ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «30 қайырымды іс», «Қайырымды істер марафоны» акциясы өткізілуде. Осыған орай облыста 450 іс-шара ұйымдастырылды. Оған 22 156 адам қамтылды. Сондай-ақ 6 584 адамға 91,7 млн теңгенің көмегі көрсетілді. Бұл туралы кеше Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Волонтерлар фронт офисінің жетекшісі Болатбек Айбенбетов мәлімдеді.
– Жыл соңына дейін 1000 қайырымды іс өткізуді жоспарлап отырмыз. Қайырымды істер марафон аясында «Халық» қайырымдылық қоры облыстағы жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 3000 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен бірге «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы, депутат Ә.Бекжановтың демеушілігімен Мақпалкөл ауылдық округінде 13 миллион теңгеге балаларға арналған ойын алаңы салынды. Облыстық мәслихат депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев қаладағы Ақмешіт 2 мөлтек ауданынында өзінің жеке қаражаты есебінен жасөспірімдер мен балаларға арналған ойын алаңын (7 миллион 900 мың теңгеге ) сыйға тартты. Қауымдастық «Арман ағашы» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі 2 адамға (800 000 теңге) мүгедектер арбасын сыйға тартты.
Бүгінде волонтерлар фронт офисының үйлестірілуімен қолданыста болған 2 мүгедектер арбасы, 4 балдақ, 1 ходунок берілді. Жыл басынан бері 5840 отбасына азық-түлік, 338 отбасына киім-кешек, 22 ардагерге әлеуметтік көмек, 31 отбасына компьютер табыстап, 100 отбасыға тұрмыстық жиһаз таратты. «Ел-Арай» қоғамдық коры тұрмысы төмен отбасына 17 тонна көмір таратты. Жұмсалған қаражат 285 000 теңге, жеткізу қызметі тегін ұйымдастырылды, әлеуметтік дүкеннен теледидар – 3 дана, киім-кешек – 500 келіге жуық, балаларға арналған қоларба – 2 дана, 100 дана ыдыс-аяқ, азық-түліктер берілді. «Зекет», «Ел-Арай», «Шын жүректен Қызылорда» «Жылы жүрек жастары» ҚҚ-мен бірлесіп, қала тұрғынының өртенген үйлеріне әлеуметтік көмек беріп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді.
– «Зекет» қайырымдылық қоры өңіріміздің жамағатымен бірлесіп, қалаға жақын орналасқан елді-мекенде тұратын аз қамтылған, мұқтаж 3870 отбасына азық-түлік себеттерін үлестірді. Арал ауданы, Сексеуіл кентінің тұрғыны Ү.Бегімовтің төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйі өртеніп кеткен болатын. Аудан еріктілері, кент тұрғындары, кәсіпкерлер қаржы жинап, 2 500 000 теңгеге үй алып берді. Қолма қол 1 500 000 теңге, үй жиһаздарына 600 000 теңге берді. «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы бастау алғаннан бері білім беру саласы белсенді атсалысып келеді. Оның ішінде мектеп оқушыларынан құралған еріктілер тобы үйден оқитын, ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға көмек көрсетуде, – дейді Болатбек Айтбенбетов.
Облыстағы орта арнаулы білім беру ұйымдары өз қаражаты есебінен аз қамтылған, тұл жетім, мүмкіндігі шектеулі, қамқоршылықтағы, көпбалалы отбасынан шыққан 12 студент – 100% оқу төлемінен босатылды. 13 студент – 50 %, 6 студент – 30 %, 24 студент – 20 %, 27 студент – 10 %, 71 студентке – 7 % оқу төлеміне жеңілдік берілді. Жеңілдік алған студенттер гуманитарлық, медициналық, кәсіптік-техникалық мамандықтар бойынша білім алуда.
Волонтерлар фронт офисінің бастамасымен өткізілген тағы бір шара 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында жүзеге асты. Мәселен, демеушілердің көмегімен облыс бойынша іс-шаралар өткізіліп, 4000-нан астам балмұздақ пен тәттілер тегін таратылды.
Бәйтерек м/а Баламекен елді мекенінде әлеуметтік жәрмеңке ұйымдастырылып, 200-ден астам тұрғынға әлеуметтік көмек көрсетілді. Бір айта кетерлігі, бұл шара 23-інші шілде күні Сабалақ саяжайында, 30 шілде күні Ягодка саяжайында ұйымдастыру жоспарланып отыр. 28 шілде күні жастар арасында қан берудің маңыздылығын ұғындырып, мұқтаж жандарға өмір сүруге мүмкіндік сыйлау мақсатында Қызылорда облыстық қан орталығында «Біз донормыз» атты қан беру акциясы ұйымдастыру жоспарлануда. Құрбан айт мерекесі қарсаңында облыс бойынша 1878 отбасына ет үлестірілді.
Бұл фронт офистің алты айда атқарған шараларының бір легі ғана. Бұдан өзге жарияға жар салмай, атқарып жатқан істері көп. Алдағы уақытта да қайырымдылық істерде еріктілер үлес қосады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!