Осы бір ұзын бойлы, ірі денелі, аққұба өңді, жылы жүзді балаң жігітті  қашан көрсеңіз оқушылар «ағай, ағай» деп қаумалап жүреді. Ірілігі болмаса, оқушыға бергісіз тап-таза, қағілез әрі сергек болмысына қарап, оны ортасынан ажырата да алмас едіңіз. Бұл Қызылордадағы С.Лапин атындағы №261 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі – Бекзат Асқаров.

Оны оқушыларға сүйкімді ететін бір қыры, ол сабақтан тыс уақытта мектептің жайдарманшыларын дайындайды. «Күлдіре білу – өнер» десек, әзіл мен қалжыңға бай, бірқақпайы бар, жатыпатар балалардың оны үйірсектеуінің бір себебі де осында. Әсіресе жеткіншектер мен жасөспірімдердің сүйікті «Жайдарман» ойындары теледидардан беріле бастағаннан көгілдір экран алдында отыратын балаң буын экранға шықпас бұрын әуелі ауданда не қалада, сосын облыста үздік болу керегін жақсы біледі, әрі мұның мектепішілік іріктеулерінің қызығы өз алдына. Сондықтан мектеп сахнасының гүлі – жайдарманшыларға қызықпайтын оқушы кемде кем. Бекзат мұғалім де бұл оқушыларды жан-тәнімен түсінеді, әрі барлық бала біткеннің тапқыр болатынын, оны ашу үшін жақынырақ тану керек екенін де сезеді. Мектепішілік немесе мектепаралық бағдарламаларға сценарий жазғанда балалардың өзімен жиі ақылдасады. Сабақтан тыс уақытта оқушыларды іс-шараларға еркін қатыстырып, қоғамдық іске баулуға өзінің де бір бүйрегі бұрып тұрады. Өйткені мұндай балалардың көбінде көпшіл, ұйымдастырушылыққа бейім әрі жауапкершілікті жақсы сезінетінін біледі. Бекзаттың өзінің оқушы кезіндегі көңілді тапқырлар ойындарына қызығушылығы студент жылдарында М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық жоғары колледжінің сахнасында шыңдады. Облыстық, республикалық жарыстарда оқ бойы озып шығып, колледж намысын қалай қорғаса, қазір оқушылары мектеп намысын ағайларымен тең қорғауға бар күшін салып жүр.

Бұл Бекзат Сәкенұлының сабақтан тыс уақытта балалар қызығушылығы бойынша ұйымдастырып жүрген жұмысының бір парасы. «Жас келсе – іске» дегендей, оның креативті бастамалары әрине мұнымен шектелмейтіні анық.

Бекзат – информатика пәнінің мұғалімі.

«Мамандығым бағдарламалаушы болатын. Мектепке сол мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Алайда уақыт келе информатика пәнінен сабақ беруге қызығушылығым оянды. Мектепте ер мұғалімдердің жетіспеушілігі де жиі көтерілетін мәселе ғой. Сондықтан бағымды сынап көргім келді. Сөйтіп колледжден соң «Болашақ» университетіне оқуға түстім – дейді ол. – Компьютер деген – сондай қызық әлем. Оқушылар былайынша уақытта да компьютерге үйірсек келеді емес пе?! Оқушы кезімізде «бұзып қоясың» деп бізді компьютердің маңына жолатпайтын. Мен осы олқылықтың орнын толтырғым келді. Оқушылар өздері онсыз да қызығатын бұл пәннен сабақ беру әрі оңай, әрі қиын жауапкершілігі өте зор. Өйткені балалардың қызығушылығын одан әрі дамыту, жетілдіру, үнемі жаңалықтардан хабардар ету үшін мұғалімнің өзі де жаңашыл болу керек, әрі осы пәнді өзі қатты жақсы көру керек деп есептеймін. Мұнымен қоса бұрынғы информатика пәнін оқыту мен бүгінгі талаптар екеуі екі басқа әлем. Уақыт өзгерген сайын, компьютерлер жетілдірілген сайын бұрынғы түсініктер де ескіре береді. Техника мен технология дамуының жылдамдығына көз ілеспейді, сол сияқты оны оқытудың әдіс-тәсілдері, бірінші кезекте білуге тиісті ұғым-түсініктер де жаңарып отырады.    Сондықтан өзім сабақ беретін пән бойынша да, педагогикалық бағытта та қандай жақсы курстар, семинарлар болса, бірінші кезекте қалмауға тырысамын. Өйткені мұндай оқулардың маған пайдасы ұшан-теңіз. «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деп тегін айтпаған ғой», – дейді Бекзат мұғалім пәні бойынша шабыттана әңгімелеп.

«Мақсатым – оқу, оқу және оқу. Оқи жүріп, үйрене жүріп, оқыта алатынымды, үйрете алатынымды терең түсіндім. Өз саламда заман талабына сай озық болуды алдыма мақсат етіп қойдым», – дейді Бекзат.

Бекзаттың оқушыларын оқыта жүріп, өзі де оқудан, үйренуден талмайтын қасиеті оны әркез мақтауға лайық етіп тұрады. Орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Бағдарламалау, робот техникасы және 3D-притинг» бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында академиялық оқыту курсынан өтуі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы өткізген ҚР жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері үшін критериалды бағалау бойынша каникулдық мектеп шеңберіндегі семинарға қатысуы, т.б. осының дәлелі. «Жаңаша оқытудағы критериалды бағалаудың ерекшеліктері» бойынша бірнеше сертификаты бар. Инновациялық педагогикалық әдіс-тәсілдер жәрмеңкесінде де заманауи талаптарға сай әдістемелік шеберлігімен көзге түсті.

  «Жаңашыл, шебер мұғалімдердің қатарынан өзімді көргім келеді». Бұл – Бекзаттың арманы. Егер адам өзі таңдаған жолдың дұрыстығына және оның болашағына сенсе, әрине, ол алмайтын қамал жоқ. Бүгінгі бала мұғалім – ертеңгі дана мұғалім. Ұлт шамшырағы ұстаздың айнымас асыл мұратына біз де сенеміз.

Ж.САҒИДА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!