Суши, пицца, чикен секілді тағамдар көптің көңілінен шығып тұр. Әсіресе жастардың сүйікті асына айналды. Десек те нарық заманы болғандықтан асты таңдап һәм талғап ішетін болдық. Тұтынушы үшін тағам көңілден шықпаса, тамақтану орны құлдырайды деген сөз. Мұны аспаз Бекайдар Жылқайдар жақсы біледі. Қоғамның қажетін өз қолымен даярлайтын маманның тағамдары бүгінде сұранысқа ие. Оқырмандар үшін Double BB мейрамханасының асхана әлеміне саяхаттап қайттық.
Бекайдар асхана әлеміне кездейсоқ келмеген. Бозбала шағынан тағам әзірлеуге бейім болыпты.
– Шыны керек, аспаз боламын деп ойлаған жоқпын. Бітірген мамандығым да бұл салаға қатысты емес. Қазақ гуманитарлық заң колледжінде дизайнер мамандығын аяқтадым. Үй ішінде тамақ пісіргеніміз болмаса, о баста таңғалатындай дүние болмады. Оқуды аяқтаған соң «екі қолға бір күрек» деп қатарластарымызбен жаппай жұмыс іздей бастадық. Бұйырғаны Алатау рестораны болды. Мақсатымыз – уақытша нәпақа табу. Алғашқы жұмыс күні бас аспаздың жанында өтті. Аспаз Әзиз Бодыбай асхана әлеміндегі алғашқы ұстазым десем болады. Тағам әзірлеуге деген қызығушылығым сол кісіден басталды. Одан кейін елімізге танымал Василий Огай жанына ертіп, шәкірті болдық. Василий ұстаздың арқасында кез келген тағамды әзірлеуге машықтанып, бас аспаз мәртебесіне дейін көтерілдім, – дейді Бекайдар.
Кәсіби маманның ең алғаш даярлаған тағамы фаст фуд екен. Сол кезде тәжірибесі болмаса да Бекайдардың дайындаған асына тұтынушылар оң баға берген.
– Аспаздың ең бірінші тағылымдамадан өтетін тағамы – фаст-фуд. Қоғамның қажеттілігі саналатын, бургер, пицца, суши секілді тағамдар аспаз әлеміндегі алғашқы әліпбиім. Loft мейрамханасында фаст-фуд әзірлеуге машықтанып, келген қонақтарға қызмет атқардым. Айта кететін жайт, фаст-фудтың адам ағзасы үшін зияны көп деп жатамыз ғой, дегенмен бұл тағамдардың арасында сушидың пайдалы екенін айтқым келеді. Суши – ағзаға пайдалы, зиянды құрамдас бөліктері жоқ, калориясы төмен тағам. Шикі балықтан әзірлегендіктен, ішіндегі құрамы өзгермей, пайдалы дәрумендерін сақтайды. Құрамында калория мөлшері өте аз болады. Бір суши құрамында (50 г) 62-90 калория бар. Қорыта айтсам, бұл тағамда 5 есе көп денсаулыққа пайдалы дәрумендер мен минералдар бар. Суши жейтін адамдардың миы жақсы жұмыс істеп, ас қорыту жүйесі мен иммунитеті мықты болады. Сондықтан сушиді жиі пайдалануға кеңес беремін.
Аспаздан кеңес:
Сушиға қажетті заттар: күріш – 2 кесе, ақсерке (краб таяқшалары) – 100 г, нори – 2 дана, қияр (авокадо) – 1 дана, бамбук төсеніші, соя тұздығы. Алдымен 2 кесе күрішті салқын суға жақсылап шайып алу керек. Күрішті 30 минут салқын, таза суға қалдырып, екі стакан сумен ыдысқа қайнатамыз. Су қайнай бастаған кезде қатты отқа қою керек. Барлық су күрішке сіңгенше қайнатқан жөн. 20-25 минуттан кейін күрішке сірке қоспасын қосыңыз. Бамбук төсенішін дайындап, тамақ пленкасына ораймыз. Бұл күріштің төсенішке жабысуына жол бермейді. Стандартты нори парағын 2 бөлікке кесеміз. Сонда орамдар кішкентай болады, бұл өте ыңғайлы. Пісірілген нори парағын бамбук төсенішіне төмен қарай тегіс етіп қою керек. Оған күріш салып, кесілген қиярды саламыз. Жалпы балықты краб таяқшаларымен, ал қиярды авокадомен ауыстыруға болады.
Асханада ас әзірлеудің жауапкершілігі мен қиындығы көп екен. Тамақтың дәмді болуы жасаған адамның көңіл күйіне де тікелей байланысты болып шықты. Сондай-ақ аспаздар өз үйінде тағам әзірлеуге мұршасы болмайтын көрінеді.
– Әрине, тағам дайындаудың өзіндік қиыншылықтары жетерлік. Аспаз бәрін ішкі түйсігімен сезуі тиіс, кез келген адам аспаз бола алмайды, икемі, қызығушылығы болса ғана ісі өнеді. Сондай-ақ оның бойында жауапкершілік, тазалық және тағамға деген махаббат болу керек. Әсіресе тағамның барлық қоспасының сапалы болуына көп мән береміз. Шариғатымыз ас әзірлеудің өте маңыздылығын алға тартады. Егер әйел көңіл-күйсіз, ашу үстінде тамақ әзірлеген болса, күйеуі ол тағамды жемейтін болған. Сонымен қатар адал ас халал талаптарына сай болуы маңызды.Әр адамның талғамы әртүрлі. «Ас – адамның арқауы» дегендей, өз қолымыздан шыққан тағамды ішкен адамның көңілден шыққанын сезудің өзі ғанибет. «Етікші етікке жарымайды» демекші, жұмыстан тыс үйде тамақ дайындамаймын. Мереке аясында болмаса, көбіне анамның әзірлеген тағамын жейміз. 8 наурызда сыйлық ретінде тамақ дайындаймын, – дейді аспаз.
Әңгіме соңында аспазға қолқа салып, сұранысқа ие сушиді үй жағдайында қалай дайындауға болатынын сұрадық.
Зере ӘДІЛЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!