Қазақстандықтар “Сәтті жұлдыз”-да сәттілікке жетіп жатыр. Атап айтқанда, қайырымды іс жасаған астаналық қарапайым жұмысшы 20 миллион теңге ұтса, көп балалы ана лотарея арқылы 5 миллион теңгені қанжығасына байлаған. Жеңімпаздар мұндай бақ күтпеген жерден орын алғанын айтады.

46 жастағы астаналық Альфия үйлерге еуро жөндеу жасаумен айналысады. Қарапайым жұмысшы әп-сәтте миллионер болуды бұрыннан армандаған. Айтуынша, бұл қалауы өзі сатып алған сәтті билеттің арқасында орындалыпты.

«Бірнеше жылдан бері лезді лотереяға қатысып жүрдім. Осы уақыт ішінде үш рет 100 мың теңге ұттым. Кейде шағын сыйлықтар да болатын. Дегенмен, бір күні өзіме миллион ұтып аламын деген мақсат қойдым. Сонымен армандаған ойым әп-сәтте орындалды. Себебі бұл жолы мен “Мега миллионер” ойынынан 20 миллион теңге ұттым. Мақсатыма жеттім», – деді Альфия.
Әйел бұл сәттілікті өзі жасаған жақсылықтарының қайыры деп санайтынын айтты. 

«Күйеуім екеуміз жиенімнің қоршауын сырлау үшін қабір басына бардық. Оның қасында басқа да балалар жерленген екен. Үш қабір қоршалмаған, тіпті ескіріп, байқалмайтындай жағдайға жеткен. Келесі күні ойыншықтар, гүлдер мен тәттілерді алып, сол балалардың бейіттеріне қойып шықтық. Кейін қайтар жолда лотерея сатып алу туралы ой келді. Сөйтіп жолда соға кетіп, лотереяға қатыстым да қомақты ұтысымды қолыма алдым. Бір жағынан бұл балалардың алғысы деп ойлаймын», – деп қосты жеңімпаз.

Альфия миллион ұтып алуды жиі армандаған, тіпті оны ұтқан сәтте қандай сезімде болатынын да елестетіп көрген екен.

«Мұндай жағдайда әрқашан қуаныштан айқайлаймын деп ойлайтынмын. Алайда, дәл сол кезде бәрі басқаша болды. Мен сатушыдан сене алмай, қайта тексеріп шығуын бірнеше рет өтіндім. «Шынымен, 20 миллион теңге ұтып алдыңыз» дегенге дейін сенбедім. Сатушы сол кезде көбіне адамдардың екі миллион, ең көбі бес миллион ұтатынын айтты. Ал менде бас жүлде – джекпот болған екен», – деп қуанды астаналық.

Жеңімпаз қаражатына алдымен саяхаттауға ниетті екенін жеткізді.

«Бірде 20 миллион теңге ұтып алғанымда қасымда тұрған жігіттер өтірік екенін айтып сенбеді. Ал мен: «Сен де байқап көр! Жаңадан бастағандардың жолы әрқашан болады», -деп едім, біреуі дәл сол жерде 10 мың теңге ұтып алды. Өзім де осылай бақ сынағанды ұнатамын. Әрине, кейде ұтылатын  кездер де болады. Алайда ешқашан жұмсалған ақшаға өкінбеймін. Себебі кез келген нәрседе бақ сынап көрмеген адам, ойлағанына жетпейді”, – дейді Альфия.

40 жастағы өскемендік Динара есімді көп балалы ана да бес миллион теңгені қанжығасына байлаған.

«Бес баланың анасы ретінде мен «Қазпошта» бөлімшесінде ай сайын жәрдемақы аламын. Маған лотерея сатып алуды сол жерде кассадағы қыз ұсынды. Неге болмасқа деп ойлап, 1000 теңгеден жеті билет сатып алдым. Билеттер әртүрлі болды. Мен «Три алмаза» мен «Аладдинге» тоқталып тәуекел еттім. Осылайша сәттілік серік болды», – деп еске алады Динара.
Айтуынша, Динара әуелі билеттің өз құнын ұтып жүрген. Кейін ұтыс 100 мың теңге, соңында тіпті бес миллион теңгеге дейін жетіпті.

«Бұған дейін лотереяға мүлде сенген емеспін. Билет сатып алуға не итермелегенін білмеймін. Осындай үлкен ұтыс алғанымды, бес миллион теңге иесі атанғаныма басында сене алмадым. Күйеуім де соңына дейін барып тексертпейінше мұны әзіл деп ойлады», – деп қосты көпбалалы ана.

Динара қазір тарлау болса да екі бөлмелі пәтерде үлкен отбасымен тұрып жатқанын жеткізді. Айтуынша, енді ұтып алған ақшаны жаңа үйдің құрылысын тез аяқтауға жұмсайды екен.

дереккөз stan.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!