Қызылордалық көпбалалы ана Айман Әбдиеваның киімдері ерекше көзге түседі. Қазіргі таңда оның ұлттық нақыштағы бомберлері сұранысқа ие өнімдердің бірі. Бүгінде «Aiman Abdi QAZAQBREND» сән үйін ашып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
– Тапсырысты қаладан ғана емес, Қазақстанның түпкір-түпкірінен қабылдаймыз. Тапсырыс берушімен онлайн байналысып, дизайнға, өлшемге, матаға байланысты барлығын нақтылап аламыз. Қамзол, қажекей, бешпентке тапсырыс жиі түседі. Ұлттық киім заманға сай жаңа әдіс-тәсілмен тігіліп, өзіндік бұрынғы сюжеттік элементтерін жоғалтпауда. Өйткені дәстүрден ажырамай қадірлей білуіміз керек, – дейді тігінші.
Кейіпкеріміз бала күнгі хоббиі кәсіпке айналады деп ойламағанын айтады. Бала күтімімен демалыста отырған сәтінде тігінші танысы берген үш метр матадан балаларға арналған бірнеше қамзол тігіп, әрлеп көреді. Ұлттық нақыштағы дүниелер заматында-ақ өтіп кеткен. Осылайша болашақ кәсіпкердің алғашқы айналым қаражаты пайда болады.
– 2017 жыл болатын. Сол уақыттан бастап тұрақты тапсырыстың болғанына қарамастан қызығушылығымды кәсіпке айналдыруға асықпадым. Мамандығым – бухгалтер. Мамандығым бойынша жұмыс істей бердім. Тек екі жыл өткеннен кейін ғана кәсібімді ресми тіркедім. Оған дейін бизнесті жүргізудің қыр-сырын меңгердім. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы арқылы іскер әйелдер кеңесімен таныстым. Осы кеңес арқылы түрлі тегін курстарға қатысып, дамыдым, – дейді жас кәсіпкер.
Айман өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Бұл байқау кәсібін сенімді жүргізуге мотивация берген.
«Былтыр өңірлік байқаудың жеңімпазы ретінде республикалық кезеңге қатыстым. Жүлде алмасам да, өзге кәсіпкерлермен, тауар өндірушілермен таныстым. Сол жылы «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, сән үйіне ғимарат сатып алдым», – дейді ол.
Тігінші ұлттық киімдердің қолданыс аясын кеңейту үшін жаңа өнімдер әзірлеуде. Оның жоспары ауқымды.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!