25 қазан Республика күні және Қызылорда облысының 85 жылдық мерекесі қарсаңында «Pecha Kucha Kyzylorda. AI TRENDS» шарасы өтеді.

Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен  өтетін шараның ұйымдастырушылары −Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің кәсіпкерлік орталығы.

Pecha Kucha cөзі жапон тілінен енген, әңгімелесу деген мағынаны білдіреді. Бұл − презентациялар мен баяндамаларды ұсынудың ерекше форматы. Спикер 20 слайдтан тұратын жобасын ұсынып, әр слайдқа 20 секунд тоқталады. Осылай белгілі уақыт аралығында спикер өз тақырыбын толық түсіндіруі қажет. Аталмыш әдіс бойынша өтетін шара биыл «AI trends» тақырыбына арналады.

Жиын барысында Айболат Құлатай, Айдос Жетпісбай, Бибол Жакипбаев, Мақсат Әбді, Мақсат Есенов, Абай Тағыберген, Оралбек Абдуллаев  және Мұрат Туремуратов жасанды интеллект әлемінің жаңалықтарымен, трендтерімен бөлісіп, түрлі тақырыпта сөз тарқатады.

Шараның негізгі мақсаты  − жастарға жаңа технологиялар аясындағы  мүмкіндіктерді, IT бағыттағы жаңалықтар  мен тың идеяларды ерекше форматта ұсыну.

«Pecha Kucha Night  Kyzylorda» өңірде 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өткізілуде. Осы уақыт аралығында ерекше форматтағы басқосу 250-ден астам жасты қамтыды.

Қосымша ақпарат бере кетейік, Pecha Kucha  форматымен өтетін  «AI trends» тақырыбындағы  шара 27 қазанда «Бастау» бизнес орталығы, «Grand Plaza» мейрамханасында 17:30-да басталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!