Осыдан бірер жыл бұрын қала ор­та­лығы­нан ашыл­ған  «Бал­қай­мақ» дүкені бүгін­де тұрғындар үшін етене таныс. Себебі бұл жерден ұлттық тағамның түр-түрін табуға болады. Табиғи өнімдердің адам ағзасына пайдасы зор. Сон­дай-ақ «Балқаймақ» өнімдерін жақын адамдарға сый ретінде де ұсы­нуға болады. Заман талабына сай ұлттық дәстүрді қатар дамытып келе ­жатқан орталық киіз үй, домбыра нақышында кәдесыйлар да дайындауда.

Ұлттық тағамдарды қайта жаңғыртып, қолданысқа енгізуді көздеген «Балқаймақ» өнімдері көптің сұранысына ие. Мұндағы барлық өнім сапалы, құнарлы, қай кезде де балғын күйде. Осы орайда орталық қызметкері Индира Сәдуақасова бізге ұлттық өнімдердің пайдасы жөнінде айтып берді:

‒ Ұлттық тағамдар көбіне ағарғаннан жасалады. Сүтті сүзіп, пісіріп, қайта суытып, қатық ұйытамыз, ірімшік, құрт, сүзбе жасаймыз. Оларды дайындауға, кептіруге ұзақ уақыт кетеді. Тұздылығын, қант мөлшерін қадағалап отырамыз. Тұтынушылардың кейбірі ұлттық тағамның тәтті болғанын қаласа, енді бірі тапсырыс берерде дәмі қышқыл болсын деп тілек білдіреді. Өздеріңіз білесіздер, ұлттық тағамдар кальций, темір сынды ағзаға қажетті дәрумендерге бай. Әсіресе, құрттың адам денсаулығына пайдасы зор. Сондай-ақ бізде жент, майсөк те көп пайдаланылады. Тұтынушылар «Балқаймаққа» келгенде құрт, қолдың майы, жент, майсөк, айран, шұбат, қымыз және қолдың сүтін көп сұрайды. Қазір ұлттық тағамдарға сұраныс өте жоғары. Тұтынушылар күн санап көбейіп келеді, ‒ дейді ол.

Бір қызығы, орталықта көпшілік дәм тата қоймаған өнім бар. Ол ‒ түйе сүтінен жасалатын қазақтың ұлттық өнімі. Дәруменге бай балқаймақ өкпе ауруларын емдеуге, өкпе жасушаларын қалпына келтіруге көмектеседі, иммунитет көтереді.

‒ Балқаймақт ыдайындау үшін түйенің сүтін сүзгіден өткізіп, қазанға құйып, аздап қант қосып, ұзақ уақыт (шамамен 10-12 сағат) қайнатады. Біраз уақыттан кейін сүт желе тәрізді болып, қоюлана бастайды. Дайын болған балқаймақты арнайы ыдысқа құйып қояды. Суығаннан кейін кез келген пішінге келтіріп, кесіп, шайға сүт қосылған шоколад ретінде пайдалануға болады, ‒ дейді Индира Сәдуақасова.

Жоғарыда «Балқаймақ» орталығынан киіз үй, қобыз, бесік пішіндегі ағаш қораптан жасалған кәдесыйларды табуға болатынын әңгімеледік. Мұндай кәдесыйлардың іші «Балқаймақта» жасалған осы ұлттық тағамдармен толтырылған.

‒ Кәдесый деп айтта, ойын-тойда,  ұлттық мейрамдарда берілетін сыйды немесе алымды атайды. Кәдесый ‒ құдалық, келін түсіру кезіндегі салт-дәстүрдің әдемі көрінісі. Оны сұрауға, талап етуге әркімнің хақысы бар. Кәдесый жасамау ‒ дәстүрді сыйламау, яғни ел заңын бұзу деген сөз. Ұлт мәдениетінде кәде сыйдың түрі көп және оны берудің өзіндік ережесі мен жөн-жоралғысы бар. Кәдесыйға тоқтау жоқ, оған дәлел жүрмейді, сөз өтпейді. Сондықтан кәдесыйды беру міндет деп санайды. «Балқаймақ» дүкені ашылғалы бері біз дәстүрімізді жаңғыртып, кәдесыйлардың түр-түрін шығарып келеміз, ‒ дейді орталық қызметкері.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!