ» деп аталады, ерекше құрметтеледі. Сонымен бірге ақ түстің өзі де адалдық, тазалық­тың белгісі саналған.

Дәстүр бойынша ауылға келген көш, үйге келген қонақтың алдынан ақ алып шығу адамгершілік парыз саналса, жаңа көшіп келгендер ризалық білдіріп, алғыс айтады. Сонымен қатар қазақ халқы үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады. Бұл досқа да, дұшпанға да құрметпен қарау керек деген түсініктен шыққан. Ырымның мәні өзіңе зиян жасамаса, сен де тиме, дұшпаның болса да дәміңді аяма дегенге саяды.
Арада қанша ғасыр өтіп, тәй-тәйлаған қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де, аққа деген құрмет баяғыдай, сұраныс сол қалпында. Дегенмен алдына сиырын салып, айран пісіп, құрт жасайтын ауыл қазағы азайған. Ауылдың ағарғаны сіз бен біз үшін арман болған уақыт. Дүкенде сатылатын пастерленген сүтке қол жеткізудің өзі қуаныш. Қазір көбі пастерленген сүттің құрамында ұнтақ түріндегі қоспаның барына да бас ауыртпайтын болды, бойындағы дәрумендердің пастерлену барысында жойылып кететінінен хабардар болсақ та, сатып аларда ойланбаймыз. Жаңа нарықта аталған сүт өнімінің түр-түсі көп болғанымен, қойытылған, қорапқа құйылып, жыл бойы сақтала беретін, майлылығы жоғары сүт өндіруден өңірде бәсекелес кәсіпкерлер аз емес. Сырбойылықтар үшін сүт фермаларының саны артып келе жатқаны дәтке қуат. Соның бірі – жаңадан ашылса да, тұрақты тапсырыстарды қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарын да кәсіпке икемдеп отырған «Тұрмағамбет» ЖШС фермасы.
Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылынан ашылған сүт өңдейтін шағын зауыт бүгінгі таңда бүтін ауылды ғана емес, облыс тұрғындарын ақпен қамтамасыз етіп, қарқынды жұмыс істеп келеді. Бұрын ауыл халқы сүтін арқалап автобуспен қалаға тасыса, қазір ол күндер артта қалған. Зауытқа күнделікті сауған сүтін өткізіп, қолма-қол ақысын алып отыр. Осылайша кәсіптің жандануына ауыл халқы түгел атсалысуда. Елдімекенде қазір сүтті мол өндіру мақсатында сиыр асырауға бекінгендердің де қарасы қалың.
– Ауыл халқы бұрын сүтті қалаға, аудан орталығына апарып сататын. Қазіргі таңда осы ашылған сүт зауытына өткізеді. Шағын зауыт – тұрғындар үшін де кәсіптің көзі. Болашақта мал басын арттырып, сүтті молайту жоспарда бар. Сүт өнімдерін аудан көлемінде жеткізіп береміз. Тұрақты тапсырыс беретін жұртшылық дән риза, – дейді «Тұрмағамбет» ЖШС-нің директоры Нұржан Пірмантаев.
Шағын ауылдан шығатын сүт қалай дайындалады? Алдымен зауыт мамандары үлкен ыдысқа сүтті құйып, оның майлылығы анықталған соң әрі қарай жалғастырады. «Майлы сүттен қаймак, кілегей, майы алынбаған айран жасаймыз. Сепаратор арқылы қаймағын бөлек аламыз. Содан кейін айран жасалады. Мұның бәрі арнайы аппарат арқылы жүзеге асады. Табиғи өнім болғандықтан ұзақ сақтауға келмейді. Жарамдылығы небәрі 10-12 күн ғана.
Мұнда айран, қаймақ, сүзбе, құрт, сарысу өңделеді. 21 млн теңге тұратын құрылғы Ресейдің Екатеринбург қаласынан әкелінген. Әзірге тәулігіне 500 литр сүттен 1 тоннаға жақын өнім шығаруға жарап тұр», – дейді кәсіпкер.
Цехтан өндірілетін сүт өнімдерінің бағасы да қалтаға қонымды, экологиялық жағынан табиғи, таза. Қолда бар шикізаттан дайын өнім шығарып, халықты қамтып отырған шаруашылыққа тұрғындар алғысын айтуда. «Қармақшы ауданы Тұрмағанбет ауылынан сүт өндіріліп отырғанын білгенде ерекше қуандым. Себебі шағын ғана ауылдан күнделі кті тұрмысқа қажетті өнімнің шығуы – тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де тиімді. Қала дүкендерінің бірінен осы цехтың сүт өнімдерін сатып аламыз. Жаңа бастамаға сәттілік тілейміз. Адал жолмен жасалып жатқан өнім арқылы елдің көңілі де ағарсын!», – дейді қала тұрғыны Гүлбаршын Рахманқызы.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!