Тарихи оқиға – тағылымға толы естелік. Ал отбасы тарихы ұрпақтар сабақтастығын күшейтеді. Оны жалғауда ұлттық дәстүрдің орны тіпті ерекше. Соның ішінде көріпкелдік, емшілік, шипагерлік бар.

Қазір ғылыммен қаруланған заман. Ал бұрындары осы балгерлер ел аралап, сырқау жандарды емдеп, түрлі әдіспен жазған. Халық арасында да оларға деген құрмет ерекше болған. Емшілік дәстүр бүгінгі күнге дейін жойылмай, медицинамен қатар дамып келеді. Оған Қазақстан халық емшілері қауымдастығының құрылуы дәлел. Бүгінде қауымдастық ұлттың этникалық халық емшілерін бір жерге тоғыстырды.

Соның ішінде ел ішінде белгілі Жәлен атаның әулиелік, бақсылық, зергерлік қасиеттерін кейінгі ұрпағына дарығанын насихаттауға да үлес қосты. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған жан ретінде айтарым, біздегі шаңырақтың киелі өнері арғы атам Жәлен атадан басталады. Ол тарихтың аумалы-төкпелі кезеңінде ақ найзасын қолға алып, арғымақ мінген батырлардың бірі болған. Ата қонысы – Арал ауданындағы  Ақшатау елді мекені. Дін жолын ұстанған әкесінің қорымы Сартай батырдың  қорымында жатыр. Жәлен Ерімбетұлы кіші жүз Жаманақтың  Жақайым аталығынан тарайтын  тоқал Асаннан туады. Ол әруақты бақсы әрі ұста болған. Жәлен атаның арғы аталарының бірі – Сасықбай атты бір рулы елге есімі жайылған құдіретті кісі. Тұқым қуалап, Сасықбай бақсының қасиеті  Жәлен атаға қоныпты.

Ал ұсталық туған нағашысы Анарбектен дарыған. Анарбек заманында Қазалы уезіне белгілі ұста болған. Атаның көзін көрген ауыл тұрғындарының айтуынша, 1962 жылдың тұсында науқастанып жатқан Өтеш Қожаның халін сұрай барған Жәлен атаны сыртта тұрған қожалар «жалғыз атты жақайым келді» деп мысқылдаған көрінеді. Сонда ол «екі қап құрыспен келіп едім, үш қап құрыс пайда болды, осы жерде тұрған қожалардан біреуіңді жұныртайын, барлық  қожа жабылып жазып аларсыңдар» деген кезде Өтеш қожа  «мына дауыс Жәкеңнің дауысы ғой, сол жерде тұрған қожалар қайтып, маған Жәкең келсін» деп Өтеш қожа Жәлен атаға мелде көйлегін кигізген екен. Өтеш қожаның мелде көйлегі әлі күнге дейін шаңырағында сақтаулы.

Жоғарыда айтқанымдай, Жәлен ата темірден түйін түйіп, зергерлік бұйымдарды шебер жасаған. Оның ер-тұрман әбзелдері мен белбеу, алтын жалатқан қанжары, түрлі көз тартатын бұйымдары сақтаулы. «Таза өнердің иесі жомарт келеді» деп Сайып Сарай айтқандай, Жәлен ата өте жомарт, қарапайым, қайырымды жан болған. Таза бақсылардың бойында көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, емшілік әрі сазгерлік секілді қабілет болғаны анық. Осы қасиеттерді біз әңгіме етіп отырған Жәлен атаның  және ұрпақтарының бойынан табуға болады. Шебер ата өмірінің соңына дейін ізгі қасиеттерді ұрпақтарының бойына сіңіріп кетті. Әруақты бақсы, дүкен ұстаған ұсынақты ұста, қолөнердің қас шебері Жәлен ата ақ батасын берген ұлы Сахит бабаның киелі жолын жалғады. Қасиетті қара дүкенге, баба мазарына зират етуге жер-жерден адамдар келуін тоқтатпады. Сахит атам Жәлен атаның мазарының қасынан адам түнейтін түнеухана да салды.

Сахит әкеміз әке аманатын 21 жыл ардақтап ұстады. Дүниеден өтер алдында әке зираты қасынан «Аманат» атты қара дүкен салдырды. Қара дүкенді шаңырақтың кенже баласы  Аманатқа аманат етіп табыстады. Сөз соңында ата-баба аманатын арқалайтын аманат секілді жастар көбейсін демекпін.

Ғалия ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ, Қалалық білім бөлімінің «Қосымша білім беру оқу-әдістемелік  орталығының» әдіскері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!