Сәрке мен Зарина – жас отбасы ретінде қатарластарына үлгі болып жүрген жұп. Бүгінде екі кестетігерді тәрбиелеп отырған жас жұбайлар бізге Ғашықтар күні қарсаңында махаббат тақырыбында әңгіме өрбітті.

Басты құндылығымыз – сыйластық

Ең алғаш танысқан сәт, сезімдеріңізді білдірген кездер естеріңізде ме?

Сәрке: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алып жүргенде болашақ келіншегім Заринаны жолықтырдым. Менің екінші курс оқитын кезім, ал ол университетке енді түскен жыл болатын. Сол уақытта «Ұлағат ұландары» жастар қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі болып жүрдім. Бірде ол «Ұлағат ұландарының» құрамына қабылдануға үміткер болып келді. «Ұлағаттың» ережелерін түсіндіріп жүріп, Заринамен етене таныса бастадым. Емен-жарқын әңгімелесіп, араласа бастаған уақыттан бір-екі ай өткен соң жігіт ретінде сезімімді білдіріп, тамақтануға, бірге серуендеуге шақыра бастадым. Осылайша біз тіл табысып кеттік. Университет қабырғасында қыз бен жігіт ретінде үш жылдай араласып жүрдік. Негізі шаңырақ көтеруге оның университеттегі оқуын бітіруін күтіп, сол уақыт таяғанда отбасыма апарып, ата-анаммен таныстырдым. Алғаш танысқан күні дастархан үстінде анам Заринадан «тұрмысқа шығатын ойың бар ма?» деп сұрады. «Иә» деп жауап берген болашақ жарымның сөзінен соң анам тойға дайындықты бастап кетті.

Басты құндылығымыз – сыйластық

Сіздерді отбасында не біріктіреді?

 Зарина: Бізді отбасында ортақ диалог біріктіреді. Екеуміз жақсы сөйлесеміз. Мысалы, Сәрке таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Үйге кеш қайтып, шай ішкісі келмесе де, менімен әңгімелесу үшін дастархан басына асығатынын айтады. Себебі шай үстіндегі әңгіме бізді жақындастырады, ол жерде біз бүкпесіз әңгімелесіп, бір-бірімізді мұқият тыңдап, қолдау көрсетеміз.

Келіншегіңізді таңдар сәтте қандай қасиеттеріне баса мән бердіңіз?

Сәрке: Зарина – өте кішіпейіл қыз. Өзінен бір-екі жас үлкен болсам да мені «аға» деп сыйлайтын. Сосын адамның сөзіне қатты мән беретін, сені түсінуге тырысып, ойымды бөліскен уақытта шешімін табуға қолдау көрсететін. Тағы бір мен ұнатқан қасиеті жанашырлығы болды. Кез келген адамға, көшеде кетіп бара жатқан жануарға болсын  қамқорлық танытатын. Тіпті өзінің жеп келе жатқан самсасын көшедегі мысықтарға «аш қалмасын» деп бөліп беретін. Жалпы алғанда келіншегімнің мінезіне ғашық болдым.

Басты құндылығымыз – сыйластық

Отбасында келіспеушілік болса кім бірінші кешірім сұрайды? Жалпы түсінбеушілік бола қалса қалай шешесіздер?

Зарина: Ол ренжіткен адамға байланысты. Кім кінәлі болса, сол бірінші кешірім сұрағаны дұрыс деп ойлаймыз. Бірақ көбіне бірінші қадамды ер адам жасайды. Ол кінәлі болса да, болмаса да (күліп). Негізі мәселені шешудің басты жолы – ашық әңгімелесу. Өкпесін жасырып, «ешнәрсе болған жоқ» деп ашуланған сайын мәселе ушыға түседі. Сондықтан отбасы болған соң жас жұбайлар бір-бірінен ешнәрсені жасырмай, ашық тілдесу керек. Отбасылы болған сәттен бастап түсінгеніміз, адам кешірім сұрай білу керек. Қатені мойындай білу – отбасын сақтап қалудағы ең үлкен құндылық. Біздің отбасының ең басты ерекшелігі де сол, отбасы мүшелері бір-бірін сыйлап, түсіне біледі. Сондықтан үйдегі басты құндылық – сыйластық деп айта аламыз. Көп таныстарымның отбасынан байқаймын, олар мәселені үйдегі жақындарымен бөліспейді. Сонда отбасы деп не үшін айтылған? Олар тек қуанышты сәттерде ғана емес, мәселе кезінде де бір-біріне қолдау көрсету қажет.

Басты құндылығымыз – сыйластық

Жарыңызды қалай еркелетесіз?

Сәрке: Қалай айтсам екен?! (күліп) Мен үйдің кенжесі әрі ұл баладан өзім ғана болған соң ата-анаммен бірге тұрамыз. Сондықтан үй ішінде келіншегімді көп еркелете бермеймін. Ал күнделікті «ботам, келіншегім» деп жылы сөздерімді айтып жүруге тырысамын. Кейде жұмыстан қолым босамай қалған сәттерде хабарсыз қалсам, оның өкпелеп ренжіп қалатын сәттері болады. Сол кездегі қолдау көрсетіп, жылы сөздермен кешірім сұрасам, оның шай орамал кепкенше тарқайтын өкпесі жазылып, балаша мәз бола қалады.

Басты құндылығымыз – сыйластық

Ғашықтар күні қарсаңындағы бір-біріңізге қандай тілек айтар едіңіздер?

Сәрке, Зарина: Бір-біріміздің көз алдымызда деніміз сау болып, мәз болып жүрсек басқа ешнәрсе керек емес. Әрдайым бір-біріміздің қасымыздан табылсақ, содан асқан бақыт жоқ. Қалған армандарымызға бірге жетеміз.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!