Біз балалық шақтан бері армандарымыздың орындалатынына сендік. Жыл сайын жаңа жылда Аяз атаға арнап хат жолдадық. Бір қызығы сондағы тілегіміздің барлығы ата-анамыздың көмегімен орындалып келді. Әдемі естелік. Міне, бүгінде балаңыздың арманы орындалатын тағы бір мүмкіндік пайда болды. «Менің арманым» жобасы Қазақстан бойынша жүзеге асуда. Мақсаты – ауыр науқасқа ұшыраған 3-14 жас аралығындағы балалардың қалауын орындау.
«Медицина жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйтқы болуымен былтыр 117 баланың арманы орындалған. Енді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» гранты аясында жоба ауқымы кеңейіп, ол еліміздің 17 аймағында жүзеге аспақ. Жобаға мемлекет тарапынан 25 миллион теңге бөлінді. Жыл басынан бері 320 науқастан өтініш түскен. Ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндерге арманын онлайн тіркеу мүмкіндігі де бар.
«Біз акцентті жазылмайтын онкологиялық ауруларға, ДЦП және даун ауруына, түрлі спастикалық және паралитикалық аурулары бар науқастарға қоямыз. Қосымша спонсорлар мен медценаттарды, басқа да ерікті, қайырымды жандарды жобамызға тартамыз», – деді «Медицина жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбдірәш Абылайхан.
Аталған жобаны «Қазақстанның медициналық жастары» РҚБ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен іске асыруда.
Жоба Сыр өңіріне де жетті. Қаладағы іргелі «Aray city mall» ойын-сауық орталығына барсаңыз, «Алма ағашын» көзіңіз шалады. Онда ілулі тұрған конвертте кішкентай ғана бүлдіршіндердің тілегі жатыр. Аспазшы, биші, өзі ұнататын блогер, немесе тик-токермен кездесу сынды қалауы жазылған болу мүмкін. Сондай-ақ осы жоба арқылы ол эстрада жұлдызымен немесе танымал тұлғамен кездесу мүмкіндігіне ие болады. «Менің арманым» жобасында Нұр-Сұлтан немесе басқа да қалаларға бару тілектерін де орындау қарастырылған. Балалардың тілегін бір ғана адам орындай алады. Мәселен, әншімен кездескісі келді делік, балақайды қуанту тек әншінің ғана қолынан келеді. Кез келген адам музыкалық аспап немесе басқа да сұраған заттарын алып беру арқылы қайырымдылық шараға атсалыса алады.
– Бастаманы біз де қолдап, атсалысу дұрыс деп шешім қабылдадық. Мүмкіндігінше жазылған тілектерді қадағалап, орындауға тырысамыз. «Балалар жылындағы» балалар тілегі орындалады деген сенімдемін, – дейді қалалық «Qosyl» «Жастар ресурстық орталығының» директоры Әліби Басаров.
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!