Арал ауданындағы «Балықшылар аллеясында» Қызылорда облысының 85 жылдығы, Арал ауданының 95 жылдығына орай «Балықшылар слеті» өтті. Слет барысында аралдық кәсіпкерлердің жұмысы таныстырылып, балықшылардың өмірін бейнелеген картина ұсынылды. Слет «Балықтар базынасы» атты театрландырылған қойылыммен бастау алып, балық шаруашылығы саласының үздіктері мен ардагерлері марапатталды.
Осы орайда ісінің қарқынды дамуына үлес қосып жүрген мамандарға Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер», «Балық шаруашылығы саласына мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері, «Құрмет грамотасы» және «Арал өңірі балықшыларының VII слетінің» арнайы номинациялары мен «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды. Слеттің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков қатысты.
– «Қасиетті Сыр елі – Сыр салысы, төрт түлік малымен қатар балығымен де аты шыққан берекелі, құтты мекен. Бүгінгі күні теңізді өлкенің ата кәсібі – балық шаруашылығының мәні мен маңызы кеміген жоқ. Бұған дәлел, дәстүрлі түрде өтетін «Балықшылар слеті». Мақсат – балық шаруашылығымен айналысатын азаматтардың еңбегін бағалап, лайықты дәрежеде құрмет көрсету. Соңғы уақытта бұл сала ерекше қарқынмен дамуда. Өздеріңізге мәлім, Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарлама аясында өңірде ауқымды істер атқарылуда. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіліп келеді. Президент Тәжікстанда «Халықаралық Аралды құтқару қорының» құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінде Аралдың қазіргі тағдырын талқыға салды. Алдағы 3 жылда «Халықаралық Аралды құтқару қоры» мемлекет басқаруына өтіп, теңіз мәселесінің шешілуіне жаңа серпін беретінін атап өтті. Бұл мемлекет басшысының Сыр еліне, Арал өңіріне деген қолдауы ерекше екенін білдіреді. Өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен бастау алып, биыл екінші кезеңі жүргізіліп, абаттандырылған «Балықшылар аллеясы» барша балықшылар қауымына деген құрмет пен ілтипат», – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов.
Шара соңында ауданның талантты өнерпаздары ән мен жырдан тамаша тарту жасап, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қайта жаңғыртылған «Балықшылар аллеясында» биыл жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдар қойылып, шамшырақ және шаңырақ іспетті арнайы арка орнатылды.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!