Биыл жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық оқушылар Байқоңыр ғарыш айлағына сапарлай бастайды. Бұл туралы толығырақ «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов хабарлады.

«Осыдан 5 жыл бұрын мектеп турларын әзірледік. Бұл бағытта танымал тұлғаларды жобаға қатыстырдық. Бүгінде бастаманы әкімдіктер қолға алды. Қазір Байқоңырға оқушылар турын әзірлеп жатырмыз. Туризмді ілгерілетуде мектептер де ашық болуы керек. Оқушыларға арналған турларды ұйымдастыруда біз қауіпсіз, аккредиттелген және тәжірибесі жеткілікті туроператорлармен байланыс орнатуға дайынбыз.
Бұл жерде балалардың экологиялық сауатын аша түсу мәселесі де шешім табады. Мысалы, Торыш аңғарында тас ұрланған. Бұл жерде мәселе жалпы мәдениеттің жоқтығы. Осы орайда балаларға ерте жастан жөн сілтеу керек. Ұрланған тастың геологиялық құнды дүние екенін айту жеткіліксіз. Үнемі түсіндірме жұмысын жасау шарт», – деді Қайрат Сәдуақасов.
Оның айтуынша, жыл сайын 15 мың қазақстандық жас туризм туралы дәріс алады.
«Келесі айда аккредиттелген туроператорлар тобымен Байқоңырға барамыз. Онда оқушыларға арналған турларды қалай өткізу керегін қарастыру жоспарланған. Мамырда зымыран ұшыру сәтіне куә болдық.
Онда барудың жеңіл жолдары бар. Жалға берілген аймақ болғандықтан кейбір кедергілер болды. Енді ол оңайға түседі, себебі ғарыш айлағының жекелеген алаңдары «Қазғарышқа» беріледі. Биыл оқу жылының басында оқушыларға қызықты тур ұсынамыз деп ойлаймын. Бұл жерде Оқу-ағарту министрлігінің бірлесуі өте маңызды. Олар балаларға қызықты сабақтар ұйымдастыруға қол ұшын созуы керек. Сондай-ақ іске туроператорларды тартқан жөн», – деді спикер.
Сондай-ақ спикер турды ұйымдас­тыруда балалардың қауіпсіздігі және туроператорларға артылатын жауапкершілік туралы айтты.
«Тур кезінде балалар төтенше жағдайға тап болмас үшін жауапты тарап болуы керек. Осы орайда нормативтік-құқықтық актілер арқылы туроператорларға қосымша жауапкершілік белгілеуге дайынбыз. Туроператорлар жауапкершіліктен қашпайды. Олар бұған дейін де дәрігерлер, мұғалімдердің қатысуымен тур ұйымдастырып келеді. Бұл міндетті орындау үшін субсидия қажет», – дейді Қайрат Сәдуақасов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!