Қыздарды гүлге теңеп, нәзік жаратылыс екенін мойындағанмен, саусақтары сүйріктей, мың бұрала майысқан әйел заты әлемді таңдандырар сан түрлі жаңалықтарды жасауға қауқарлы. Оған айналамызда жүрген түрлі кәсіп ие­ле­рі куә.

Бүгінгі кейіпкеріміз Жадыра Жағыпарова – кәсіби агроном, «Күріш институтының» ғылыми қызметкері. 1998 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған ауылында дүниеге келген ару 2016 жылы арман қуып Петропавл қаласындағы «Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы» колледжіне «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен. Колледж қабырғасында жүрген кезден-ақ практика барысында, егіс басында болғанда мамандығын одан сайын жақсы көре түскен Жадыра осы бір құштарлықтың себебімен ары қарай кәсіби жоғары білім алғанын айтады.
«Колледждегі практика барысында сәбіз, картоптан бөлек, жылыжайда бақша дақылдарын өсіру мен ең алғаш рет егіс даласында қырыққабатты қолмен үзіп жинау маған ерекше әсер қалдырды. Оңтүстіктен барып, солтүстікке үйрену басында қиын болған еді. Кейіннен бұрын өзіміз егіп көрмеген дақылдарды егіп, оларды жинау барысында мамандығыма барынша тереңінен үңіле бастадым. 2 жыл 6 ай ішін­де оқу­ым­ды жақсы тәмам­дап, қызыл диплом­мен бітіріп келдім. Өзім елге оралып, қаладағы «Күріш институты» ғылым зерттеу орталығында жұмыс істегім келген. Алайда орталыққа орта біліммен жұмысқа алмайтынын түсіндім. Сол себепті ЖОО-на жалпы грантпен тест тапсырып, 2019 жылы «М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне» оқуға түстім. Колледж дипломы бар болған соң мені бірден 2 курстан бастап қабылдады да, аталған білім ордасынан жоғары кәсіби білім мен тәжірибені жинай алдым. Практикадан өту барысында бидайдың көптеген сорттарын қолмен егуге атсалыстым. Оның барлығы – мен үшін үлкен тәжірибе», – дейді Жадыра Әбдікәрімқызы.
Осылайша сүйікті ісімен айналысу үшін мақсат қоя білген ару өткен жылы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, қазіргі таңда өзі қалаған жұмыс орны – «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ЖШС-нің» күріш және күріш ауыспалы егіс дақылдары селекциясы бөлімінде аға лаборант болып жұмыс істейді.
– Жұмыс барысында әріптестерімнің жартысынан көбінде магистр, докторлық дәреже бар. Мен де біліктілігімді арттыру үшін өткен жылы желтоқсанда магистратураға дайындалып, тест тапсырып көрдім де, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне» грантқа түстім. ҒЗО-дағы басшылықтың ұсынуымен қазіргі таңда осы салада кіші ғылыми қызметкермін. Енді осы жауапкершілікті сезініп, агрономияда тәжірибесі мол әріптес ағай-апайларым секілді күріштің жаңа сортын шығару – арманым, – дейді агроном.
Оның осы салаға келуіне бірден бір себепкер – әкесі Әбдікәрім Серікбаев екен. Қазіргі таңда «Шаған жер» ЖШС-да директордың орынбасары қызметін атқаратын тәжірибелі маман осы уақытқа дейін бригадир, агроном қызметінде 40 жылға жуық жұмыс атқарып келеді. «Әкемнің таң атқанда егіс басына кетіп, кеш батқанда келетінін көріп өстім. Маңдай тер мен тынымсыз еңбекті қажет ететін қиын мамандықтың бірі екенін білемін. Соған қарамастан осы мамандықты таңдағанда әкем «Осындай жауапкершілігі мол мамандықты таңдадың ба, енді ыстық-суығына шыдау керек» деген еді. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Жұмысқа тұрдым деп қуанып жүрген кезім. Алайда егін науқаны жүріп жатқан тамыз айында келген соң мені егіс даласына жіберді. Тапсырма бойынша жоңышқа мен түйежоңышқаны жинау керек. Ол кезде ауылдан қатынайтын болған соң, қайда келдім, не істеп жүрмін деп ойлаған, қиналған сәттер болды. Сол кезде әкемнің «Жұмысқа тұра сала жұмсақ креслоға отырамын деп ойласаң, қателесесің. Олай болмайды, қызым. Жетістікке қол жеткізу үшін кішкентай қадамдарды жасау керек. Алдымен кішісінен, қарапайымнан бастауың қажет. Қазір қиналарсың, бірақ кейін жемісін көргенде қуанасың» дегені әлі есімде.
Әкемнен де, ҒЗО-дағы ұстаздарымнан да аларым, үйренерім әлі көп. Бірге ақылдасып, барлығын ашық талқылай аламыз. Осы мамандықта жұмыс істеп жатқаныма өте қуаныштымын. Әріптестерім де бір-бір зерттеу еңбектің, күріш сортының авторлары болғанмен, қарапайым жандар. Оларға ерекше алғысымды білдіремін!», – дейді Жадыра Әбдікерімқызы.
Иә, өңіріміз – аграрлы аймақ ретінде күріш өндірісі бойынша басты орында тұр. Алайда біз нәтижені ғана көреміз. Дүкендегі бір қап тазартылған өзіміздің өнімнің артында агрономның аптап ыстықтағы маңдай тері мен ғылыми зерттеуі, бірнеше түрді будандастыру арқылы жаңа элита сорттағы күрішті шығару жолындағы ізденісі тұрғанына мән бермейміз. Қаншама құрылғының күші, далалықта азаннан кешке дейін жүретін күрішшілердің еңбегі бар. Мақтау сөз күтпей, атақ арқаламай-ақ тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз ететін де солар. Мүмкін, өмірден өз миссиясын тауып, антына, арманына адал болу деген осы шығар..?

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!