Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Титов мөлтек ауданында «AULA SPORT” сайысы өтті. Жарыстың мақсаты – ауладағы жастардың саламатты өмір салтын ұстанып, спортқа қызығушылығын арттыру.
Сайыс алдында орталық мамандары балғындардың көңілін көтеру мақсатында жаппай би билетіп, тәттілер тарту етті. Жарыс спорттың үш түрін қамтыды. Атап айтқанда, қол күрес, бел темір (турник) және арқан тарту. Шараға 100-ге тарта бала қатысып, көтеріңкі көңіл-күйде керемет әсер алды. Сайыс қорытындысы бойынша белсене қатысқан үздіктер арнайы алғыс хатпен марапатталды. Титов мөлтек ауданының тұрғыны Зағипа Есжанова мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылғанын қалайды. «Шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Нәтижесінде балаларымыз бақытқа бөленіп, спортқа қызығушылығы артты. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса игі болар еді, – дейді.
Іс-шара барысында мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға байланысты кеңес беру бұрышы жұмыс істеп, орталық мамандары тұрғындардың ұсыныс, пікірін тыңдады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!