Адамды ізгілік пен жақсылық секілді қасиеттер биікке жетелейді. Тіпті, жәрдем беру өзгені ғана емес, өзіңді де өзгертуге мүмкіндік беріп, жауапкершілік артатыны сөзсіз. Ал халыққа көмек көрсетуді басты мақсат еткен мамандық иелерін үшін бұл міндеттің жөні бөлек. Жәрдемімен көпке танылған жалағаштық полиция майоры Ержан Әбдіраманов туралы да осы сарында сөз сөйлеуге болады.
Жуырда әлеуметтік желіде суға кетіп бара жатқан баланы құтқарған полицейдің бейнежазбасы кең тарады. Аңғарғанымыз, құқық қорғау қызметкері суға тұншыққан азаматты аман алып қалуға жанталасуда. Соңында полицей баланы жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Кейін белгілі болғандай, құтқарушы – полиция майоры Ержан Әбдіраманов. Ол оқиға орын алған күні аудан орталығының территориясын кезекті аралауға шыққан. Учаскелердің бірінде айғайлап көмек сұрап, жүгіріп жүрген балаларды көрген майор соларға қарай бұрылады. Сөйтсе, «Солтүстік жарма» каналына қармақ салып, балық аулап отырған балалар бір кезде арнада суға батып бара жатқан адамды байқап қалады. Сол кезде полицей ойланбастан суға секіріп, суға бір батып, бір шығып бара жатқан жігітке ұмтылады. Бірер сәттен кейін-ақ Ержан жүзіп жетіп, оны қолтығынан ұстап, жағаға қарай қайта малти жөнеледі. Нәтижесінде, жас жігіт ажал тырнағынан аман қалды.
Кейін полицей зардап шеккен азаматты жедел-жәрдем қызметкерлеріне табыстап, жұмысына қайта кіріскен. Кейіпкеріміздің айтуынша, мұндай жағдай тұрғындардың тыныштығын күзетуге жауапты маман үшін қалыпты болу керек. Яғни, әрбір құқық қорғау қызметкері керек кезде көмекке әзір болуы шарт.
Оқиғаны полицейдің өзі былай еске алады:
«Оқиға шамамен сағат 12:00-де болды. Каналдың жағасында жүрген 25 жастағы студент аяғы тайып кетіп, суға құлаған. Бірақ жүзу білмегесін, ештеңе істей алмай, арнамен ағып кете барады. Әрине, адамдарды құтқару, көмек керек болған жерден табылу – күнделікті жұмысым. Сондықтан, ерлік жасадым деп ойламаймын», – дейді Ержан Әбдіраманов.
Полицейдің ерлігін аймақ басшысы да назардан тыс қалдырмай, фейсбук әлеуметтік желісінде «Біз үшін әр адамның өмірі қымбат» деген бас тақырыппен жазба жариялады. Ол оқиғаға өз бағасын беріп, өзгенің өмірі үшін өмірін сынға салған мемлекеттік қызметкердің ерлігі үшін алғыс білдірді.
«Әлеуметтік желіден полиция майорының суға кету қаупі төнген адамды құтқарған бейнежазбаны көрдім. Ол өз өмірін қатерге тігіп, жігітті жағаға алып шықты. …Біз үшін әр адамның өмірі қымбат. Дер уақытында шешім қабылдау, әрекет ету арқылы майор Ержан Абдраманов адам өмірін құтқарып қалды. Ол дәл сол сәтте ерлік жасайын, елге танылайын деп ойламағаны анық. Бұл бейнежазба желіде тараған соң ғана ел білді.
Сын сағатта, қоғамның тыныштығын сақтауда осы сияқты қаншама ерлік жасалуда. Оның бәрі жарияланбайды, бірақ адамды аман алып қалу үшін кез келген полиция қызметкері дер кезінде осындай батыл шешім қабылдай алуы тиіс», – деген Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, полиция майоры 34 жаста. Жұбайы екеуі 4 бала тәрбиелеуде. Салада 10 жылдан астам жемісті еңбек етіп келеді. Қызметіндегі жемісті жұмыстары үшін «Үздік полицей» атағын алған. Дегенмен, кейіпкеріміз мұндай оқиғаға алғаш тап болғанын жасырмады.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!