«Барбершоп» – ерлер шаш қиятын, сақал-мұртын сәнге келтіретін салон. Ол еліміздің нарығына «келгеніне» көп бола қоймаса да трендтегі бизнестің біріне айналды. Пікірлерге сүйенсек, бұл бизнестің жобалық құны үш жарым миллионға жуық теңгені құрайды. Ал өзін-өзі ақтау мерзімі – 1 жыл.
Бүгінде тәуекелі көп кәсіпте шыңдалушылар көп. Талап пен талғамының, қабілеті мен қарымының арқасында іскерлігін дәлелдеп жүргендер нақты нәтиже көрсетіп жүр. Мысалы, тәжірибелі «барбер» Бақыт Бекбосын қазір бұл кәсіпке үлкен мегаполистерде – Астана, Алматы, Шымкент қалаларында сұраныс көптігін айтады.
–«Барбершоп» – әмбебап шаштараз, кәдімгі шаштараздан айырмашылығы да осында. Оның шығу тарихына қысқаша тоқталсақ, «барба» ағылшын тілінен аударғанда сақал деген мағынаны білдіреді. Ол өткен ғасырдың 30-шы жылдары АҚШ-та пайда болған. Бұл – тек ер кісілер келіп шаш, сақал-мұртын ретке келтіретін салон. Қазір аталған бизнес кең етек жайды. Оның үстіне соңғы әлеуметтік зерттеулер бойынша ерлердің арасында сырт келбетіне көбірек қарайтын, саулық пен сұлулыққа ерекше ден қоятындар көбейген. Уақыт өте сізге осы бизнес түрін қолға алу жайлы ой келсе, жобаға қажетті 3 млн теңгеден астам қаражатқа салонға керекті құрал-жабдықтар сатып аласыз. Оған «барбершоп» креслосы, шаш жуатын орын, шаштараз арбасы, үстелі бар айна, сүлгі қоятын шкаф, педикюр креслосы, маникюр үстелі, гардероб, касса аппараты, кіржуғыш машина, теледидар және осы секілді тағы да басқа бұйымдар кіреді. «Барбершоп» ашқан кәсіпкер жанына жетеуге дейін адамды жұмысшы ретінде алуына болады. Жалпы алғанда кәсіпкер бұл істі бастау арқылы 3 миллион теңгеге жуық табыс таба алады, – дейді ол.
Сонымен қатар кейіпкеріміз «барбершоптың» өз атмосферасы болу керегін алға тартты. Мысалы, бұл жай ғана салон емес, эстетикалық демалыс сыйлайтын орынға айналу керек. Қонақтарға шай, кофе ұсыну, шахмат және үстел футболын, Playstation ойнауға, шаш пен сақалды әдемі қиып, «барбермен» түрлі тақырыпта әңгімелесуге жол ашу +1 клиент әкеледі.
Жарнама, маркетингтің көмегін дұрыс пайдалану маңызды. Мысалы, бұған дейін шымкенттік жас ерлер салонының ашылу салтанатына екі ай қалғанда сайқымазақтарды (клоун) жалдап, оларды Чаплиннің стилінде киіндіріп, қала көшелерін аралатқан. Олар ешқандай жарнама қағазын таратпаған. Тек адамдармен суретке түскен. Қабырғаға граффити әдісі бойынша Чаплиннің суретінде салдырды. Сол кезде «Бұл – Чаплин», «бұл – ерлер шаштаразы», «бұл – стиль және мықты мастерлер» деген ассоциация қалыптасып, мықты клиенттер базасы жасақталған.
Бұған қоса «барберлерді» оқыту, осыған қызығушылығы бар жастарды тарту мәселесі де күн тәрбінде болуы тиіс.
– Шаш алатын, сақалды сәнді қоятын мастерлер үш деңгейге бөлінеді. Ең үздіктеріне «барбер» деген атақ беріледі. Олар стильдің бәрін меңгерген. Екіншісі, жай ғана мастерлер, оларға әлі де шыңдалу қажет. Үшіншісі мүлдем шаш ала алмайтындар. Соларға мектеп қалыптастырып, кейін өзіңізде жұмыс істеуге мүмкіндік беру немесе сертификат ұсына отырып, бренд қалыптастыру қажет. Курстарда тек шаш алуды ғана емес, адамның психологиясын түсінуді, тілдесуді үйреткен дұрыс. Мысалы, кейбір тұтынушы шаш алдыртып отырып сөйлескенді жақсы көреді, ал екінші адам керісінше болуы мүмкін. Сосын сақалдың, шаштың өзіндік стильдері бар. Әр «барбер» суретші сияқты. Әркім өзінше «сурет салады». Бірақ ол әдемі шығуы тиіс, – дейді ол.
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!