Қазір темір тұлпар тізгіндегендердің қатары қалың.

Ал ақау шықса, қайда барсаңыз да тізілген кезек. Таң азанда барған жерден қара кеште бір-ақ шығасыз. Ал Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылының халқы көлік бұзылса, сабылып қалаға бармайды. Ауыл тұрғыны Медеу Сағымбаев елді мекеннен көлік жөндеу орталығын ашып, кәсібін жүргізуде. Көліктің қозғалтқышы, жүріс бөлігі, электр тогы, қысқасы, бесаспап маман көліктің қай жері бұзылса да, әмбебап дәрігер тәрізді демде «дертін» тауып, «шипасын» жасайды.

Бұғанасы қатпай жатып, «Восход» маркалы мотоциклдің рөліне отырған бала Медеу бірте-бірте техниканың тілін тауып, өзінің бейімін арттыра бастады. Бертін келе, сәл үлкендеу «ИЖ» маркасын иеленді. Қазір Газель орташа салмақтағы жүк көлігіне отырған. Үнемі тынымсыз тірлік үстінде жүретін ауыл халқына кең қол­даныстағы көлік түрі шаруаға ыңғайлы екенін айтады ол.

«Техникада қандай бөлшек болса, қандай ақау болса, соның бәрін жасаймыз. Мәселен, газельді алсақ, сынған рамаларын да бүтіндеп, арнайы қабаттайтын бөлшегін алдырып, саламыз. Шіріген жерін кесіп алып, зауыттан шыққандай етіп, жаңартамыз. Қозғалтқышын жаңалап, күшін арттырамыз. Сайлентблоктары мен доңғалақтары, қай жерін істеу керек болса, сол жерін жөндейміз», – дейді Медеу Қалданұлы.

Газель демекші, елде газелдің ұзындығы мен ені стандарт қалыпта жүреді. Одан ұзартып, техникалық құжатына өзгеріс енгізіп алуға да болады. Медеу алғашқылардың бірі болып, ұзындығы 3 метр 20 сантиметр газельді бір метрге ұзартқан. Тың дүниеден, жаңа қадам бастаудан қорықпайтын батыл жігіт ешкімнің көмегінсіз интернет қарап отырып, осы ойын іске асырыпты.

«Қорқа беруге болмайды. Ойыңа келді ме, білегіңді сыбанып, жоспарыңды орындап таста. Бұға беріп, уақытты текке өлтіруге болмайды. Елге қажетті нәрсе болса, үйреніп алған абзал. Алғаш рет өзімнің көлігімнің астауын созып, кейін біраз кісіге жасап бердім. Қызылорда қаласында да көне газельдің барлық бөлшегін жаңартып, мықтылап, талапқа сай жасап берген сәттеріміз көп болды. Адам өзіне жақсы жағдай жасаудан қашпау керек. Техника да тұлпар, атқа жем бермесең, аш қалатыны тәрізді техниканы да қарап, кеткен жерлерін ауыстырмасаңыз, оны да уақытынан бұрын тоздырасыз. Ал біздікі қолдан келген істі жүргізіп, елге қызмет көрсету», – дейді Медеу.

Медеудің алғашқы ісі – автоэлектрик. Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген керемет сөз бар. Әкесі электрик болған соң қанында бар қасиет Медеудің жолын ашып, биік шыңдарға бағыттады. Бойында бар қабілетін ойында бар мақсатымен ұштастырып, Алматы қаласынан біліктілігін де арттырып келді. Үйренгені де, еске түсіргені де көп. Сол сабақтары оған әлі де септігін тигізіп жүр.

«Кей көліктердің ақауы көзбен көріп, қолмен ұстап тұрсаң да шешілмейді. Ондайда арнайы осы жұмысқа лайықталған құрылғы аппарат керек. Мен оны да алып қойдым. Шетелдік автокөліктерді компьютерлік диагностикадан өткіземін. Қазір бұл жаңашылдықтың пайдасын көріп жүргенімізге де көп болды. Дамыған қоғамда заманауи құрылғысыз болмайды», – дейді бесаспап жігіт.

Бүгінде Медеуді арнайылап сырттан іздеп келетіндердің де қатары қалың. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылға жолда қалған талай көлік келіп жатады. Ондайда адамдық асыл қасиеттерімен танымал кейіпкеріміз жылдам, тиімді бағада жасап, жолаушыны жолдан қалдырмайды. Шіркейлінің айналасындағы елді мекендерден де көлігін жөндеуге келетіндер көп. Ауыл тұрғыны Нұрсұлтан Жұманазар да газель автокөлігінің ақауын тексертіп жатыр екен. Ол елде маманның болғанына қуанышты.

«Қазақта «Елде болса, ерінге тиеді» деген керемет бір сөз бар. Қажетті маманның ауылдан табылып жатқанына қуанасың. «Алыстан арқалағаннан жақыннан дорбалаған жақсы» дейді ғой. Көлігіңді қалаға сүйреткеннен осында әкеліп, істетіп алып жатасың. Автомеханик те іздемейсің, автоэлектрик те іздемейсің, бірнеше саланы бойына сіңіріп, ұршықша иіріп отырған Медеу бауырымызға алғысымыз шексіз. Кәсібі өрге жүзе берсін, келушілері көп болсын», – дейді Нұрсұлтан.

Иә, жалынды жастардың ауылды көтеруге, елдің дамуына атсалысып жатқаны қуантады. Халық ауылдан қалаға үдере көшіп жатқан заманда елдің еңсесін көтеріп, туған жерге туын тіккен Медеуден мұның да себебін сұрап көрдік.

«Қалаға барғанда да табатын табысың  осы. Одан өзіңнің кіндік қаның тамған шаңырақта, елге еңбек етіп жатқаның жарасымды емес пе?! Ауыл – бар қазақтың қарашаңырағы. Оны көтеру, тірлігін қарқынды ету – біздің мойындағы жүк», – дейді Медеу.

Француздардың 1994 жылы шығарған автокөлігінде ақауды таппай жүргеніме көп болған. Қалаға қанша рет барсам да, мамандар таптырмай жүрген бір детальді «жаңадан ауыстырмасаң болмайды» деп шығарып сала беретін. Медеуге көрсеттім, ол дереу іске кірісті. Иә, сөйтсек, көпшілігі артық жұмыс істеп, басын ауыртқысы келмейді екен. Ал Медеу қалтаңнан шығынның аз кетуін ойлап, сол істен шықты деп алып тастаған бөлшектің өзін кәдеге асырып, қолыма ұстатты.

Иә, біздің елде қолынан іс келетін жастар жетерлік. Бірақ оны көретін көз керек екенін түсіндім.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!