Ғаламтордан белгілі эстрада әншісі Нұрболат Абдуллиннің көзіне жас ала орындайтын белгілі әні бар. «Менің әкем – ең жақсы адам» деп аталатын мұңлы әуенді естісем болды, алыс ауылдағы әкем еске түсіп, менің де көңілім босайды. Қыз бала болған соң, әрине, көңілшек келетін әдетіміз емес пе? Дәл солай ән арнап, жыр жазбасам да осы бір кішкентай мәтінмен, асқар тауыма алғысымды жеткізгім келді.

Әкем Айдос Иманов жиырма бес жылға жуық білім саласында тер төккен азамат. Ата-анасының жолын қуып, Қорқыт ата атындағы университеттің «Физика және математика» мамандығын таңдаған. Жас маман ретінде туған ауылы Қазалы ауданына қарасты Майдакөл елді мекеніндегі №98 орта мектебінде еңбек жолын бастаған еді. Иә, біздің әулеттің мұғалімдік жолмен жүрген жалғыз ол ғана емес. Әкемнің інісі де тарих пәнінен сабақ береді. Ал мен ағылшын тілін игеріп, Қызылорда қаласындағы мектеп-гимназияда шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар. Бұл мен үшін зор мақтаныш.
Дүниеде мамандық атаулының төресі – ұстаз бен дәрігер деп жатамыз. Әкем білім саласына бар жан-тәнімен беріліп, шәкірт дайындауда өзіне зор талап қойған жан.
Екіншіден, менің әкем – менің идеалым. Жеке қасиеттері, өз ісінің нағыз маман болуы, отбасы мен ағайын-туысқа қамқорлығы, ұжымға деген қорғанышы, осының барлығы бізге үлгі. Өз басым әкеме қарап, мұғалім болуды армандадым. Әрі сол даңғыл жолға қадам басқаныма екі жылдың жүзі болды. Әрі әкем жеткен жетістікке жетсем деймін.
Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан мен мал бағып тер төккен шопан да ұстаздан тәлім алған. Тіпті көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де мектеп партасынан шықты. Бәрі де мұғалім дейтін қасиетті мамандық арқалағанның алдын көрді. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Русто айтқандай, олардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеуге үлес қосар бірден-бір адам осы.
Расымен тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын Аристотельді, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім Абайды, Жамбыл Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. Олар өмірде бағындарған көп асуларына ұстазының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін жақсы түсінген.
Мақала басында айтқандай, әкем Айдос тек мықты ұстаз ғана емес, білікті басшы. 2018 жылдан бері өзі оқыған №98 орта мектепте директор. Өзінің мамандығын көшбасшылығымен байланыстыра білген маман. Көшбасшы болу оңай емес. Бұл адамның ішкі күшінің, өзіне деген сенімділігінің көрінісі. Менің ойымша, олардың бойында ынта, тіл табу, ұйымдасты­рушылық және талап қоя білу, білім, білік және дағды. Бұл қасиеттер менің әкемнің бойынан анық көрінеді. Жалпы топ болып жұмыс істеу өте қиын, ал оны басқару одан да ауыр.
Осындай жауапкершілікті мойнына артқалы әкемнің еңбек жолында мектеп тарихында болмаған «Алтын белгі» иегерлері шықты. Облыс әкімі мен облыстық кәсіподақ ұйымының, аудан әкімінің бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысты, жүлделі орындарды жеңіп алды. Әр оқу жылында бірнеше түлек грант иегері атанып, ата-аналарын қуанышқа бөлеп жүр. Әкем сондай-ақ ардагер ұстаздарды ұдайы құттықтауды ұмытпайтын. Білім шаңырағына шақырып, еңбектері үшін алғыс айтудан жаңылған емес.
Рухани тұлғамыз Жүсіп Баласағұнидың «Ізгі атымен ғана ер алғысқа бөленеді» дейтін қанатты сөзі бар. Осы дарыған ізгіліктің бәрі үлкендердің батасы, өзі оқытқан оқушылардың ата-аналарының алғысы деп білемін.
Сіздің маған берген шабытыңыз бен қолдауыңыз болмаса, мен ешқашан бүгінгідей жетістікке қол артпас едім. Рақмет, бәйтерегім!


Фариза ЖАМЕТ,
№212 мектеп-гимназия мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!