Алтай мен Атырау арасындағы алып даланың түкпір-түкпірінен келген таланттардың жеңіске деген ұмтылысы шексіз. Бір-бірін басып озып, заңғар көкке қанат қағып барады. Маңдайдан шып-шып аққан терде есеп жоқ. Өйткені үміттін үкілеген қара орман елдің алдындағы перзенттік парыз бар. Бұл ой қазалылық жас Самат Болатұлын әрбір сайыс төріне шыққанда толғандырады. Кеудесіндегі буырқанған қазақы мінез оны қай сәтте де жеңіске жетелейді. Табандылық танытып, өзінің белесін бағындырып жүрген жас бүгінде Тасарықтағы білім ошағында ұстаздық етіп жүр. Бұрынғы өзі шыққан мінберлерге шәкірттерін жетелеп, қанатын қатайтуда.

Самат Болатұлы 1992 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Тасарық елді мекенінде дүниеге келген. Кішкентайынан «шынықсаң, шымыр боларсың» деп ширап өскен ауыл баласы спортқа бейім болды. Саламатты өмір салтын ұстанып, өзгелерге қарағанда дене іс-қимыл әрекетіне барынша ынталы болатын. Осылайша оның арманы биікке жетелей түсті. Спортта биік шыңдарды еңсеріп, ізінен мықты шәкірттер ертетін ұстаз болуды қалады. Иә, ол осы арманына жетті де.
«Алдыңа мақсат қойып, «міне, мен осыған жетемін» деп ынталансаң, расымен де дегеніңе жетесің. Алла тағала адамның басына орындалмас арман бермейді. Оның қабілетіне сәйкес, көтере алатын шоқпарды белге байлатады. Мектеп бітіргеннен соң мен осы мектепке мұғалім болып ораламын дедім. Сөзімде тұрдым. Қазір өзімнің шынашақтай сәтімнен білім алып, өскен ортамда мұғаліммін. Шәкірттерімді де, өзімді де шыңдап келемін. Білім беру саласына баса мән берілген, өзің балаларды оқытып жүріп, оқисың. Балаларды тәрбиелеп жүріп, тәрбие аласың. Өйткені заман көші көз ілеспес жылдамдықпен кетіп барады, ал біз ілесуіміз керек», – дейді Самат Жарболов жұмысын таныстырып жатып.
Самат білім ошағында ұстаздық ете бастағанда-ақ ұжымның арасында белсенділігін байқатты. Аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүрді. Сонымен бірге «Жігіт сұлтаны», «Алтын күз» сынды байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленді. Қазақ күресі аясында оқушыларды жаттықтырып, жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындарға қол жеткізген сәттері көп. Самат президенттік көпсайыстан ұстаздар арасында Батыс аймақтық, Алматы облысы, Жазқазған облыстарынан жүлделі I орындарды иеленіп, «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі», «Үздік спортшы», «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» сияқты куәліктер мен төсбелгі иеленді. Самат Болатұлына жеңіл атлетикадан «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат» атағы берілді.
«Спорт – таза еңбектің саласы. Сондықтан бұл жерде әділетсіздік, біреуге беріп жіберді, әділ болмады дегендей нәрселер некен-саяқ. Көзге ұрып тұрған жеңімпазды ешкім аяғын шалып, құлата алмайды. Білектің һәм жүректің күші керек. Біз әрбір баланың кеудесіндегі ұлттық рухты оятып, жігіттік намысты жанып жүріп, жарқын болашаққа бағыттаймыз. Сол арқылы олардың жеңіске деген ұмтылысы артады. Алдағы уақытта да біз шәкірттерді шыңға бағыттау жолында жемісті еңбегімізді жалғай түспекпіз. Ал бойда жігер барда, жеңіс әрқашан қолда екенін ұмытпауымыз керек», – дейді спортшы ұстаз.
Таудай талап пен бармақтай бағы үндесіп, кемел келешекке жол тартқан әрбір шәкірттің өмірлік ұстазы болады. Жеңіске қарай жол сілтеп жүрген Самат та көп шәкіртке осындай тұлға. Әне, ол спорт залына бет алды. Мұнда оны тағатсыздана тосып тұрған шәкірттері бар. «Өмір сүрудің мәні – біреуге керек екеніңді сезіну. Мәселен, отбасыңнан асып, қоғамның да қажетіне жарап, керек екеніңді сезіндірсең, сен – өмірден өз орныңда тапқан адамсың» дейді Самат Болатұлы.
Бәрекелді дестік!

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!