Қызылорда облысында 15 наурызда ашылған Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығынан екі айда 105 адам кеңес алды.
Олардың басым бөлігі – қала тұрғындары. Орталыққа келген қыз-келіншектердің 38 пайызы кәсіппен айналысушылар, қалғандары жаңадан ісін ашуды жоспарлап отыр.
Кәсіпкерлер палатасындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова қыз-келіншектерге ментор болып, бағыт-бағдар беріп жатқанын жеткізді.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы – мықты жоба. Қазір кәсібін ашқысы келетін арулардың қатары артып келеді. Мысалы, Қызылорданың өзінде кеңес алған жүзден астам қыз-келіншектің 60 пайыздан астамы жаңадан іс бастап көрмек. Осы кеңес алған қызылордалықтардың арасында сауалнама жүргізу барысында кәсіптерін ашу, жетілдіру үшін арнайы оқыту курстарын ұйымдастыруды, соның ішінде SMM курсын оқытуды сұрады. Өткен аптада Кәсіпкерлер палатасының алаңында курс өткіздік. Аталған шараға қызылордалық қыз-келіншектерден бөлек, еліміздің басқа өңірлерінен онлайн қатысқандар да болды. Барлығы 45 адам оқыды», – дейді ментор.
Ментор курсқа қатысушыларға әлеуметтік желінің әлеуетін пайдаланып, кәсібін, өнімін таныстыру, насихаттау, тұтынушылар табу, жалпы SMM стратегиясын жасауды үйреткен. Алдағы уақытта курсқа қатысушыларды әрқайсысымен тәлімгерлер арнайы жұмыс істейді.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының мамандары жыл соңына дейін бірнеше оқыту курсын өткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін аймақтағы қыз-келіншектер орталыққа келіп немесе хабарласып, қызығушылық танытқан саласы бойынша сұраныс жасай алады.
Жалпы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы еліміздің барлық өңірінде ашылған. Жобаны Азия даму банкінің қаржылай қолдауымен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Атамекен» ҰКП жүзеге асырып жатыр.
Айта кетейік, аймақта кәсіппен айналысамын деген нәзікжандылардың Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығынан кеңес алына мүмкіндігі бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!