Қала іргесіндегі маман­дан­дырылған халыққа қызмет көр­сету орталығынан кісі аяғы арылған емес. Қай уақытта барсаңыз да, ығы-жығы, ине шаншар орын жоқ. Бірі талай жыл сенімді серігі, досы болған темір тұлпарын қимай сатып жатса, енді бірі сатып алып жатыр. Үзілмейтін процесс. Міне, осы қалың халыққа сапалы қызмет көрсетуді алдыңғы мақсат етіп алған қызметкерлердің бірі – Әсет Сұлтанғалиев. Бүгінде ол аталған орталықта маман болып жұмыс істейді.
– Мұнда түрлі адамдар келеді. Бірі қуанып келсе, енді бірі мұңайып келеді. Ал біз олардың барлығына бірдей сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Мен құжат қабылдау қызметіндемін. Адам басында түрлі жағдай болады ғой, кейде 10-20 жыл бұрын сатып жіберген көлігін атынан шығарудың жолын іздеп келеді. Ал бірде көлігі іздеуге, тыйымға ілігіп қалып, шарасыз күйде келетіндер бар. Көпшіліктің көңілін табу қаншалықты қиын болса да, олардың мәселесінің шешілуіне, құжаттарының дұрыс жасақталуына бар күшімізді саламыз, – дейді Әсет Ғалымжанұлы.
Мұнда Әсет тәрізді жас мамандар жетерлік. Тиянақтылықты, мұқият болуды қажет ететін саланың бел ортасында, еңбектің қайнаған қазанында пісіп жүр. Әсет Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентіндегі №250 орта мектебінің түлегі. Жезқазған гуманитарлық колледжінде, университетінде білім алды. Ал 2021 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалында еңбек етіп келеді.
– «Таңертең жұмысқа, кешке үйге асыққан бақыт» дегенді естігенмін. Әзірге отбасылы емеспін, бірақ жұмысқа асығатындардың қатарынанмын. Мен осы жерге жұмысқа орналасқалы бері көп нәрсе үйрендім. Адамдармен араласа білу – осы ортадағы ең басты қажет қасиет. Жұмысымыз да сол – Арал мен Жаңақорған арасындағы азаматтардың қажеттілігіне жарап, оларға қызмет ету. Ата-анамыздан үйренген адамдық асыл қасиеттің төресі – кішіпейіл болуды жаныма серік еткенмін. Менің мақсатым – ата-анама ұят келтірмей, азаматтық болмысыммен туған елге қызмет ету, – дейді Әсет.
Иә, елге қызмет ету дегеніңіз «Мен – патриотпын!» деп ұрандатып, айғайлау емес және ол үшін міндетті түрде жауынгер болудың қажеті жоқ. Әркім өз саласы бойынша ел дамуына атсалысып, қоғамда белсенділігін көрсете алады. Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде сөзбен емес, іспен өзінің мықтылығын дәлелдеуді ойлаған Әсетке біз де сәттілік тілейміз!

Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!