Бұл облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының бірлескен жобасының басты ұраны. «Отбасы күні» мерекесі аясында «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тұрғындарына отбасылық жылуды сезіндіру, мереке күні балалармен бірге болу мақсатында жобаға қоғамның танымал өкілдері шақырылған. Аз уақытқа болса да олар балаларға ата-ана болып, балаларды мейірімге бөледі. Бір аптаға созылған отбасылық байқау  мәресіне жетті. Шараны облыстық «Qyzylorda» телеарнасы таспаға түсірді.

«Баланың бәрі бақытты болуға жаралған»

«Ұлытау» отбасының  балаларына ана болуға облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, әкесі ретінде қалалық мәслихат депутаты Ерлан Мұсаев келді. 

Ақзира ҚАСЫМОВА, Облыстық білім басқармасының басшысы:

− Отбасы − ұлы құндылық. Игі тәрбие мен терең тәлім отбасындағы өнегелі қадамнан бастау алады. Ұлы мұрат жолына қол созған балаларымыздың азамат ретіндегі ұстанымы, адалдық пен парасаттылық сынды ізгі қасиеттермен тәрбиеленуі әр шаңырақтың шырайын ашады. Отбасы – жылулық ошағы. “Атамекен” отбасы үлгісіндегі балалар ауылының балаларымен бірге қызықты сәттер өткіздік. Балаларды құшағыма басып, жылулық сыйлап, мейірім мен ыстық ықыласты сезіндіру бойыма күш-қайрат берді. Балаларымыз аман болсын! Әр отбасында береке мен бірлік орнасын!

Ал «Ақжайық» отбасының анасы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова, әкесі облыстық «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Медет Жорабек болды. Өздерін  «Байқоңыр» отбасы деп таныстырған балақайларға  облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова ана болды. Ал әкелік қамқорлықты облыстық «волонтерлер фронт-офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов көрсетті. Облыстық филармония директорының орынбасары Әзиза Іздіқұлова мен Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбетов «Сарыарқа» деп аталатын отбасының балаларына мейірімін төкті. «Оқжетпес» отбасының  анасы «Бітім – медиация» орталығының жетекшісі  Ләззат Бақтыбаева болса, әке ретінде әзілкеш Құттыбай Сағындықов келді. Өз отбасыларына  «Үшқоңыр» деп ат қойған алғыр балалардың анасы С.Лапин атындағы №261 орта мектептің директоры Қарлығаш Әбдірахманова, «Ел-Арай» қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Байдәулетов әкесі ретінде жылулық сыйлады.

«Баланың бәрі бақытты болуға жаралған»

Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Гүлназ Айдарбекова мен қоғам белсендісі, «Ашық жүрек» қоғамдық қорының жетекшісі Сағатбек Қуанышбайұлы «Жетісу» отбасының ата-анасы болды.

Қарлығаш АБДРАХМАНОВА, С.Лапин атындағы №261 орта мектептің директоры:

− Бұл сайысқа қатысуға ұсыныс түскенде бас тартуға дәтім жетпеді. Көңіл пернеңді балалар үйі деген сөз басып тұрғанда менде жан қалсын ба? Алып-ұшып “Атамекен” отбасы үлгісіндегі балалар ауылына бардым. Содан бері де бір апта уақыт өтіпті ғой. Бірде күліп қайттым, бірде жылап қайттым… Ауыр… Бүкіл мәселең адыра қалғандай екен бұлардың қасында. Бейкүнә көздерден сұм-сұрқия пенделер елестеп безіп кеткің келеді-ақ. Қайда қашарыңды білмейсің… “Біз сендердің мамаларың, папаларың боламыз” дегенді айтып жүрегім орнына түсті… Алғаш келуім ғой. Ауланың тазалығы, үйлердің жағдайы, сөрелеріндегі кітаптарға дейін парақтап өттім. Балалар үшін барлық жағдайдың жасалғанын сезесің. Оны сезінбеу мүмкін емес. Балалардың қуанышын айтсаңызшы. Екі жылдан бері карантин, сырттан адам келмеген. Мәре-сәре болдық.

Қатысушылар   «Үздік отбасылық тағам», «Үздік отбасылық өнер», «Отбасылық эстафеталық сайыс» түрлерінен сынға түсті. Сайыс өтетін негізгі күні арнайы комиссия құрылып, қоғамның танымал өкілдері әкелік, аналық міндет атқарушы әр отбасына қонақ әрі сарапшы ретінде соғып, ұсынылған ас мәзірінен дәм татып, отбасылық өнерін тамашалады. Қазылар құрамында облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, ақын, Қазақстанның өнер қайраткері Серік Ыдырысов, облыстық мәслихат депутаты, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбітгүл Каримова болды.

Сайыстың үшінші кезеңі балалар ауылының ауласында өтті. Спорттық эстафеталық сайысқа барлық отбасы түгел қатысты. Нәтижесінде барлық отбасы түрлі аталым бойынша марапатталды. Бағалы сыйлықтар табысталды. Бір жеті болса да балалар шаттыққа кенелді, отбасылық өмірдің қандай болатынын сезінді. Жобаның да көздеген мақсаты осы еді.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!