Суретші болу – бұл қызықты дүниелерді көре білу, түстерді сезіну. Бүгінде суретші болуға талпынатын жастар өте көп. Олар әлемді басқа қырынан танып, табиғаттың әсемдігін қалам арқылы жеткізеді. Барлық ғажайыпты бір параққа тоғыстыру да үлкен шеберлік екені анық. Қылқалам иелерінің жұмысын бағалаудың өзі үлкен өнер. Себебі олар бір туындыға кемінде бір жылын арнауы ғажап емес. Шабытпен жұмыс істейтін өнер иелері бастаған туындысын аяқтай алмай қалатын сәттері де жиі кездеседі екен. Бұл нағыз шығармашылық адамдарына тән дүние.

Ақындардың да туындысы дәл осылай аяқсыз қалып жатады. Десе де бұл қалыпты құбылыс. Сондай-ақ суретшілердің әлемі бөлек, түсінігі бір басқа. Олар қиял әлемінде өмір сүреді. Өзгеше, басқаша дүниені армандайды. Көкте шарықтап жүреді. Дегенмен тың дүние шығады. Осындай әсем дүниені жарыққа шығарып жүрген жас таланттың бірі – Фариза Қалибекқызы. Ол Қызылорда қаласының тумасы. №197 мектепте білім алған. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінде бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша оқыған. Сондай-ақ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде білім алған. Бүгінде М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде оқытушы болып қызмет атқарады.

Балалардың көбі балалық шағында сурет салғанды ұнатады. Ата-анасы “менің балам суретші болады” деп бір қуанып қалады. Олар ғажайып әлем мен батырларды ойлап тауып, қағаз бетіне түсіреді. Бұл бірте-бірте суретші болуға жетелейтін ерекше сезім. Біздің кейіпкеріміз де сурет салуды бала кезден жанына серік еткен.

“Сурет салу бала кезгі арманым болатын. Мен сурет салудан шабыт аламын, күш жинаймын. Шыны керек, 6 жасымнан бастап осы іспен шұғылданып келемін. Сурет салу – танымның бір әдісі. Бос уақытымның көбі осымен өтетін. Жинаған туындыларым көп. Бала кезгі салған суреттерім де сақтаулы тұр. Айтпағым, ең алдымен бала сурет сала бастаған кезде оған “мынау дұрыс емес” деп үйретпеу керек. Баланың бірте-бірте сурет салуға деген құлшынысы оянады, махаббаты ашылады. Менің бала кезімде ешкім қателігімді айтып, оны жөндеген емес. Бояуды беталды пайдалануға қарсылық білдіретіндер де бар. Бұл да дұрыс емес. Бала сурет салғанда еркін болу керек. Нені қалайды, соны жасасын. Беттің бәрін толық бояп тастаса да бұл оның өз еркінде болғаны жөн. Егер баланың кішкентай кезінен бастап өз қалауы бойынша өмір сүруге үйретсеңіз, ол болашақта өзіне не керегін түсінеді, өзі немен айналыса алатынына көз жеткізеді. Ата-анам бетімнен қаққан емес, қандай сурет салғым келеді, қандай құрал пайдаланғым келеді бәрі өз еркімде болды. Осылайша өз шығармашылығымды дамыта алдым. Қазіргі таңда туындыларыма тапсырыс көп”, – дейді кәсіби суретші.

Рас біз көбіне бала бір нәрсемен айналысса қасына барып, дұрыс-бұрысын үйретіп әлек боламыз. Бақсақ, бұл қате ұғым екен. Фариза студенттерге дәріс береді. Бірақ ол бұл әдістерді әлі де пайдаланып келеді. Басты талабы салған дүниені нашар деп дөп кесіп бағаламау. “Сенің қолыңнан келмейді” деп ынтасына балта шаппау, еркіндік беру.

–  Бүгінде суреттерімді инстаграм желісіне жүктеп келемін. Қызығушылар бар. Суретті салу уақыты картинаның пішініне байла­нысты. Сапалы бояумен саламын. Тапсырыс көбіне осы түріне түседі. Портрет жанры бойынша да саламын. Графика­лық түрінде майлы бояумен немесе түрлі-түсті қарын­дашпен портрет саламын. Мәселен, графика­лық портретке 5-6 сағат уақыт кетеді, – дейді Фатима.

Қарын­даштың түр-түрі бар. Сурет­шілер қандай түрін пайда­ланады, оларға ыңғай­лысы қандай? Мұның барлығы өздеріне аян.  “Менің ойымша, ең жақсы кәсіби қарындаштар – Faber Castell POLYCHROMOS. Бұл қарындаштардың формасы дөңгелек. Бір компанияның акварельді қарындаш­тарымен шатастыр­мау керек, POLYCHROMOS суда ерімейді. POLYCHROMOS желісінде 120 түс бар, олардың ішінде картинаға металл түсті  – алтын, күміс және қола, жалпы реңктерді таңдау таңқалар­лық дүние. Оларды пайдалану өте қолайлы, қағазға ақырын жұғады, тығыз орналасады, өте ашық түстерге ие, кірленбейді. Тіпті, қосымша бекітуді қажет етпейді”, – дейді Фатима.

Фати­ма­ның қолынан шыққан туынды­лары­ның бірі бірінен өтеді. Тапсы­рыс беруші­лер арасын­да ата-ана, бауыр­ларының карти­насы көбірек сұра­нысқа ие екен.

–  Эс­клю­зивті портрет – бұл тек сыйлық емес, нағыз өнер туындысы, музейлік экспо­зиция, тек сіздің үйіңізге немесе жұмыс орнына қажет дүние. Портрет үшін фотосурет таңдауда нені ескеру керек? Ашық түстердің көп болуы маңызды. Әлеуметтік желі фотосуреттерді сығымдайтынын, ал үлкейту кезінде кескін бұлыңғыр болатынын есте ұстаған жөн. Суреттің сапасын ескеру керек. Күндіз емес, басқа мезгілдегі жарықпен түсірілген фотосурет те жарамайды, – дейді суретші.

Балалардың бойында сурет салуды, өнерге деген талғамды қалыптастыратын уақыт – 11 жас. Өнер мектептері де осы жастан бастап қабылдап, сурет салудың қыр-сырын үйретеді. Бұл  – жас баланың ішкі еркіндігі сақталатын, қоғамдық қалып пен қорқыныштың жоқ кезі. Біздің кейіпкеріміздің де туындылары дәл осы жаста жандана түсті, ол дәл осы уақытта өз-өзіне деген сенімділігін нығайтты. Сурет әлеміне сапар шекті.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!