«Балалар жылына» орай Қызылорда облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен ауқымды жұмыстар қолға алынып, игі шаралар өткізілуде. Соның бірі – облыстық білім басқармасының қала әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған «Kinotime» танымдық шараcы балаларға айрықша көңіл-күй сыйлады.
Бұл жолы балалар сырбойылық жомарт азаматтардың демеушілігімен аптаның бір күнін кинотеатрда өткізді. «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының және бірқатар мектептің оқушылары «Kinoplex» кинотеатрында болып, балаларға арналған қызықты отбасылық комедияны тамашалады. Сондай-ақ барлық оқушыларға сусындар мен дәмді тағамдар ұсынылып, ерекше тарту жасалды.
Балалардың фильмді тегін тамашалауына «Nomad Life» сақтандыру компаниясының облыстық филиалының директоры Ғани Болатұлы, «Биали ЛТД» ЖШС директоры Асхат Шаукенбаев және «Бастау.S.» компаниясының директоры Нұрлан Тұрғанбаев қолдау көрсетті.
«Біз балаларға қуаныш сыйлаудан тартынып қалған емеспіз. Балалардың жүзіндегі қуанышты көріп, өзіміз де керемет әсер алдық. Әр бала бақытты болуға лайықты. Балаларға кинокомедия ұнаған секілді. Алдағы уақытта да осындай жақсы шараларды ұйымдастыруға дайынбыз. Жалпы кинотуындылардың балаларға беретін тәрбиелік, танымдық мәні зор», – деді сақтандыру компаниясының облыстық филиал директоры Ғани Қарғабай.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!